Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

СПОРТТЫҚ ШАҢҒЫ ТЕБУ ҚЫСҚЫ СПОРТТЫҢ НЕГІЗГІ ӘРІ БҰҚАРАЛЫҚ ТҮРЛЕРІНІҢ БІРІНЕ ЖАТҚЫЗЫЛҒАН. ОНЫ ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНА ҚЫСҚЫ ПРЕЗИДЕНТТІК КӨПСАЙЫС ӨТКІЗУ ЕНГІЗІЛГЕН.

Осы мақсатта қаланың жалпы білім беру мектептері арасында қысқы Президенттік көпсайыс бойынша қалалық жарыс ұйымдастырылды. Қаңтар айының 14 жұлдызында № 6 жалпы білім беретін мектебінде ұйымдастырылған спорт додасында Саран шаһарында аталмыш спорт түрінің қаншалықты дамығанындығы және оқушылардың жалпы дайындығы сарапқа салдынды. Ең бастысы бұл сайысқа шаһардағы 5 жалпы білім беретін мектептерден 45 балғын спортшы қатысып, өз өнерлерін паш етті.

2007 мен 2008, 2009-2010, 2011-2012 жылдар аралығында туылған балалар осы сайыста пневматикалық қарудан ату, шаңғы тебуден жарысу, күшпен орындайтын жаттығулардан сынға түсті. Біріншісінде спортшылардың мергендік қабілеттері сыналды. Ал күштік гимнастикада қыздарр кеудені жерден көтеріп, ұлдар кермеге тартылып сайысты. Ал финалда 1 шақырым қашықтыққа шаңғы жарысы ұйымдастырылды. Балаларға бұл спорт түрлерімен айналысқан қатты ұнаса керек-ті. Себебі, олар барлық сайыстарда белсенділік танытты.

Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері                   Ринат Тілеубековтың айтуынша, қысқы Президенттік көпсайыстың басты көздеген мақсаты қала жастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, әсіресе, болашақта ел тұтқасын ұстар жастардың денсаулығын нығайту.

- «Дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаған. Осы өлшенім - біздің басты ұстанымыз, сондықтан қаламыздағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары арасында салауатты өмір салтын басты орынға қоюды мақсат тұтып келеміз. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған қысқы президенттік көпсайыс соның нақты мысалы деуге болады», - деді білім бөлімінің әдіскері Ринат Тілеубеков.

Аса тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша жасөспірім ұлдар арасында бірінші орынды – №17 мектеп-гимназиясы, екінші орынды – № 6 жалпы білім беретін мектебі, үшінші орынды – Абай атындағы жалпы білім беретін мектебі иеленді.

Ал қыздар арасында бірінші орынды – №17 мектеп-гимназиясы, екінші орынды - Абай атындағы жалпы білім беретін мектебі, үшінші орынды – № 6 жалпы білім беретін мектебі иеленді.

Жарыстың барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Саран қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің грамоталары және медальдарымен марапатталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ