Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Мұғалім-мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс.

«Жақсы адам-Алланың нұры» дейді. Жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен  сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздарымыздың бірі-Қарағанды облысы, Саран қаласы, Ақтас кентінің №16 ЖББмектебінің бастауыш сынып ұстазы Шарипбаева Бибайша Налибаевна ұстазымыз туралы айтқалы отырмыз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме, осындай ұстазбен кездестірген, тоғыстырған тағдырға ризашылығымызды білдіреміз.

Мектебімізде 20 жылдан артық қызмет жасап, талай балаларға қалам   ұстатып, әріп үйретіп, балаларға білім нәрін сусындаттырды. Қазіргі таңда, мектебіміздің қадірлі де, қымбатты ұстаздарымыздың бірі. Желтоқсан айының 27 ші жұлдызы күні мектебімізде  Шарипбаева Бибайша Налибаевна жетекшілігімен  1 «Ә» сынып оқушыларына «Рахмет саған, Әліппе!» атты кеш өткізді. Кешімізге мектеп директоры Ускенбаева Шынар Садвакасовна, сонымен қатар,  ата аналар қатысты. Кешіміз жоғары деңгейде өтті. Балалар тақпақтар айтып, жыр-шумақтарынан шашу шашып,   балаларға сыйлықтар таратылып, шат -шадыман көңіл-күймен қайттық. Ұстаз-ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі өте зор екеніне көзіміз анық жетті! Бала-тал, топырақ-мектеп, жаңбырдың тамшы нәрі-білім тәрізді. Осы үшеуінің ортасындағы дәнекеріміз ұстазымызға Шарипбаева Бибайша Налибаевнаға аналық жүрегіммен алғысымды айтамын!

Халқымыз ерте заманнан әндері мен күйлерін, асыл мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, көзінің қарашығындай сақтап келген. Халық қазынасы ол домбыра. Сонымен қатар, Шарипбаева Бибайша Налибаевна ұстаздық қызметімен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыруда,  домбыра үйірмесінде қызмет жасап, жас домбырашыларды дайындаудағы үлесі өте зор.  Балаларға домбыра тартуды, күй шертуді, ән айтуды үйретіп қана қоймай, талай жарыстарда бақтарын шыңдауда. Үйірмесіне қатысқан балалары шетінен өнерлі, бірнеше көркемөнерпаздар  байқауларында жүлделі орындармен оралуда!

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталар болсам, мұғалім мектептің жүрегі, шәкірттерінің шырағын жағушы жалын иесі. Аналық жүрегімізбен, ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, өте мейірімді, ақкөңіл, сүйікті де сүйкімді білікті ұстазымыз Шарипбаева Бибайша Налибаевнаға мәртебеңіз асқақтап, абыройыңыз арта берсін дегіміз келеді! Біліммен баулып, биікке ұшыратын оқуда озат оқушыларыңыздың көп болуына тілектеспіз. Осындай ұстазымызды мақтан етеміз, ұстазымызбен мақтанамыз! Ұстаз, сізге мың алғыс!

№ 16 ЖББМ 1 «Ә» сынып ата-аналары