Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық таным-түсінік, салт-дәстүр сол халықтың мәдениетін жасайды, ол қоғамның өзгеруіне байланысты дамиды әрі жаңа тұрпатқа ие болып отырады. Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде қазақ халқының рухани байлығы толығып, халқымызға мирас болған мол мұрамыз толысып, жетіліп келеді.
Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялаған отыз жылдың ішінде көптеген мәселелер шешіліп, қазақы атаулар қалпына келе бастады. «Қазақы төлқұжатын» алғандардың қатарында көше атаулары бар. Бұл сала қазақ тіл білімінде - ономастика саласында қаралады. Халыктың әдет-ғұрып, тарихи дәстүрлері мен ономастикасының негіздері арасындағы байланыс екі проблеманы қарастырады: біріншісі, қоғамның белгілі тарихи даму сатысындағы (сол тарихи кезеңдегі қоғамдық ұжымда) атаулардың әлеуметтік саралануы; екіншісі, қазақы атауларының әлеуметтік даму үдерісін, оның тарихын әлеуметтік құбылыс ретінде қарау.
Егемендік жариялаған алғашқы жылдары көше атауларына қазақы атауын қайтару, жаңа атаулар беру, өзгерту мәселесіне қарсы болғандар да табылды. Дегенмен уақыт ондай келеңсіздіктердің барлығын өз орнына қоя білді. Себебі, көше атауларына мән беру мен оның ұлттық бет-бейнесін қайтару - бұл мемлекеттік дәрежедегі шешілетін шаруа еді.
Бүгінгі таңда Саран қаласының аумағы бойынша 240 көше бар. Оның 90% пайызы идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар. Қала атауларының қазақи көше атауларын сөз еткенде, бұрынғы атауларды ой елегінен өткізіп, басқа атаулармен салыстыра қарап шығуға тура келеді. Алғашқы кезде көше атаулары дұрыс сияқты көрінгенімен, талдай келгенде сол атаулар орнында қолданылып тұра ма, мақсат еткен ұғымды дәл білдіре ала ма деген сауалдар туындайды. Ұқсас атаулардың бір ұғым төңірегіне сыйып кететіндігі де кездеседі. Бұл мәселеге ден қойып қарауға бірнеше себептер болып отыр. Саран қаласының көше атаулары Кеңес дәуірі кезеңіндегі Арычная, Безымянная, Веселая, Вахтерская, Виноградная, Вишневая, Крайняя, Томатная, Фруктовая қызыл белсенділердің аттарымен аталған атаулардан, көз сүрініп, тілімізді бұрап сөйлеуге тура келеді.
Олай болса тіл білімінде, оның ішінде ономастика ғылымында көше атауларының грамматикалық, семантикалық және тағы да басқа тілдік деңгейлеріне назар аудару қажет. Себебі көше атаулары тіл мамандарының танымында жаңа атау болып табылады. Қала көшелеріне жаңа атау беру - кезекте тұрған шұғыл шаруалардың бірі. Қазақ елі отыз жыл ішінде өзінің тәуелсіз мемлекет екенін дүниежүзіне дәлелдеді, сондықтан бұрынғы қызыл коммунистік идеология мен қойылған атаулардан арылуымыз қажет. Қала тарихы, оның атаулары қазақ халқының тарихы және салт-дәстүрімен байланысты болады. Бұл ескірген, мән-мағынасы жоқ атаулардан арылып, төл атауларымызды толықтай қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуымыз керек.
Біріншіден, көшелерді жаңаша атау кезінде қазақ тіліндегі мағынасы мазмұнды, дыбысталуы көңілге де, құлаққа да жағымды атауларға мән берілгені жөн. Екіншіден, халықтық дәстүрді естен шығармауымыз керек.
Бүгінгі жаңа атау - ертеңгі мұра, халықтың бүгінгі тыныс- тіршілігінен хабар берер дүниелер. Ономастика саясаты ең алдымен мемлекет тәуелсіздігіне, ел мен жерді ұлықтауға қызмет етуі тиіс. Сонда ғана ата-баба мұрасы жаңғырып, ел мен жердің сәні кіріп, халқымыздың рухы күшейеді.
Ғалымдардың көрсетуінше, қала көшелеріне атау беруде (номинациялауда), қайта атауда (реноминациялауда) ұстанатын бір қағида бар, ол - семиотикалық (таңбалық) тәсіл. Бұл тәсіл арқылы көше, даңғыл, алаңдарға атау беру екі түрлі қағида бойынша жүзеге асырылады: демонстративті және меморативті. Демонстративті атаулардың негізгі ерекшелігі, халқымыздың тарихына, ділі мен дініне, салт-дәстүрімізге сәйкес келмейді. Оның мағыналық құрылымы, тұлғалық құрылысына тән өзіндік нормалары қалыптасып өткен ғасырда көшеге қызыл көсемдер мен революционерлердің атын беру (демонстративті атау беру) норма болып табылды. Қазіргі уақыттағы бұл саясат өзгеріп, Мәңгілік ел, Тәуелсіздік, Бостандық және т.б. атаулар, eң aлдымeн, Тәуелсіз еліміздің көpiнiciн, бeйнeciн cипaттaйды және тaңбaлaйды. Көше атаулары арқылы халқымыздың рyхaни дүниeсінiң жaңғыpып, өткеніміз қайтып, өшкеніміз жанды. Ұлттық бipлiк пeн бipeгeйлiктi тaнытaтын осындай ұғымдap өзгe тiлдepгe aлмacып, әлeм тaңбacын бeйнeлeyдe қoлдaныc тaпты.
Ал, меморативті атаулар тоқталатын болсақ, қазақ халқының арыстарының есімін ардақтау мақсатында көше атауларына беріледі. Мысалы, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Есет батыр, Ағыбай батыр, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Есет Көтібарұлы, өзіміздің Игілік би, А. Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, М. Мәметова, Ә. Молдағұлова М. Мамыраев, Қ. Аманжолов, және т.б. атаулар осының дәлелі бола алады. Дегенмен көшеге жаңа атау бергенде қолданылатын сөздердің мән-мағынасына назар аударып, сақ болған дұрыс деп ойлаймыз. Себебі адам есімдерінің қалыптасуына қатысты мифологиялық дәстүр өміршең болады, дәуірден-дәуірге, ғасырдан-ғасырға ауысып отырады, мифологиялық дүниетаным және оның сарқыншақтары адамзат қоғамы мен өмірінің барлық кезеңдерінде сабақтаса жалғасып, күні бүгінге дейін сақталған.
Осы орайда Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі Ұлы тұлғаларды ұлықтауға, моральдық тұрғыдан ескірген көше атауларына олардың есімдерін беру, ұлы тұлғаларымызды халыққа жете таныстыру мақсатында «Ұлыларды ұлықтау - ұрпақтар ісі» айдарын жүргізеді. Қала тұрғындары бұл айдарда қазақ халқының алып азаматттары, ғұлама ғалым, қажымас қайраткерлерді тағы да жан-жақты тани алады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау кең-байтақ аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр» деген болатын.
Олай болса кезінде көнеден келе жатқан дәстүрмен қойылған тарихи атауларымызды қалпына келтіру мәселесіне енді бүгінгі күннің көзімен қарауымыз қажет. Өйткені төл тарихымыз бен мәдениетіміз арқылы қазақ өркениетінің көшін ілгерілете алсақ, келесі ұрпаққа жарқын жүзбен қарай аларымыз анық.
Д. Жупенова,
«Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі» ММ тілдер жөніндегі бас маманы