Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ӨТКЕН АПТАДА ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БӨЛІМІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БИЗНЕСТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖӨНІНДЕГІ «ПАРЫЗ-2022» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСҚАН ҚАЛАМЫЗДЫҢ КӘСІПОРЫНДАРЫН ҚҰТТЫҚТАП ҚАЙТТЫ.

Байқау еліміздің тұңғыш Президентінің бастамасымен 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 Жарлығымен «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша конкурс өткізу ережесі бекітілді. Ол халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.

Конкурс 4 номинациялар бойынша өткізілген болатын.

Біріншісі - «Үздік әлеуметтік - жауапты кәсіпорын». Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің кызметі қаралды;

Екіншісі - «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын». Бұнда еңбек кызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралды;

Үшіншісі - «Үздік ұжымдық шарт». Үшінші номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралды.

Ал «Экологияға қосқан үлесі үшін» атты төртінші номинацияда корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда неғұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген үміткерлердің қызметі қаралды.

Биылғы жылы аталмыш байқауға Саран қаласынан 3 кәсіпорын қатысқан-тын. Атап айтқанда, олар - «A. V. Group», «СКЭП», «Logistics logger» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

«A. V. Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша, ал «СКЭП» және «Logistics logger» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша қатысқан болатын.

Қарағанды облыстық сараптамалық жұмыс тобының шешімі бойынша «A.V. Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз деп танылып, Қарағанды облысы атынан конкурстың республикалық деңгейіне қатысты.

Үстіміздегі жылғы 15 желтоқсанда Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары аталмыш байқауға қатысып, әлеуметтік белсенділік танытқандары үшін жоғарыда аталған кәсіпорындарға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрі Тамара Дүйсенованың алғыс хаты мен Жұмыспен қамту бөлімінің атынан естелік сыйлықтар табыс етті.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ