Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

МЕРЕКЕ ЖАҚЫНДАҒАН САЙЫН БАЗАРЛАР МЕН КӨШЕ БОЙЫНДА ОТШАШУ САУДАСЫ ҚЫЗА ТҮСЕДІ. КӨПШІЛІК ОНЫҢ БАҒАСЫНА ҚЫЗЫҒЫП, САТЫЛУҒА РҰҚСАТЫ БАР МА, ЖОҚ ПА, ОҒАН ҚАРАМАСТАН САТЫП АЛЫП ЖАТАДЫ. СЫРТЫ ӘДЕМІ БОЛЫП КӨРІНГЕН ӨНІМДЕРДІҢ ҚАУІПТІЛІГІ БАРЫН ҰМЫТЫП КЕТІП ЖАТАДЫ.

Саран шаһарында жаңа жылдық мереке қарсаңында төтеншеліктер мен полиция қызметкерлері петард және пиротехника өнімдерін заңсыз сату деректерін анықтау үшін қаладағы сауда орындарына рейд жүргізді. Мақсат – тауардың талапқа қаншалықты сай келетінін тексеру.

Өкініштісі, саудагерлер арнайы рұқсаттаманың жайына назар аудара бермейді, ережені сақтамайды. «Ал бұл өз кезегінде жауаптан жалтаруға, оқыс оқиға бола қалса, басын алып қашуға себеп», - дейді мамандар.

Ең қиыны да сол, базарларда толып тұрған мұндай пиротехникаларды сатуға саудагерлердің рұқсат қағаздары болмай жатады. Сертификатсыз өнім қашанда сапасыз.

Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімі қалалық полиция қызметкерлерімен бірлесіп өткізген рейд жұмыстары кезінде саудагерлерге ескерту жасалды. Келесі жолы ережені елемегендерге айыппұл салынатын да жеткізді мамандар.

Ал басты мақсат – қауіпсіз жаңа жыл дейді төтеншеліктер. Тіпті аталған тақырып бойынша Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Сергей Анищенко жуырда брифинг өткізген болатын.

Брифинг барысында Сергей Сергеевич Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында азаматтарымызға мерекелік іс-шараларды өткізу кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтау туралы үндеуін жолдады.

«Дәл осы кезеңде өрттің шығуына ықпал ететін қосымша жағдайлар туындайды. Мереке күндері дәстүрлі түрде барлық жерде іс-шаралар өткізіледі, халық белсенді демалады, мерекелерге арналған пиротехникалық бұйымдарды, гирляндаларды, иллюминацияларды сатып алады. Дәл мереке күндері электр және әртүрлі пиротехникалық бұйымдарды пайдалану өрттің, күйіктердің және адамдардың жарақаттану ықтималдығын арттырады. Қазір отандық және шетелдік өндірушілер шығарған әртүрлі мақсаттағы, әрекет ету режимі, шихтаның көлемі мен массасы бойынша пиротехникалық бұйымдардың айтарлықтай саны сатылуда. Пиротехникалық бұйымдарды бақылаусыз сату және оларды өрт қауіпсіздігінің қажетті шараларын сақтамай пайдалану көптеген өрттерге, жарақаттарға, тіпті өлімге әкеліп соқтырады. Сондықтан қала тұрғындарынан барлық сақтық шараларын сақтауды өтінемін», - деген болатын брифингте сөйлеген сөзінде Сергей Анищенко.

Осы және өзге де өрт қауіпсіздігінің алдын алу шараларымен таныстырған Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің инспекторы, азаматтық қорғаныс лейтенанты Әлішер Аманбеков тексерістің әлі де күшейе түсетінін айтады. Өйткені, тілсіз жаудан зардап шегіп, тіркелгендердің саны азаймай тұр.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор