Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

САРАН ҚАЛАСЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОҚЫТАТЫН БІЛІМ ОШАҚТАРЫНЫҢ ҚАТАРЫНА ТАҒЫ БІР МЕКТЕП ҚОСЫЛМАҚ. БІЛІМ ҮРДІСІ ТАЗА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖҮРГІЗІЛМЕСЕ ДЕ, ҚАБЫРҒАСЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОҚЫТАТЫН МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚ СЫНЫБЫ МЕН БІРІНШІ СЫНЫП АШЫЛҒАН № 6 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІ БҰДАН ӘРІ ОРЫС МЕКТЕБІ ЕМЕС, АРАЛАС МЕКТЕП БОЛЫП САНАЛМАҚ.

Бұл көңілді қуантарлық жаңалық Саран шаһарының 1 «А» шағынауданы мен «Горняк» шағынаудандарында тұратын ата-аналардың тұрып жатқан жерлеріне жақын маңда орналасқан мектептен қазақ сыныптарын ашып беру туралы сұраныстарымен байланысты болып отыр. Себебі аталған шағынаудандарда тұратын даярлық сыныбы мен бастауыш сыныптарда оқитын мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары үшін әсіресе қыз мезгілінде қаланың қақ ортасында орналасқан таза қазақ тілінде оқытатын жалғыз ғана мектепке келу біршама қиындықтар туғызса керек-ті. Бұл бірінші себеп. Ал екіншісі - осы тектес орыс мектептерін оларда қазақ тілінде оқытатын сыныптар аша отыра, біртіндеп аралас мектепке айналдырып һәм сол арқылы мемлекеттік тілдің даму деңгейін арттыру дейді білім саласының өкілдері.

Міне осылайша, үстіміздегі жылдың 9 қаңтарында бұған дейін тек орыс тілінде білім беріп келген №6 жалпы білім беретін мектепте алғаш рет қазақ сыныптары ашылды. Аталмыш білім ошағындағы мемлекеттік тілде оқытатын бірінші сынып пен мектепалды даярлық сыныбының салтанатты ашылу рәсіміне Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев, «Аманат» партиясы Саран қалалық филиалының атқарушы хатшысы Нұргүл Тәжібаева, қалалық мәслихат депутаты Жанбол Жаяубаев, қазақ тілінде оқытатын сыныптарды ашу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі және бүгінгі таңда қалалық қоғамдастықтың ең белсенді өкілдерінің бірі һәм берегейі болып саналатын Береке Жарылғапова, «Ақ жол» партиясынан Саран қаласы мен Ақтас кенті бойынша жетекшісі Тамара Щеголева, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы Саран қалалық филиалының төрағасы Гүлзият Ханафина, Саран қаласы ішкі саясат бөлімінің маманы Айдана Тәнірберген, Саран қаласы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Дәурен Бейсен, Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлден Иманкулова,  білім бөлімінің әдіскері Сәулеш Шаймұрат қатысты.

«Құрметті балалар мен ата-аналар! Бүгін барлықтарыңыз үшін өте ерекше күн. № 6 жалпы білім беретін мектептің қабырғасынан мектеп алды даярлық және бірінші сыныптар ашылып жатыр. Сондықтан да, осы мектептің табалдырығын алғаш аттап отырған балдырғандарымыздың қадамдары құтты болсын демекпін сіздерге құрметті ата-аналар қауымы. Ал сіздер, құрметті біздің оқушылар, сабақтарыңызды тек беске оқып, үздік оқушы атаныңыздар. Сол арқылы осы мектептің атағын шығарыңыздар.

Сонымен қатар, осы мектептің директоры Мазина Татьяна Ивановна мен мектеп ұжымына осы маңда орналсқан шағын аудандарда тұратын біздің балаларды мектеп қатарына қабылдап, салтанатты рәсім өткізіп жатқандары үшін ерекше алғыс айтамын», - деді өз құттықтау сөзінде білім бөлімінің басшысы Арман Болатұлы.

Бұдан бөлек, «Аманат» партиясы Саран қалалық филиалының атқарушы хатшысы Нұргүл Тәжібаева, қалалық мәслихат депутаты Жанбол Жаяубаев, қазақ тілінде оқытатын сыныптарды ашу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі және қалалық қоғамдастық өкілі Береке Жарылғапова, «Ақ жол» партиясының Саран қаласы мен Ақтас кенті бойынша жетекшісі Тамара Щеголева, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы Саран қалалық филиалының төрағасы Гүлзият Ханафина мемлекеттік тілде оқытатын бірінші сынып пен мектепалды даярлық сыныбының оқушылары мен ата-аналарын «ақ түйенің қарны жарылған» ерекше күн һәм қуанышты сәтпен құттықтап, оқушылардың білім атты сапарларына тек сәттілік тіледі.

Осы тұста аталған мектептен қазақ сыныптарын ашу жұмыстарында бастамашыл болып, игі істің оң шешілуіне сүбелі үлес қосқан белсенді ата-аналарды да атап кеткенді жөн көрдік. Олардың қатарында Сүйіндіков Қуаныш Болатұлы, Мәженова Салтанат Садуақасқызы, Әсемханова Күләш Амантайқызы сынды ата-аналар бар. Сонымен қатар, бұл іске бірқатар белсенді азаматтар да ат салысқан болатын. Атап айтқанда, Жарылғапова Береке Өмірзаққызы, Тохметов Құралбек, Ақжол партиясының мүшесі Құсайынов Ардақ Алдаирұлы және Садуақасов Жандос Серғазыұлы.

«Мен барлық ата-аналарды осы 6 мектептегі бүгінгі мемлекеттік тілде оқытатын бірінші сынып пен мектепалды даярлық сыныбының ашылуымен құттықтаймын. Ұлым осында жаңадан ашылып жатқан даярлық сыныбында оқитын болады. Осы ата-аналар қауымының сұрауы бойынша екі айдан бері бірқатар жұмыстар жүргізілді. Аталған сыныптар сол жоспарлы жұмыстардың жемісті нәтижесі деп білеміз.

Өз кезегінде біз, ата-аналар қауымы білім бөлімінің басшысы Арман Болатұлына, білім бөлімінің маманы Сәулеш Шаймұратқа, қазақ тілінде оқытатын сыныптарды ашу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Береке Өмірзаққызына, сонымен қатар Абай атындағы мектептің басшысы Гүлден Ерденқызына, белсенді азаматтар мен ата-аналарға ерекше алғысымызды айтамыз», - деді Күлаш Әсемханова есімді ата-ана.

Соңыра, мектеп директоры Татьяна Мазина мемлекеттік тілде оқытатын бірінші сынып пен мектепалды даярлық сыныбындағы оқушыларды бұдан әрі білім нәрімен сусындататын педагогтарға білім елінің символдық кілтін табыс етті. Салтанатты жиыннан кейін ертегі кейіпкерлері Баян Сұлу мен Алдар көсе балалармен қызықты интерактив, мектеп бойынша экскурсия өткізді.

Иә, Саран шаһарында кейінгі жылдары өз балаларының мемлекеттік тілде білім алуын қалайтын ата-аналардың қатары артып келеді. Бұл дегеніңіз – халықта өз ана тіліне деген, мемлекеттік тілге деген құрметтің артқандығының бір айқын көрінісі. Сонымен қатар, бұл тұрғылықты халықта мемлекеттік тілдегі білім үрдісіне деген сенімнің артқандығы. Бүгін осыған дейін тек орыс тілінде ғана оқытып келген мектепте даярлық сыныбы мен 1 сынып ашылып жатса, келесі жылы сыныптардың санын бұдан да арттыруға тура келеді. Бұл жоғарыда атап өткеніміздей, ата-аналардың  сұранысына орай қазақ сыныптарының  ашылуымен байланысты болып отыр. Яғни орыс мектептерінде қазақ сыныптарының ашылуы орыс мектептерінің азайып, аралас тілде оқытатын мектептердің көбеюіне әкелді. Осылайша қазақ тілінде оқытатын  білім ұяларының саны да ар беретін болмақ.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ