Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДЕ ОТБАСЫ ИНСТИТУТЫН НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫП КЕЛЕДІ. ДЕГЕНМЕН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫ АЯСЫНДА КӨПБАЛАЛЫ, АЗ ҚАМТЫЛҒАН ЖӘНЕ ӨМІРЛІК ҚИЫН ЖАҒДАЙҒА ТАП БОЛҒАН ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕКТЕСЕТІН ОРТАЛЫҚТАР МЕН КЕҢСЕЛЕР ҚЫЗМЕТІНЕ ҚАРАМАСТАН, ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ӨЗЕКТІ БОЛЫП ОТЫР.

Өткен аптада Саран қаласының ішкі саясат бөлімі мен «Мир добра» қоғамдық ұйымының бірлесе ұйымдастыруымен «Саран қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларын шешу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу жөніндегі консультациялық, психологиялық қызмет (сенім телефоны)» жобасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша өткен алқалы жиында бүгінгі таңда барлығын толғандырып отырған отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес, оның алдын алу мәселелері талқыланды.

Дөңгелек үстелге Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы, Қарағанды облысы полиция департаментінің әйелдерді зорлық – зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Сәтбаева-Алпысбаева Гүлбану Ратайқызы, Қарағанды облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің, Саран қаласы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің, мемлекеттік органдар, қалалық кітапхана мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында Саран қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғалия Төртбаева атап өткендей, Қазақстан ІІМ мәліметінше, жыл сайын полицияға әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы 100 мыңнан астам өтініш келіп түседі екен. Бұл ретте әрбір екінші жағдайда жәбірленушілер оларға не үй тиранының өзінен, не басқа туыстарының тарапынан қысым көрсетілуіне байланысты қиянат жасаушыға арыз жазудан бас тартатын көрінеді.

Осы мәселені ескере отырып, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатқысы келеді. Ішкі істер министрлігінде атап өткендей, бұл мәселе баяғыда пісіп-жетілген және республикада мұндай жағдайларды қылмыстық сипаттағы санатқа жатқызуға бірнеше рет әрекет жасалған екен, бірақ кейін бәрі қайта қаралып, мұндай фактілер қайтадан әкімшілік құқық бұзушылық санатына қайтарылыпты.

Бұл фактілердің жартысынан көбі жұмысқа қабылданбаған, оған себеп - жәбірленушілердің полицияға арыз жазудан бас тартуы дейді олар.

Елдегі қолданыстағы заңнаманы ескере отырып, арызсыз полиция қылмыскерлерді жауапқа тарта алмайды. Нәтижесінде, жазасыздықтың салдарынан тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының саны жылдан жылға көбейіп, кейде одан да ауыр зардаптарға әкеледі.

Кездесу барысында сондай-ақ себептерді, осындай жағдайлардың алдын алу және болдырмау үшін уәкілетті органдардың  өзара іс-қимыл жасауы бойынша жұмыс әдістерін анықтай отырып, көрсетілген тақырып бойынша туындайтын мәселелер талқыланды.

Дөңгелек үстел барысында кездесудің қатысушылары қылмыстық қол сұғушылықтан әйелдердің құқықтарын қорғау бойынша қалыптасқан жағдайды шешудің жолдары туралы пікірлерін білдірді. Олар отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және болдырмауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруда пікірлер және тәжірибемен алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА