1992 ЖЫЛЫ 23 МАУСЫМДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСІ «ҚАЗАҚСТАН
РЕСПУБЛИКАСЫ ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАБЫЛДАДЫ. БҰЛ - ҚАЗАҚСТАН
ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ МЕН МІНДЕТІН АНЫҚТАЙТЫН АЛҒАШҚЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТ. АЛ 2007
ЖЫЛДАРЫ – 23 МАУСЫМ ПОЛИЦИЯ КҮНІ БОЛЫП БЕКІТІЛДІ.
Қазақстан полициясы күні – осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға,
ардагерлерге және бүгінде еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс білдіру күні.
Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз
өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады.
Ел тәуелсіздігі жылдары бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзетуде құзырлы сала
қызметкерлерінің еңбегі ерен. Күндіз–түні өз кәсібіне адал полицейлердің қоғам тыныштығын
сақтауда танытқан қырағылығы – кейде орны толмас өкінішке де әкеліп жатады.
Қалай дегенде де, өз кәсібін сүйген полицейлер әр күні жеке құрамның сапта түгел тұрып,
қатарларының ортаймағанын қалайды. Жауапкершілігі жоғары қызметтің жүгі де ауыр, әрине.
Бейбіт күнде ел тыныштығын күзеткен батырлардың ерлігін құрметтеп, жастарға
насихаттағанымыз абзал!
Тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі қарсаңында біз, оқырман қауымды, Саран қаласы
полиция бөлімінің құрылымымен таныстырып өтуді жөн деп санадық.
Иә, тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі қашанда қарбаласқа толы, үнемі
қауырт. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін
арқалау да оңай емес.
Қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаһарымыздағы аса
маңызды құрылымдардың бірі және бірегейі болып табылатын, Саран қаласының полиция
бөлімін полиция полковнигі Оспанов Ерлан Бітімбайұлы басқарады. Полиция бөлімі бастығының
орынбасарлары қызметін полиция полковнигі Балабеков Ерболат Тыныбекұлы, полиция
подполковнигі Ахметов Азамат Болатұлы, полиция подполковнигі Сабиров Сабит Мейрамұлы,
полиция подполковнигі Алшынбаев Қазыбек Елемесұлы атқарады.
Қызметі қауырт кезекші бөлімі
Кезекші бөлім – полиция бөліміндегі ең маңызды қызметтердің бірі. Ол жерде тәулік бойы
халықтан түсетін хабарламалар қабылданады. Ал бұл жердегі телефон нөмірі ешқашан өшірулі
немесе байланыс аясынан тыс жерде болмайды. Тәулік бойы тынымсыз жұмыс жасайтын
телефон желісіне бар болғаны үш – ақ саннан тұратын «102» нөмірін теру арқылы хабарласа
аласыз.
Полицияда, болған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы кезекші бөлімнің қызметкерлері
бірінші болып біледі, дәл осы адамдар жедел іс– шараларды одан әрі өткізу туралы дереу шешім
қабылдайды. Кезекші бөлім– бұл ең тәжірибелі полицейлер қызмет атқаратын – полиция
бөлімінің жауапты учаскелерінің бірі.
Мұнда ұсақ бұзақылықтан, бастап қылмыстық қылмыстарға дейінгі қала мен кент аймақтарында
болған оқиғалар туралы барлық қоңыраулар мен хабарламалар келіп түседі. Әрбір хабарлама
бойынша кезекші жедел тәртіппен, тиісті жұмысты ұйымдастырады: нарядтарды, жедел – тергеу
тобының оқиға орнына жолдаманы уақтылы және дұрыс бағдарлайды.
Бір сөзбен айтқанда кезекші бөлім, біздің полиция бөлімінің «ми орталығы» болып табылады
және қылмыстарды, кейде ауыр қайғылы оқиғаларды «ізін суытпай ашу» осы бөлім
қызметкерлерінің жеделдігіне байланысты.
Сондықтан да кезекші бөлімнің қызметкерлеріне қойылатын талаптар ерекше. Атап айтқанда,
жедел кезекші – әдептілік, кәсібилік, білім мен біліктілік және осы тектес басқа да жағымды
қасиеттерге ие болуы керек.
Полиция бөлімінің кезекші бөлімін полиция капитаны Ченгильбаев Нұрбол Серғазыұлы
басқарады.
Жұмысы қиын да,
қауіпті тергеу бөлімшесі
Тергеу ісі – инемен құдық қазғандай деп жатады. Бұл рас сөз. Өйткені, қылмыс болған жерге
бірінші болып барып, айғақтар жинау, ешкім көрмеген, ешкімнің ойына да келмеген себептерді
анықтау, қылмысты ашудың кілтипандарын іздеп табу, солар арқылы қылмыс жасағандардың
ізіне түсу, мүмкіндігінше ізін суытпай ашу – әркімнің қолынан келе беретін шаруа емес. Оның
барысында қаншама куәгерден жауап алынады, көптеген сараптама тағайындалады,
анықтамалар жиналады. Тергеушілер соның бәрін саралап, талдау жасап және жеке психологияға
сүйеніп, бір қорытынды шығарады.
Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін
арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым – қуыт оқиғамен өріліп жатады.
Сол себепті де, тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек. Ол – қылмыскерді іздеп тауып, олармен
бетпе – бет тілдесетін, бар кінәсін бұлтартпайтын айғақтармен мойындататын маман. Тергеуші
мамандығы сауаттылық пен білімділікті, ой ұшқырлығы мен төзімділікті талап етеді. Тергеушінің
негізгі қағидаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау. Ең алдымен адамның
жан дүниесін әбден біліп алуға міндетті. Ал тергеушінің түпкі тұтқасы – оның әдептілігі мен
кәсібилігі.
Ал енді осындай білім мен білік те, білек пен жүрек те, сабыр мен төзім де, әрі қажыр мен қайрат
та талап етілетін Тергеу бөлімшесін полиция подполковнигі Ахметов Азамат Болатұлы басқарады.
Табандылық пен тәуекелді талап ететін криминалдық полиция бөлімшесі
Криминалдық полиция бөлімшесін полиция подполковнигі Битенов Арман Бауыржанұлы
басқарады.
Ұйымдасқан қылмыс, есірткі бизнесі, экстремизм, жеке адамға қарсы қылмыстар, қарақшылық,
тонау, ұрлық, қылмыскерлерді іздестіру – бұның барлығы да криминалдық полиция қызметінің
бүгінгі қызмет саласы болып табылады. Криминалдық полиция бөлімшесінде жұмыс жасайтын
жедел уәкілдердің тіпті кәсіби мерекеде де демалысы жоқ, себебі ешбір қылмыскердің қылмыс
жасау үшін әдейілеп күн мен түнді, демалыс пен жұмыс күндерін таңдап жатпайтыны айдан анық.
Сол себепті де, із кесушілер мереке, демалыс күндері дегенді білмейді. Тіпті кейде олар түнгі
уақыттарын жұмыс уақытына алмастырып, тәтті ұйқының орнына, тынымсыз еңбек етуге де
мәжбүр.
Себебі жедел уәкіл үшін ең бастысы – өз жұмысына деген адалдық, ал бұл өз кезегінде оған
жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жұртқа жақын жергілікті полиция қызметі бөлімшесі
Саран қаласының полиция бөлімі көптеген қызметтерден тұрады. Олардың ішіндегі ең ірісі –
жергілікті полиция қызметі бөлімшесі болып табылады, ал бөлімше бастығы полиция майоры
Қозжанов Шоқан Уәлиханұлы.
Жергілікті полиция қызметінің құрамына учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция
тобының учаскелік инспекторлары, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы
кіреді.
Өз кезегінде жергілікті полиция қызметі азаматтардың жеке қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті
сақтауды, әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуды қамтамасыз етеді.
Әмбебап әкімшілік полиция бөлімшесі
Әкімшілік полиция бөлімшесін полиция майоры Висмурадов Муса Салманович басқарады. Бүгінгі
таңда Саран қаласы полиция бөлімінің әкімшілік полициясы құрылымына келесі топтар кіреді:
• азаматтық және қызметтік қаруды бақылау тобы;
• әкімшілік тәжірибе тобы;
• жол– техникалық инспекция тобы.
Осылайша, жоғарыда аталған әкімшілік полиция топтарының әрқайсысы күн сайын құқықтық
тәртіпті нығайтады және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жол амандығының сақшысы патрульдік полиция взводы
Патрульдік полиция взводын полиция капитаны Бегенов Медет Сағатұлы басқарады.
Полицейлердің басты міндеті қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, сондай– ақ жол
қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, азаматтарды жолдарда қылмыстық қол
сұғушылықтан қорғау болып табылады.
Полиция күні қарсаңында біздің полиция бөлімінің басқа қызметтері мен бөлімшелері
қызметкерлеріне алғыс пен құрмет сөздерін айтпай кетуге болмайды. Себебі полиция алдындағы
тұрған міндеттер тек осы қызметтер мен бөлімшелердің қызметкерлерімен тығыз
қарым–қатынас жасау арқылы ғана шешіледі.
Атап айтатын болсақ, олар полиция бөлімінің штабы, уақытша ұстау изоляторы, кадр саясаты
тобы, ақпараттандыру және байланыс тобы, ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы,
жедел–криминалистикалық топ, көші – қон қызметі тобы, тылдық қамтамасыз ету тобы, екінші
арнайы тобы және кеңсе қызметі. Аталған топтарсыз қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыс
жүргізу әсте мүмкін емес.
Учаскелік инспекторлар мен тергеушілер, жедел уәкілдер мен криминалистер, қатардағы
жауынгерлер мен офицерлер, ішкі істер органдарының ардагерлері!
Баршаларыңызды алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.
Алдын ала құттықтауымыздың да өзіндік себебі бар.
Неге десеңіздер, сіздер мен біздер тіпті төл мереке күнінде де өз посттарымыз бен бағыттарымыз
бойынша құқықтық тәртіпті сақтап, азаматтардың тыныштығын сақтау жолында қызмет ететін
боламыз — себебі бұл біздің жұмысымыз және қазақстандық полицейдің асыл міндеті болып
қала бермек.
Ендеше, мереке құтты болсын әріптестер! Біз әрқашанда қандай жағдай болмасын азаматтардың
құқығы мен бостандығын сақтауда өзімізге жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындап, мемлекет
саясатын қолдап, ел игілігі үшін қызмет ете беретін боламыз.
Ж. Джумашева,
Саран қаласының полиция бөлімі
Фото: Камила ОСПАНОВА
ҚЫРАНДАЙ ҚЫРАҒЫ ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ
- 438