ҚАЗАҚСТАН – БҮГІНДЕ БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕСІНЕ АЙРЫҚША МӘН БЕРІП ОТЫРҒАН ЕЛ. ҚОҒАМДА БАЛАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫС КӨП РЕТТЕ ОТБАСЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫҢ НАШАРЛЫҒЫ, АТА-АНАЛАРДЫҢ ЖАУАПСЫЗДЫҒЫ, БАСПАНАНЫҢ ЖОҚТЫҒЫ, ТҰРМЫСТЫҢ ТӨМЕНДІГІ, БАЛАЛАРДЫҢ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛУЫ СИЯҚТЫ ЖАҒДАЙЛАРМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ. БҰЛ ДЕРЕКТЕР ҚОҒАМНЫҢ, МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫН ТУҒЫЗУДА. СОНДЫҚТАН ОСЫ ІСТЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР МЕН ҚОҒАМНЫҢ БІРЛЕСКЕН КҮШ-ЖІГЕРІ ҚАЖЕТ.
Үстіміздегі жылдың 14 желтоқсанында Қарағанды облысы әкімдігінің ғимаратында қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлы Әліқұловтың төрағалығымен «Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қызметінің проблемалық мәселелері» атты селекторлық режимдегі облыстық семинары өткен болатын. Селекторлық режимдегі облыстық семинарға кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның төрағасы, Саран қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспанов және аталған қалалық комиссияның мүшелері де қатысты.
Бұдан бөлек аталған семинарға селекторлық режимде КТІжҚҚЖК өзге де қалалық және аудандық комиссиялары, ювеналды соттың, прокуратураның, полиция және қорғаншылық пен қамқоршылық органдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде өзекті деген бірнеше мәселе қаралды. Алдымен Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Д.М. Мутубаева семинарға қатысушыларды сотта істерді қарау барысында туындаған КТІжҚҚЖК қызметіне байланысты бірқатар проблемалармен таныстырып өтті. Сонымен қатар ол ювеналды соттың кәмелетке толмағандардың істерін қайтаруының себептері туралы да тілге тиек етті.
Одан соң Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы бөлімінің прокуроры Ә.Б. Сәрсембаева кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияны тексеру барысында туындайтын мәселелермен бөлісті.
Содан кейін Полиция департаментінің Жергілікті ролиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ф.М. Төлтаева кәмелетке толмағандарды мамандандырылған ұйымдарға жіберу бойынша полицияның сотпен және кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиямен өзара іс-қимылы және ата-аналарға өздерінің ата-аналық міндеттерін орындамауына байланысты шаралар қабылдау туралы айтты. Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда полиция бөлімдерінде есепте 486 кәмелетке толмаған (2021 жылы - 748) және 580 қолайсыз отбасы (2021 жылы - 580) тұрған көрінеді.
Ал Теміртау қаласының білім бөлімінің бас маманы Г.Н. Доброскок ата-ана құқықтарынан айыру және шектеу кезіндегі қорғаншылық органдарының әрекеттерімен, балаларды қолдау орталықтарына қалдырылған балаларды орналастыру алгоритмі туралы, қорғаншылық және қамқоршылық мамандарының алдында тұрған қиындықтар жөнінде таныстырып өтті.
Отырыста қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Семинар барысында қатысушыларға қойылған проблемалық сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік берілді. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта олардың жұмыс сапасын едәуір жақсартады деп күтілуде.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА