Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ТРИЛИНГВИЗМ НЕМЕСЕ ҮШ ТІЛДІ ЖЕТІК МЕҢГЕРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ. ӨЙТКЕНІ ҚАЗІР БӘСЕКЕНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР. АЛ БӘСЕКЕДЕ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН ҮШ ТІЛДІ (ОДАН ДА КӨП ТІЛДІ) БІЛУ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ. ӨТКЕН ҒАСЫРДА ТРИЛИНГВИЗМ АНА ТІЛІН ТОЛЫҚТАЙ МЕҢГЕРУГЕ ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ БОЛСА, ҚАЗІР КЕРІСІНШЕ.

Себебі бірнеше тіл білетін адамның ойлау қабілеті жылдам болады, дарынды әрі тапқыр болады, есте сақтау қабілеті  жоғары болады, көп тіл білетіндерде ақылынан адасу дерті аз байқалады, олар орынды ойлайды, өзге тілдерді де еркін меңгереді, қоғамға тез бейімделеді, өзге мәдениеттің ерекшелігін түсіне біледі, шет тілін меңгергендер адам эмоциясын жақсы түсінеді, сонымен қатар, үш тілді еркін меңгерген адамның жұмыс табу мүмкіндігі жоғары болады. Бұл – психологтардың бірнеше жылдан бері екі-үш тілді білетін адам психологиясын зерттеп келген байқауларының нәтижесінде анықталған артықшылықтар екен.

Жуырда Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының ұйымдастыруымен үш тілді жетік меңгерген 14-29 жас аралығындағы қала жастары арасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Тіл шебері» атты қалалық байқауы өтті.

3 бөлімнен тұрған байқауда қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген білімді де талантты жастардың тәжірибелері ортаға салынып, білімдері сыналды.

І кезеңде қазақ тілі бойынша білімдері тексерілді. Бұл кезеңде әр қатысушыға Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне байланысты тақырыптар беріліп, қатысушы осы тақырыптың мазмұнын толық ашуға тырысты.

ІІ кезеңде қатысушылардың орыс тілі бойынша білімдері сарапқа салынды. Бұл кезеңде қатысушылардың әрқайсына қазақ тілінде Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты мәтіндер беріліп, олар берілген мәтінді қазақ тілінен орыс тіліне аударды бір айта кетерлігі, мұнда дайындалуға уақыт берілмеді.

Ал ІІІ кезеңде қатысушылар ағылшын тілін қаншалықты деңгейде меңгергендіктерін көрсетті. Бұнда олар арнайы ұяшықтардан өздері таңдап алған тақырып бойынша ағылшын тілінде мәлімет берді. Ал аталған ұяшықтарда биыл мерейтойлары тойланған танымал тұлғалар туралы қысқаша ақпарат берілген болатын.

Қатысушылар өздерінің білімдерімен ғана емес, сонымен қатар, тапсырманы орындау барысында өзіндік шығармашылық тәсілдерімен байқаудың көркін қызықтыра түсті.

- «Тіл шебері» байқауы Қазақстан Республикасының тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мұндағы мақсат жастардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру және үш тілді жетік меңгерген жастарды анықтау, оларға қолдау көрсетіп, тіл мәдениетін көтеру. Байқауға 14 пен 29 жас аралығындағы талапкерлер қатысып отыр. Бүгінгі байқаудың қалалық кезеңіне келген жастарымыз іріктеу кезеңінде оқ бойы озық шығып, өз білімдерін дәлеледеген кіл мықтылар, - дейді Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының басшысы Береке Жарылғапова.

Қазылар алқасының құрамы үміткерлердің білімдерін бағалау барысында тілді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен мазмұндылығына, жауаптың орамдылығына және толықтығына назар аударды. Нәтижесінде, бас жүлдені Роллан Айдарханов қанжығаласа, Аружан Абдикаримова 1 орынды, Алина Көпбаева 2 орынды, ал Жанерке Мәуленқызы 3 орынды иеленді.

- Бүгінде жастардың үш тілді жетік меңгеруі тиіс. Ең әуелі, өзінің ана тілін, сосын ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлей білсе, нұр үстіне нұр. Себебі, ол - заман талабы. Себебі, бірнеше тіл білу - адамның біліктілігін арттырып, байланыс орнатуына өте қажет, - дейді бас жүлде иеленген Роллан Айдарханов.

Жүзден жүйрік шығып, білім бәйгесінде оза шапқан байқау жеңімпаздары дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ