«Ұлттың тілі - сол ұлттың жаны, жан дүниесі.
Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыры сияқты.
Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?»
М.Әуезов.
Әр бір адам шыр етіп дүниеге келгенде, туған тілі ана сүтімен дариды, әке тәрбиесімен сіңеді. Өз ана тіліңді, өз ұлтыңды, өз салт дәстүріңді дәріптеп, қастерлеу керек екені белгілі. Әр ұлт, ұлт болып қалыптасу үшін ана тілін қадірлеу керек. Кез келген ұлт, кеудесінде жаны барда өз тілінің жер бетінен жойылып кетуіне жол бермейтіні хақ. Тіл әрбір елдің мақтанышы, абройы. Тіл деген ұғым бір ұлттың болашағы. Тіл болмаса ұлтта болмайды. Халық, ұлт болып қалу үшін тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Тіл өшсе, елде өшеді.
Расында да, халқымыз қанша қуғын сүргінді бастан кешіріп, елді тастап жер аударылса да, барлық қорлыққа төтеп беріп, өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана тілі ғана. Қазақ халқы қай елге, қай жерге барсада өз салт дәстүрін ұлықтап, тілін дәріптеп, өз ұрпағының ана тілін ұмытпауына мүмкіндік жасаған.
Ұлы ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов атамыздың «Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деген сөзі де – соның бір дәлелі. Өйткені, тіл ұлттың бар құндылығын, мұң-зарын, қуанышын жеткізетін құрал. Тіл мәселесі өте жан ауыртарлық мәселе. Қазіргі таңда қазақ тілін үйренем дегендер баршылық, бірақ ана тілді білмейтін қаракөз ағайындарымыз да аз емес. Отбасы шағын мемлекет деп бекер айтылмаған. Қай тілде сөйлеу отбасы ошақ-қасынан басталатыны белгілі. Мемлекеттік тілді дамыту барысында үкімет қатарынан көптеген іс шаралар жасалып жатыр. Ал енді біздің осы мұрамыз, алтын қазынамыз тілімізді сақтау жолы - отбасымызда өз ана тілімізде сөйлеп, ойымызды, армандарымызды, жоспарларымызды осы ана тілінде жеткізу болмақ. Әлемдегі елу елдің қатарына кіру себептерінің бірі осы біздің мәдениетіміз, тарихымыз және тіліміз екенін ұмытпағанымыз дұрыс. Демек біздің мемлекетіміздің болашағы жарқын, келешегімізде тіліміздің жойылмауына кепіл болу үшін, сауатты яғни қазақ тілін жақсы меңгерген ұл мен қыздар тәрбиелеуіміз керек. Әр азамат, әр ұлт өз тілінде сөйлеп, өз тілін көзінің қарашығындай сақтап, артынан ерген ұрпағына мұра қылып қалдыруы шарт. Тілімізді шұбарламай, тіпті болмаса өз ортамызда өз тілімізде сөйлесек қандай тамаша болар еді.
Осы ретте Саран қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оқып үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру, патриоттық сезімін ояту мақсатында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – ұлттың жаны» атты тіл мерекесі, «Тіл - достық пен келісімнің дәнекері» сенім сабағы, «Қазақ тілі – мемлекеттің негізі» филологиялық сағаты, «Тілдер патшалығы» ойын-викторинасы, «Дәуірдің жарық жұлдызы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілерде «Ана тілім – баға жетпес байлығым!» челленджі ұсынылды.
Тіл біздің бақытымыз болса, тілдің бақыты оның болашағының жарқын болуы, ұлтының оны қадыр тұтуында. «Ана тілі-халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» - деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, патриот азаматтың жүрегі қашанда тілі, ұлтты болып соғуы тиіс. Себебі, қазақ тілі - Республикамыздың мемлекеттік тілі. Қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза Әлі:
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп, тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! – деп жырлағандай, рухани қайта түлеу ана тілсіз мүмкін емес.
А. Мусина,
№3 КБ кітапханашысы