ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫНЫҢ БАСТАМАСЫ НЕГІЗІНДЕ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНА ҚАРАСТЫ МЕШІТТЕРДЕ «ТЕГІН ТАКСИ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ. ОНЫ АЙМАҚТАҒЫ МЕШІТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҰЙЫМДАСТЫРЫП, АВТОКӨЛІК ИЕЛЕРІ МЕН ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ БЕКЕТТЕРІ ҚОЛДАДЫ.
Аталмыш қайырымдылық акциясы біздің шаһардағы Саран қалалық мешітінде де жалғасын тапты.
Соңғы күндері саршұнақ аяз сарандықтарды сарсаңға салғаны рас. Қақаған қаңтардың 10-ы мен 12-сі күндері аралығында ауа температурасы түнде -40 градусқа дейін барса, күндіз -33-36 градустың маңайында болды. Шындығын айту керек, мұндай күндері қала ішілік автобустардың жүруінен тұруы көп. Сақылдаған сары аязда жолаушылар кейбір автобусты ұзақ күтуге мәжбүр. Таксишілер болса, «құдайдың» құнын сұрайды. Ал, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы негізіндегі акция аясында мейріміді жандар аязды күндері Саран қаласының ішінде тегін ақысыз такси жүргізіп, тұрғындарды тегін тасымалдап жүр.
Иә таңертең жұмысына асыққан қала тұрғындары үшін тегін такси күтпеген сый болғаны анық. Қарағанды облысында соңғы күндері күн күрт суытқанымен, мейірімді жандардың әрекеті жүрекке жылу сыйлағандай. Шара барысында мешіт жамағаты мен еріктілерінен құралған топ Саран, РТИ ықшам ауданы, 106 ауылы және Дубовка ауылы бағыттары бойынша аялдамада тұрған жолаушыларға қызмет көрсетіп, діттеген жерлеріне тегін жеткізіп салды.
Мешіт имамы Саликов Мұхаммедқали қажы аталмыш сауапты шараға ат салысып, қол ұшын берген жамағаттарға және еріктілер тобына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
«Қала тұрғындарымен бірлескен бұл шара өте нәтижелі болып, сарандықтарға күнұзаққа қызмет жасады. Сонымен қатар, тұрғындарды діттеген мақсатына жеткізіп шаһарымыздың береке-бірлігін тағы бір барша жұртқа байқаттық деп есептейміз. Олблысымыздың бас имамы Естай Айтуғанұлының ұйытқы болуымен жасалған бұл шараға ақсақал аталар мен ақжаулықты әжелер, балалы аналар дән ризашылығын білдіріп, бата тілегін алғысын айттып жатыр.
Мұсылманның міндеті – әркез бауырына қамқорлық таныту, мейірбан болу. Бүгін ұйымдастырылып отырған «Тегін такси» қайырымдылық акциясының да басты мақсаты қала тұрғындарына көмек көрсетіп, ауа райының қолайсыз уақытында қол ұшын беру.
Осы игі шараға қатысып, белсенділік танытқан мешіт жамағаты мен еріктілерінен құралған топқа алғысымызды білдіреміз», - дей келе, дей келе көлігі бар азаматтарды сауапты іске атсалысуға үндеді шаһардың бас имамы Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлы.
Інібек Қалиев әріптестеріммен бірге мүмкіндігінше адамдарды үйге жеткізіп, қиын жағдайға тап болғандарға көмектесіп жүр.
«Ең бастысы – адамдарға көмектесу, сарандықтар үшін қазіргі ауа райы қатты қатал болып тұр. Мұндай кездерде адамдарға көмектесу керек. Мен негізінен қажет болған жағдайда көмектесемін, ақшасы болмаса, тегін жеткіземін, мұнан шығынға батып қалмаймын, бұл – игі іс, көмектескендерге одан еселеніп қайтады», - дейді такси жүргізушісі Інібек Молдабайұлы.
Акцияға үлес қосып жүрген азаматтар мен тегін таксиге мінген қарапайым тұрғындардың көңіл-күйі көтеріңкі. «Аттың жақсысын мақта, адамдың жақсысын жақта» деп жатады. Аталмыш қайырымдылық шараға атсалысып, қызмет көрсеткен азаматтарға қала халқы батасын беріп, шынайы алғыстарын білдірді.
«Қалада қатты аяз. Мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен тегін такси жүріп жатыр. Сауабы мол бастамаға қала тұрғындары риза. Дін қызметкерлерінің қайырымдылық ісіне алғыс айтамыз! Осындай игі істер көбейе берсін. Бұл адамдарға жақсы көмек. Мен күн сайын мешітке барамын, осы аязды күндері мені үйге тегін алып келді», – деп бөлісті егде жастағы ақсақал қала тұрғыны.
Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әр түрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйлауы мүмкін, ал, біреулер қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды.
Амал қанша, қайырымдылық сынды қайырлы қасиет бәріне бірдей тән емес. «Қазіргі заманда оның қажеті жоқ» деген пікірлерді де кейде естіп қаламыз. Алайда олай дейтіндер қатты қателеседі. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын альтруист адамдар кез-келген қоғамның негізгі тірегі саналады. Өзіңіз ойлаңызшы, еліміз кілең енжар, өзімшіл азаматтардан құралса, қайтер едіңіз? Мұндай ортада өмір сүргіңіз келер ме еді? Әлбетте, жоқ дейсіз. Рас, «табиғатта тек мықтылар тірі қалады» дейтін заң бар. Бірақ адам саналы тіршілік иесі ғой. Homo sapiens-тің хайуаннан айырмасы жақынына жанашырлығымен өлшенеді. Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше қасиет. Ол ізгілікті, адамның адамға деген таза ниеті мен адамгершілік қарымқатынасын көрсетеді. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін іс.
Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Адамның жасаған игі істерінің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жаныңда жүрген жандардың қуанышын бөлісіп, қиындығына ортақтаса алсаңыз қазақ халқына тән ұлттық қасиетіңіз бен көрегендігіңіздің жемісі деп біліңіз. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу адамның адамдық белгісінің қасиеті.
Қазақта «халыққа қызмет – хаққа қызмет» деген сөз бар. Сондықтан осы қаһарлы аяз күндері Саран мешітінің ұжымы осындай қайырымды іс жасап, тоңған жұртқа тегін такси ұсынып жатыр. Қайрымдылықтан сыртта қалғысы келмегендердің барлығы іс-шараға атсалысып жатыр. Ізгілікке үндеген дін қызметкерлері аталмыш акцияның әлі де жалғасын табатынын айтады.
Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары артып келеді. Қайырымдылық жасау мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отырған аса игілікті іс болып отыр. «Тегін такси» акциясы осындай игі істердің жалғасы іспеттес.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ