ЕЛІМІЗ КӨНЕ ЗАМАННАН БЕРІ ҚАРАЙ САН АЛУАН МӘДЕНИЕТТЕР МЕН ДІНДЕРДІҢ ТОҒЫСУ МЕКЕНІ БОЛҒАН. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АУМАҒЫНДА БІРНЕШЕ ҒАСЫРЛАР БОЙЫ ТӘҢІРШІЛДІК, ЗОРОАСТРИЗМ, МАНИХЕЙЛІК, БУДДИЗМ, ХРИСТИАНДЫҚ, ИСЛАМ СИЯҚТЫ ӘРТҮРЛІ НАНЫМДАР МЕН СЕНІМДЕР БЕЙБІТ, ҚАТАР ӨМІР СҮРГЕН. ЯҒНИ ЕЛІМІЗ ТОЛЕРАНТТЫЛЫК ИЕН КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ҮЛГІСІ БОЛҒАНЫН ОСЫ ДЕРЕК АЙҒАҚТАЙДЫ.
Алайда уақыт өте еліміздің осы кең пейілділігін, еркіндігін пайдаланып, мысық тілеу миссионерлер мен түрлі радикалды ұйымдардың өкілдері көбейді. Олар елімізге дендеп кіріп қана қоймай, қатарына оң мен солын білмейтін жастарды, сенім іздеп адасқан жандарды қатарына тартуға күш салды.
Сондықтан конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің нығаюы үшін, діннің біріктіруші, рухани тұрғыдан құрушы фактор есебінде рөлінің күшеюі үшін діни мәдениет пен діни сананы қалыптастыру мақсатында мемлекетімізге осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттілігі сезілді. Елімізде экстремистік және террорлық әрекеттерге қарсы пәрменді жұмыстар жүргізуге арналған тиісті заңнамалық және институционалдық тетіктер жасақталып, мүдделі мемлекеттік органдар өз құзіреттеріне сәйкес іс-шараларды жүзеге асыруға кірісті.
Осы орайда тиісті органдардың мұрындық етуімен еліміздің түпкір-түпкірінде теріс ағымдардың кең қанат жаюының алдыну мақсатында жұмыс жасайтын облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі Дін мәселелері бойынша арнайы ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған болатын.
Шыны керек «Жусан» операциясы арқылы Сирия асқан мыңдаған адасушыларды елімізге қайта әкелген соң және өз елімізде жүріп-ақ «рухани азық іздеймін» деп өзге ағымдардың арбауына түскен жандармен дұрыс жұмыстар жүргізіп, райынан қайтару үшін арнайы даярланған, сауатты мамандар қажеттілігі анық еді. Осындай мамандарды қалыптастыруды көздеген «Дін мәселелері бойынша арнайы ақпараттық-түсіндіру топтарының» жұмысы да маңызды еді. Осы орайда жүргізіліп отырған ауқымды ақпараттық, ағартушылық, түсіндіру жұмыстарының арқасында бүгінгі күнде қоғамымызда шынайы дін мен теріс діни ағымдардың аражігін ажыратата алатын және діни радикализм мен экстремизмді қабылдамайтын сана қалыптасты десек артық емес.
Үстіміздегі жылғы 12 желтоқсанда Саран қаласының мәдениет үйінде дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті.
Семинар «Ақпараттық – түсіндіру жұмысының жаңа нысандары мен әдістері» тақырыбында өтті. Алқалы жиынға Қарағанды облысының Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау орталығының басшысы Тілекбаев Серік Қуатұлы, Қарағанды облысының Жергілікті діни бірлестіктер клубының модераторы Полтаренко Дмитрий Сергеевич, Саран қаласының қалалық ақпараттық тобының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Өткізілген семинардың басты мақсаты - қала тұрғындары арасында дін саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мамандардарға уақыт талабына сай үгіт–насихат жұмыстарының жаңа әдіснамалық құралдарын таныстыру болды.
Семинар барысында дін саласындағы ақпараттық топтардың қызметі, мақсаты бұқарамен байланыс мәселелері, өткізілетін іс-шаралардың тақырыптарын таңдау, АТТ мүшелері жұмысының жаңа әдістермен жаңғырту мәселелері, сондай-ақ дін саласындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің психологиялық және мазмұндық аспектілері талқыланды.
Қарағанды облысының Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау орталығының басшысы Серік Тілекбаев өз сөзінде, дін саласындағы заңнамалар мен құқықтық құралдарды халыққа тиімді және түсінікті тілде жеткізу, әсіресе қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілік мәселелерін неғұрлым дәл және қарапайым түсіндіру идеясы маңызды екенін атады. Сондықтан, қазіргі қоғамның жаңа трендтерін ескере отырып, жастармен жұмыстың жаңа әдістері мен нысандарын үнемі жетілдіру қажеттілігі өткір мәселе болып отырғандығын Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау орталығының басшысы ерекше атап өтті.
Қарағанды облысының Жергілікті діни бірлестіктер клубының модераторы Дмитрий Полтаренко өз сөзінде бүгінгі күні азаматтардың көпшілігі дінге қатысты ақпаратты тек ғаламтор желісінен алу арқылы көбіне деструктивті діни ағымдардың құрығына ілініп жатқанын аңғармай қалатынын атап, дін тақырыбында кәсіби мамандар емес, әрбір желі қолданушылары пікір айту тренді адасудың алғышарты деді. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің ғаламтор мен әлеуметтік желілерде де белсенді болуы мен қандай бір діни тақырып пен оқиғаға байланысты жедел реакция беруі уақыттың талабы болып отырғанына мән берді.
Сонымен қатар, Дмитрий Сергеевич деструктивті діни ағымдар идеологиясына қарсы іс-қимылда АТТ мүшелерінің шешендік шеберлігін күшейтудің, сөз сөйлеу тоналдылығының, әрбір іс-әрекетті жоспарлаумен және мақсатты аудиторияға бағытталған бағдарламалау әдісін қалай ұтымды пайдалануға болатындығын көрсетіп өз тәжірбиесімен бөлісті.
Іс-шараны қорытындылай келе, Қарағанды облысының Жергілікті діни бірлестіктер клубының модераторы Дмитрий Полтаренко жалпы қоғам үшін де, діни тақырыпқа қызығушылық танытқан жеке азаматтар үшін де әсер ететін жаңа трендтерді ескере отырып, дін саласындағы мамандардың білімі мен дағдыларын жүйелі түрде жаңартудың маңыздылығын атады. Және қоғам мен дін саласындағы саясат ұштасқан тұста бүгін туындап отқан басты мәселе «жастар арасындағы» діни деструктивті рекруттың дамуы екенін атап, сәйкесінше аталған мәселеге байланысты «жастармен» ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізе алатын мамандар легін даярлау күн тәртібіндегі мәселе екендігіне назар аударды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор