Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САНАУЛЫ КҮНДЕРДЕН СОҢ ЖАҢА 2023 ЖЫЛ ТӨРІМІЗГЕ ЕНГЕЛІ ОТЫР. АЛ ЖЫЛЫСТАП БАРА ЖАТҚАН ЕСКІ ЖЫЛДА АЙТАРЛЫҚТАЙ АЙШЫҚТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР ЖЕТЕРЛІК БОЛДЫ. ӨТІП БАРА ЖАТҚАН ЖЫЛДА ШАҺАР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БАРЛЫҚ САЛАСЫНДА ТҰРАҚТЫ ӨСІМ ҚАЛАПТАСЫП, ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ ДЕ ІЛГЕРІЛЕДІ.

Иә, тарих қойнауына тағы бір жылды тапсырып, Жаңа жылдың қарсаңында тұрмыз. Ал, Жаңа жыл – көпшілік асыға күтетін, таңғажайып әрі ең көңілді отбасылық мерекелердің бірі. Мереке қарсаңында Жаңа жылдың шырайын келтіріп, келбетін айшықтай түсетін жасыл шыршаның орнатылуын жұртшылық асыға күтетіні рас. Себебі шаһардың бас шыршасының шамын жағу – жаңа жылдық мерекеге деген дайындықтың белгісі.

Осындай қызықты да, көңілді мерекені қарсы алу рәсімі қаламызда дәстүрге айналып, 25 желтоқсанда сарандықтар шаһардың бас шыршасының шамын жағу рәсіміне куә болды.

«Сұңқар» стадионында орналасқан саябақ алаңында салтанатты түрде шырша шамдарын жағу мерекесіне қала әкімі Ержан Темирханов қатысып, алаңда жиналған жұртшылықты келе жатқан жаңа жылмен құттықтап:

- «Бүгiн баршамыз орталық алаңның сәнін кіргізіп тұрған шыршаның отын жағып, мерекелiк шараларды бастауға жиналып отырмыз. Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін, қуанышқа толы ең жайдары, келер күнге мол сенім артатын ерекше мереке.

Өздеріңіз куә болғандай, ғасыр жылнамасына енгелі тұрған 2022 жыл өзінің толағай табысы мен ырзық несібесін сыйлады. Санаулы күндерден соң жаңа 2023 жыл төрімізге енгелі отыр. Ал жылыстап бара жатқан ескі жылда айтарлықтай айшықты жаңалықтар жетерліктей болды.

Жалпы, Жаңа жыл мерекесi атқарған жұмысты қорытындылап, жаңа жоспар құратын кезең. Мен алдағы жылға да жоспарларымыздың үлкен екенiн айтқым келедi»,- дей келе, шаһар басшысы жиналған қауымға деген ақжарма тілегін жолдады.

Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін осында жиналыпты. Сондай-ақ бұл күні мерекенің басты қонақтары Аяз Ата мен Қар қызы да болды. Жұртшылықтың жүзінен мерекелік көтеріңкі көңіл күйді аңғаруға болады. Тіпті конькимен сырғанаймын дегендерге де жағдай жасалды. Себебі дәл осы күні қалалық мұз айдыны ашылды.

«Бүгін стадион алаңында біздің қаламыздың тұрғындары жиналып отыр. Олардың жүздерінен мерекелік іс-шараға байланысты көтеріңкі көңіл-күй көруге болады. Оның үстіне алаңның жаңа жылдық фигуралармен безендірілгені де мерекелік шараның барлық сән-салтанатын кіргізіп тұрғаны рас. Бұл өте жақсы», - дейді Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Тохметова.

Ауа райының салқындығына қарамастан, орталық алаңға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Олардың дені – Аяз ата мен Ақшақарды көруге асыққан балғындар. Ал, мұздан жасалған түрлі-түсті ертегі кейіпкерлері мен мұз қалашық егде жастағы жандардың да таңдайын қақтырды.

«Жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып жатқан жайымыз бар. барша Сарандықтарға ең бірінші денсаулық, бақыт, бірлік пен береке тілеймін», - десе қала тұрғындарының бірі, енді бірі: «Отшашу өте әдемі болды. Барлығымызға да ұнады қатты. Осы бір тамаша сәтті өткізіп алмау үшін, алаңға достарымызбен келген жайымыз бар. тамаша демалып жатырмыз», - деп, отшашудан алған әсерлерімен бөлісіп жатты.

Ал енді бір егде жастағы қала тұрғыны: «Құрметті сарандықтар, Жаңа жыл мерекесі баршаңызға құтты да берекелі болсын. Жаңа жылда жаңа табысқа жетіңіздер. Жақсы көңіл-күймен қарсы алыңыздар. Елімізге молшылық тілеймін.Міне, жаңа ғана құрметті облыс әкімі жаңа жылдық шыршаның шамын жақты. Барлығы қуанып жатыр. Тек жақсылықтар болсын», - деп жерлестеріне деген ақжарма тілектерін жеткізіп жатты.

«Бала тілі - бал» демекші, балдырғандарымызда да тілге тарттық. Жаңа жыл саған несімен ұнайды деген сұраққа: «Себебі Аяз ата бар бұл жерде. Ол бізге жаңа сыйлықтар мен жаңа ойыншықтар сыйға береді.

Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Барлықтарына мықты денсаулық, байлық, көп-көп ақша тілеймін», - деген әдемі жауап қайтарды кішкентай қала тұрғыны.

Шырша шамдары ресми іске қосылған соң, жергілікті өнерпаздар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама болды. Саран тұрғындары мен қонақтарының алдында «Килиманджаро» шоу-тобы, «Нұрлан мен Мұрат» тобы, Садриддин, Қарағанды қаласының «DJ  Eddie» мен МС Пышка, DJBurlyaev, сонымен қатар Айым Қанапиянова, Жазира асанова, «Realize» көше және заманауи би клубы, «Амадеус» би ансамблі сынды жергілікті танымал өнерпаздар өнер көрсетті.

Бұдан бөлек Ақшақар, жаңа жылдық Шартылдақ, Қарашаш сұлу, кішкентай шырша, Аяз атаның қолғаптары сынды қуршақтар мен басқа да ертегі кейіпкерлері алаңды думанға бөлеп, рәсімнің мәнін аша түсті.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА