ЖЕЛТОҚСАН АЙЫНЫҢ 2 ЖҰЛДЫЗЫНДА САРАН ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «ЖЫЛ ОҚУШЫСЫ - 2022» ҚАЛАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ.
Ондағы мақсат – оқушылардың білім деңгейін арттыру, оларды білімнің әртүрлі салаларында дербес ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмысқа тарту, тұлғалық қабілеттерінің жаңа деңгейін қалыптастыру болды.
Жалпы «Жыл оқушысы» байқауы республикалық байқау. Қала мен аудандық конкурстарда жеңген оқушылар байқаудың облыстық деңгейіне өтеді, ал облыстан жеңімпаз атанғандары республикалық сайысқа жолдама алады.
Аталмыш байқау мектеп оқушыларын рухани-адамгершілік тәрбиелеу және қалыптастыру, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, оқушылардың зияткерлік дамуы, әр түрлі қызмет түрлерінде жоғары уәжді және дарынды оқушыларды анықтау, мектеп оқушыларының оқуға деген уәжін дамыту, конкурсқа қатысушылармен жұрт алдында сөз сөйлеуге, тыңдаушылардың алдында өздерінің нанымдарын қорғауға дағдылануы, дарынды балалар мен педагогтардың қауымдастығын қалыптастыру, мектептегі білімнің беделін арттыру сынды міндеттерді көздейді.
Қалалық байқауға Саран шаһарындағы мектептерден 6-11 сынып аралығындағы оқушылар қатысты. 6-7, 8-9, 10-11 сыныптардағы жастық топтар аралығында өткен байқау 5 турдан тұрды.
1 тур – таныстыру, 2 тур – эссе жазу, 3 тур – шешендік шеберлік конкурсы, 4 турда қатысушылардың конкурстың Ұйымдастыру комитетіне ұсынған портфолиосы қаралды. 5 тур – финал. Ақтық республикалық кезеңге төрт турдың қорытындысы бойынша алғашқы торт орын алған сыныптардың әрбір параллелінен конкурсқа 4-тен артық емес қатысушы шығады.
Ал қалалық «Жыл оқушысы - 2022» конкурсына шаһардағы жалпы білім беретін мектептерден 8 оқушы қатысты. Байқау жоғарыда атап өткеніміздей 3 жастық топтарға бөлініп өткізілді. Яғни, 6-7, 8-9, 10-11 сынып оқушылары арасында.
«Саран қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Дәурен Бейсенұлының айтуынша, 10-11 сыныптардан қала бойынша тек бір ғана оқушы қатысқан екен. Атап айтқанда, № 6 жалпы білім беретін мектептің 11 сынып оқушысы Асадуллаева Фарида. Басқа үміткерлермен болмағандықтан, ол облыстық кезеңде автоматты түрде өткен екен. Тек, бір айта кетерлігі Асадуллаева Фарида «Жыл оқушысы» атағымен емес, «Жыл таланты» номинациясымен марапатталды.
Ал 6-7 сыныптардағы жастық топтар арасында Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 6 сынып оқушысы Торғай Диас, 8-9-7 сыныптардағы жастық топтар арасында тағы осы мектептің 9 сынып оқушысы Мәулен Жанерке «Жыл оқушысы» атағын жеңіп алды.
Қалған қатысушылар номинациялар бойынша марапатталды. Мәселен, № 1 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Коломицева Елизавета «Жыл спортшысы» номинациясымен, 7 мектеп-интернатының 6 сынып оқушысы Алтынбек Зайытхан «Жыл патриоты» номинациясымен, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 9 сынып оқушысы Мәулен Жанерке «Жыл белсендісі» номинациясымен, № 1 мектеп – лицейдің 6 сынып оқушысы Раздобреев Андрей «Жыл спикері» номинациясымен, №16 жалпы білім беретін мектептің 9 сынып оқушысы Құсайынова Лунара «Жыл дарыны» номинациясымен, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 6 сынып оқушысы Торғай Диас «Жыл интеллектуалы» номинациясымен, 17 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Осуховская Кристина «Жыл музыканты» номинациясымен марапатталды.
Байқаудың әрбір финалисті диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Саран қаласының білім бөлімі барлық қатысушыларға, ата-аналарға, білім ұйымдарына, жанкүйерлерге байқауға белсене атсалысқандары үшін алғыс білдірді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА