Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Тіл – ел тәуелсіздігінің айғағы. Қай ел мен ұлтта болсын туған тілі қастерлі де, қасиетті болып саналады. Біздің мемлекет үшін қазақ тілі қай уақытта болмасын құдіретін жоймаған. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1996 жылы «Тіл саясаты туралы тұжырымдамасы», 1997 жылы «Тіл туралы» Заңы бекітілді. Ал 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды.

Көрнекті қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дегендей, қазіргі ана тіліміздің келбеті қандай? Бүгінде елімізде «өзге тілдің бәрін біліп», ана тілінде еркін сөйлей алмайтын замандастарымыз қаншама?!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайлылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген сөзі мемлекеттік органдар мен бұқара халықты да ойландыруы қажет.

Қазақстан Республикасы Конституциясының (одан әріде - Конституция) 7-бабына және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының (одан әріде - Заң) 4-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі».

Сондай-ақ, тіл туралы заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп атап көрсетілген.

Осы Заңның 6-бабына сәйкес мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн, оның ішінде мемлекеттік тілді оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызып, қазақ тілін тегін оқыту курстарын ұйымдастырып отыр. Қазіргі кезде қаламызда мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалған. 2014 жылғы 8 тамыздан бастап Саран қаласы әкімдігінің «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері қала тұрғындарына мемлекеттік және ағылшын тілдерін тегін оқытады. Әр деңгей бойынша курс 3 айдан тұрады. Курс тыңдаушылары А1 қарапайым деңгейден бастап С1 жоғары деңгейге дейін мемлекеттік тілді үйрене алады. Тыңдаушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында сабақта LearningApps, Kahoot, Quizlet, Wordwall, Quizizz, ClassFlow, Book Creator сияқты заманауи онлайн сервистер пайдаланылады. Тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жүпенованың авторлығымен қарапайым А1 деңгейінде қазақ тілін үйретуге арналған оқулық әзірленді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлтымыздың салт дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру мақсатында 2021 жылы 1 қарашада «Мәміле» тілдесу клубы ашылды.

Клуб отырыстары әр сәрсенбі сайын мультимедиялық кабинетте өткізіледі. Мультимедиялық кабинеттің материалдық-техникалық базасы жаңартылған.

Қаладағы қызмет көрсетуші шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлкеттік тіл қысқа мерзімді курстар арқылы үйретіледі. Қысқа мерзімді курстан 10 пошта қызметкері, «Василек» сауда үйінің 11 қызметкері, «Саранькоммунсервис» ұйымының 13 қызметкері, «Оптима» супермаркетінің 10 қызметкері және 10 банк қызметкері де өтті.

9 қаңтардан бастап 45 адам мемлекеттік тілді үйрену курсынан өтіп жатыр. Курс тыңдаушыларының мүмкіндіктеріне қарай онлайн және оффлайн форматта өтіп жатыр. Бір қуантарлығы қаламызда жылдан жылға қазақ тілін үйренем деушілердің саны күн санап өсіп жатқандығы.

Иә, бүгінгі қоғам өзге тілдерді үйренуге ешқандай шек қоймайды. Алайда қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әрбір Қазақстан азаматының үлесі болса екен дейміз. Ана тілін құрметтеу әр адамның басты міндеті болып табылады. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, шаңырақ басындағы жас сәбиге де ең бірінші өз тілін үйреткеніміз жөн. Себебі еліміздің болашағы осы тілімізге байланысты құрылады.

А. Нұрмаханова,

Саран қаласы тілдері дамыту орталығының әдіскері