Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

БИ - ЕЖЕЛДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН ӨНЕР ТҮРІ. БИ ӨНЕРІ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУ ЖҰМЫСЫНДА МАҢЫЗЫ ЗОР. БИ ТЕК ҚАНА ӘСЕМДІК ҮШІН ҒАНА ЕМЕС СОНЫМЕН ҚАТАР, БАЛАЛАРДЫҢ ДҰРЫС ӘРІ ӘДЕМІ ҚОЗҒАЛУЫНА, ӘСЕРІН ТИГІЗЕ ОТЫРЫП, ДЕНЕГЕ ИКЕМДІК СЫМБАТ БЕРЕДІ. ЖАЛПЫ АЙТҚАНДА, БИ – БҰЛ ДЕНЕ ҚИМЫЛЫНЫҢ ПОЭЗИЯСЫ.

Жуырда Алматы шаһарында мың бұралып билеген Шараның шәкірттеріне арналған III Республикалық «DANCE BATTLE» бишілер байқауы өткен болатын. Аталмыш республикалық өнер додасына Саран қаласының Балалар өнер мектебінің «Қыран» ансамблі қатысқан-тын.

Балалар өнер мектебінің хореография бөлімінің оқытушысы Санархан Асылбектің жетекшілігіндегі «Қыран» ансамбілінің шәкірттері республикалық байқаудан білдей екі аталым бойынша жүлделі оралды. Онда «Қыран» ансамбілінің бишілері – «Қазақ биі, мәнерлі Қазақ биі» жанрында «Самал жел» биін орындап, 1 орынды қанжығаласа, «Халық биі, мәнерлі Халық биі» жанры бойынша «Балбырауын» және моңғол биі «Еркіндік» билерін орындап жүлделі III-орынды иеленді.

«Бұл байқауға мықты би ансамбльдері жиналған. Тіпті, кәсіби мамандар да қатысты. Жалпы, біз барлық күш-жігерімізді салып, дайындықпен бардық. Байқауда біздің билеріміз ұлттық бояу, халықтық нақышымен есте қалса керек-ті. Сонысымен де репертуарымыз қазылар алқасы мүшелерінің көңілінен шығып, білдей екі аталымда жүлдемен оралып жатқан жайымыз бар», - дейді би ансамблінің жетекшісі Асылбек Санархан.

Аталмыш байқау Қазақстан Республикасының ең жарқын, дарынды балалары мен шығармашылық ұжымдарын ашуға бағытталса керек-ті. «Қыран» ансамблінің бишілері жарқын, үлкен дипломмен және медальмен марапатталса, аталған ансамбльдіңң жетекшісі Санархан Асылбекке Алғыс хат табысталған екен.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ