Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЖАҢА ЖЫЛ - БАЛАЛАР ҮШІН ӘЛЕМДЕГІ ҚУАНЫШҚА ТОЛЫ, ЕҢ ҒАЖАЙЫП МЕРЕКЕЛЕРДІҢ БІРІ. ОЛАР ЖАҢА ЖЫЛДАН ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТЕДІ. ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША - ЖАҢА ЖЫЛ МЕЙРАМЫНЫҢ НЕГІЗГІ НЫШАНЫ. ӘЛЕМНІҢ КӨПТЕГЕН ХАЛЫҚТАРЫ ТОЙЛАЙТЫН ОРТАҚ МЕРЕКЕНІҢ ТАРИХЫ ДА ӘРТҮРЛІ. БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ДЕ БҰЛ МЕРЕКЕНІҢ ОРНЫ БӨЛЕК.

Әсерлі қойылыммен өріліп, түрлі сый-сияпаттармен толығатын балалардың дәстүрлі тойы-думаны Саран шаһарында биыл да ерекше мағынада өтті. Қала әкімінің жаңа жылдық шыршасына барлық мектептерден жиналған балдырғандар қатысты.

Қалалық мәдениет үйінің екінші қабатындағы фойеде өткен әкім шыршасы 4 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімі таңғы сағат онда, екіншісі он екіде, үшіншісі түскі сағат үште, ал төртінші соңғы бөлімі түс ауа сағат төртте өткізілді. Мәдениет үйі балалар үшін жаңалық пен жұмбаққа толы таңғажайып ертегілер мекеніне айналды.

Жаңа жылдық мерекелік іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасының балалары, ерекше жағдайдағы балалар мен білім, өнер, спортта жетістікке қол жеткізген талантты да дарынды оқушылар қатысты. Жаңа жылдық шырша Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістері әзірлеген қойылыммен басталды.

Қызықты кешке жиналған балалар Жаңа жылдық шыршаның басты қонақтары Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетіп, керемет сыйлықтарға ие болды. Ертегілік персонаждар, жаңа жылдық көріністер мерекенің көрігін қыздырып, қатысушыларды ерекше әсерге бөледі.

Әкім шыршасында Аяз ата, Ақша қар мен Алиса, Чешир мысығы, Қоян, Мысық, Қызыл ханшайым сынды мифтік кейіпкерлер жиналғандардың көңілін серпілтті. Шырша тойы әртүрлі кейіпкерлер қатысқан музыкалық композициямен өріліп, думанға айналды. Сахна төрінде әсем әндер айтылып, көз тартар көрініске толы қойылымдар орындалды.

Қала әкімі Ержан Темирханов барша бүлдіршіндерді жаңа жылдық мерекемен құттықтады.

«Қымбатты балалар, бүгін Сіздер, қаламыздың басты жаңа жылдық шыршасын мерекелеу үшін әр мектептен жиналдыңыздар. Бұл аға-буынның өздеріңіздей өнегелі өскелең ұрпаққа көрсеткен құрметі.

Бұл күні әр баланың арманы мен тілектері орындалып, әр бала мереке қуанышына бөленуі тиіс, әр бүлдіршіннің жүзінен қуаныш пен шаттық лебін көрсек, атқарған ісіміздің зая кетпегені деп санар едік», – деген жүрек жарды лебізін жеткізді Ержан Оралұлы.

Мерекелік іс-шара жаңа жылдық шыршаны айналып, жаңа 2023 жылға ерекше көңіл күймен қадам басты.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА