ҮСТІМІЗДЕГІ ЖЫЛДЫҢ 5 ЖЕЛТОҚСАНЫНДА ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАДА ЖАС ДӘРІГЕР МАМАНДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ?
Орталық аурухана мамандарының айтуынша, биыл аталған мекемеге жалпы тәжіри бойынша 16 дәрігер, 4 медбике, 2 фельдшер және 1 фармацевт келген екен. Жас мамандарды қатарға қабылдау жиыны барысында олар берген анттарына адал болуға серт беріп, аурухана басшылығы тарапынан жас мамандарға стетоскопы бар тонометрлер, автоқаламдар мен блокнот секілді естелік сыйлтар табыс етілді.
Жас мамандар ем іздеп келген науқасқа көмек көрсетуге, құпияны сақтауға, еліміздің заңдарын мүлтіксіз орындауға көпшілік алдында сөз берді.
Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» дейді. Расында, жанын қоярға жер таппай қиналғанда өміріне араша болып, саулығы сыр бергенде емдеп-жазып жатса, науқас үшін бір бақыт емес пе? Адам өмірі мамандығы бұрылыстар мен құбылыстардан тұратын ақ халатты абзал жандармен тығыз байланысты. Өмірге Алланың қалауымен келсек, дәрігердің қолымен кіндігіміз кесіліп, анамыз бізді дәрігер көмегімен құшағына алды. Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі де осы ақ халаттылар. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни дәрігерлерге артылар жүк те жауапкершілік те ауыр. Алайда олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашасы болуға даяр.
Жауапты жұмысқа жаңадан кіріскен дәрігерлерді емхана ұжымы салтанатты түрде қабылдады. Жас мамандарды ардагер дәрігерлер құттықтап, өз ізгі-тілектерін жолдады. Емханадағы дәрігерлер ұжымы көптен бері босап тұрған қызмет орындарының жаңа мамандармен толыққанына қуанышты. Қалалық орталық аурухананы таңдап келген жастар дәрігер, медбике, фельдшер, фармацевт болып бүгін ресми түрде қызметтерін бастады.
«Бүгін ақ мундир киген жастарды қатарға қабылдап жатырмыз. Жалпы дәрігер деген ең адамгершілігі мол мамандықтың өкілі емес пе. Сондықтан оның бойында мейірімділік, еңбексүйгіштік, адалдық, тәртіптілік, достық, жылдамдық сияқты қасиеттер болуы керек. Жүрегінің қалауымен ауруханамызға келген жас мамандар өз таңдауынан жаңылмай, ұстаздарының лайықты ізбасарлары болады деп сенеміз, баршаға кәсіби қызметінде табыс, болашаққа сенім тілейміз! Өз жұмыстарын бастағалы білікті дәрігер екендерін дәлелдеп үлгерді. Ең бастысы өз мамандықтарына деген сүйіспеншілігінен айырылмасын», - дейді орталық ауруханының басшысы Иван Ермолаев.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Камила ОСПАНОВА