Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ЕЖЕЛДЕН БАБАЛАРДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ МҰРАСЫН ЖОҚТАТПАҒАН ХАЛЫҚ. ӘСІРЕСЕ, ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫМЫЗДЫҢ ТАРИХТА ҚАЛАР ОРНЫ ЕРЕКШЕ.

Тоғызқұмалақ-қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынның қай уақытта пайда болғанын әлі ешкімде анық білмейді. Ғалымдардың есептеуінше 4-5 мың жылдай болған дейді. Алғашқы кезеңдерде жерді қазып қойдың құмалағымен ойнаған. Бұл ойынды кейде «Шопандар алгебрасы», «Тақ сандар мен жұп сандардың тартысы» деп те атайды. Себебі, тоғызқұмалақты шопандар ойлап шығарған болса керек.

Қаңтар айының 20 – сы мен 22 – ші жұлдызы аралығында Саран қаласының мәдениет үйінде тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасындағы облыстық жекелей чемпинат өтті. Облыстық чемпионатқа Қарағанды, Саран, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Қарқаралы, Бұқар жырау, Ақтоғай, Шет аудандарынан 74 адам қатысты.

Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты түрлерінің федерациясы мен Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе ұйымдастырған ұлттық спорт додасын өткізудегі басты мақсат – ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру, жастарды тәрбиелеу, олардың ой-өрісі мен салт-санасын дамыту және Республикалық чемпионаттарға қатысу үшін Қарағанды облысының құрама командасын іріктеу болды.

Төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойынына соңғы уақытта аса маңыз берілуде. Себебі бұл ойын жоғары интеллектуалды спорт түріне жатады. Адамзат өркениеті мен әр ұлт мәдениетінің қалыптасып, жетілу барысындағы зияткерлік ойындардың орны айрықша. Ғасырлар бойы олар үздіктерді анықтайтын спорттық бәсеке, жарыс түрі ғана емес, өскелең ұрпақ тәрбиесінде, ұлттардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде маңызды феномен болып келеді. Жүйелі, қисынды ойлау, білім мен ғылымға бейімділік негіздерін қалауда, ыждаһаттық пен табандылықты тәрбиелеуде тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойындар ұтымды әрі таптырмас тәрбие құралы. Тарихы сан мың жылдық тоғызқұмалақ ойыны – қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан жарқын үлесінің бірі.Ұлттық ойын тек Наурыз мерекесінде ғана ұлықталмай, жыл көлемінде насихатталып келеді. Соның бір дәлелі ретінде осы ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей чемпионатты атасақ болады.

Жарыс ерлер арасында жеке, әйелдер арасында жеке өткізілді. Мәселен, ерлер арасында 39, ал әйелдер арасында 35 адамнан құралған Қарағанды облысының тоғызқұмалақ бойынша кіл мықтылары өзара бақ сынасты. Ойын швейцар жүйесі бойынша ұйымдастырылып, турлар саны спортшылар санына байланысты қойылды.

Ұлттық спортты ұлықтағандардың арасындағы жарыс тартысты өтті. Ерлер арасында Шет ауданының спортшысы Қожанәсіп Аңсаған 1 орынды қанжығаласа, 2 орынды Қарағандылық Кәріғұл Ернұр иеленді. Ал 3 орынды Шет ауданынан келген Рахымжан Жақсылық пен Бұқар жырау ауданының спортшысы Әділхан Тулегенов өзара бөлісті.

«Тоғызқұмалақ – ақыл-ойдың ұшқырлығын талап ететін ең күрделі ұлттық ойын түрлерінің бірі. Адамның ойлау қабілетін дамытуға көмектесетіндігі қатты ұнады. Сонымен қатар әр жеткен жеңісім қанат­тандыра түседі. Чемпионат мықты деңгейде өтті. Жалпы Қарағанды облысында тоғызқұмалақтың дамуы жоғарылауда. Жақсы нәтиже көрсеттім. Жалпы тоғызқұмалақтан басқа да қалаларға жарысқа жиі барамын», – дейді ерлер арасында чемпион атанған Қожанәсіп Аңсаған.

Ал бұрымдылар арасында Қарағандылық Дихан Айша барлық қарсыластарынан оза шауып, 1 орынды жеңіп алса, Теміртау қаласының спортшысы Сайдулла Розагүл екінші орынды иеленді. Ал 3 орынды Теміртау қаласының тағы бір өкілі Сайдулла Гүлбахар мен Бұқар жыраулық Төкенова Назерке өзара бөлісті.

«Жарыс өте тартысты өтті. Қарсыластарымның бәрі мықты. Осал ешкім жоқ. Десек те намысқа тырыстым. Нәтижесінде 1 орынды жеңіп алдым. Қуаныштымын. Жалпы тоғызқұмалақ ойыны – өскелең ұрпақ тәрбиесінде, олардың интеллектуалдық әлеуетін көтеруде, ойлау жүйесін дамытуда ерекше феномен. Бұл ойын түріне қазіргі жастар арасындағы қызығушылықтың мол болуы қуантады. Алдағы уақытта да атадан балаға мирас болған құндылығымызды дәріптеп, өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз», – дейді бұрымдылар арасында топ жарған қарағандылық тоғызқұмалақшы Айша Жихан.

Осылайша үш күнге созылған облыстық чемпионаттың классикалық түрінен командалық есепте Қарағандылықтар барлығынан оза шауып 1 орында тұрса, Шет ауданы 2 орында, Теміртаулықтар 3 орынға, ал Бұқар жырау ауданының командасы 4 орынға жайғасты.

Дүниежүзiндегi зияткерлiк ойындарды Д. Мюррей деген ғалым 5 топқа бөлiп қарастырады. Олар: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, нарды және гоо. Мiне, осы бес топтың ерекшелiктерiне сай тоғызқұмалақ манкала тектес ойындардың құрамына кiредi. Әр ойын әрбiр ұлт мәдениетiнiң көрiнiсi дейтiн болсақ, шахмат еуропалық, дойбы грек, гоо қытай, нарды иран, ал, тоғызқұмалақ көшпендiлер дүниетанымына сәйкес келедi. Тоғызқұмалақтың басқа ойындардан ерекшелiгi – ойын құралдары ақ, қара түстерге бөлiнбейдi және арнаулы отаулық тақталарда ұсақ шарлармен ойналады. Ойынның мақсаты – қарсыластан көп шарларды жинап, ұпай санымен алға шығу.

Иә расымен де тарихы сан мың жылдық тоғызқұмалақ ойыны – қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан жарқын үлесінің бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр деңгейдегі жарыстарда ортақ, тұрақты қағида бар: «Біздің сайыстарда жеңімпаздар болса да, жеңілетіндер жоқ. Ұтатын – ұлттық мәдениетіміз».

Себебі, бүлдіршіндерден ардагерлерге дейін барлық ойыншылар мен жаттықтырушылар, тоғызқұмалақ насихатшылары мыңдаған жыл тарихы бар төл ойынымызды жандандырып, түлету арқылы мәдени мұрамызды жаңа деңгейге көтеруде.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор