Бұрын саранның іргесіндегі «РТБ» қалашығы туралы сөз болса, жұрт үрке қарайтын. Олай болар жөні бар. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында мұнда резина-техникалық бұйымдар зауыты ашылып, дүркіреп тұрды.
Зауыт қызметкерлері үшін баспаналар тұрғызылып, әп-әдемі даму байқалғанды. Ал, тоқырау жылдарында кәсіпорын банкротқа ұшырап, ел үдере көшті. Қаңырап қалған үйлер ақырзаманды еске салып, көңілді құлазытатын. Дамуы кері бағытқа қарай бұрылған шағын аудан енді қайтып түлеместей де болып көрінгенді. Сөйтсек, бекер екен.
Бірнеше жыл бұрын мұнда Saran индустриялық аймағы құрылып, өндіріс жандана бастады. Бірнеше кәсіпорын қазық қақты. Екі жыл бұрын «QazTehna» машина жасау зауыты іске қосылып, мерейімізді асырғантын. Ал, 2022 жылдың желтоқсан айында «KamaTyresKZ» шина зауытының конвейерінен алғашқы дөңгелек алынды. Бұл қуанышты шараға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Татарстан Президенті Рустам Минниханов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов және «Allur» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысқан болатын.
Жаңа зауыт Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасымен арадағы әріптестік байланыстың жемісі екен де айрықша атап өткен жөн. Яғни, бауырлас Татар елінің «Татнефть» пен қазақстандық «AllurTyres» компанияларының ортақ алаңы.Жобаға 171 млрд. теңге инвестиция тартылған. Құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталып, небәрі 16 айдың ішінде алғашқы өнімін ұсынып үлгерді.Негізі зауыт жылына 3,5 миллион шина өндіруге қауқарлы. Әзірге толық қуатын пайдаланып отырған жоқ.Ендігі аталған шина зауыты екі қолға бір күрек іздеген азаматтарды жұмысқа шақыруда. Жұмысқа орналасу үшін 11 сыныптан төмен емес білім алсаңыз жеткілікті.Қызметкерлерді даярлау процесінде бастапқыда теориялық оқыту (3-4 апта) қарастырылған. Ол Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің базасында өткізіледі. Оны аяқтағаннан кейін қызметкерлер Татарстан Республикасының (Ресей) Нижнекамск қаласындағы KamaTyres KZ компаниясының өндірістік цехтарында өзіндік жұмысты орындау арқылы практикалық оқуға, тағылымдамаға және алған білімдері мен дағдыларын бекітуге жіберіледі.Оқу және тағылымдама кезеңінде 6 ай ішінде жалақы және тәуліктік ақы төленетін болады.
Даярлық оқуы аяқталғаннан кейін емтихан өткізіледі және мамандық пен разряд беріледі.
Жол жүру және тұру шығындарын жұмыс беруші төлейді. Нижнекамскіде болған кезеңде медициналық сақтандыру ресімделеді, зауыт асханаларында тамақтануға жеңілдік беріледі.
KamaTyresKz компаниясы директорының көмекшісі Виталий Дедов пресс-тур барысында тілшілер қауымын зауыттың құрастыру цехына алып барды. Шина атаулысының түр-түрін шығаратын зауыттың жылдық өндіріс қуаты – 3,5 млн. дана шина. Отандық өнім шығаратын зауыт көлік шиналарын ТМД елдеріне ғана емес, әлемнің әр түп кіріне экспорттамақ. Қазірдің өзінде компания персоналы 408 адамды құрауда. 168 адам біліктілігін арттыруда. Бұл – Қазақстан аумағындағы жалғыз кәсіпорын. Соған орай қабылданар болашақ маман нөлден бастап қайта даярланады, білімін арттырады. Бүгінде 28 кәсіп бойынша кәнігі мамандар даярлап шығару ойда бар. Бір қызығы, оқып жатқан жас мамандар қосалқы жұмысшының жалақысын алады. Бірақ жұмыс тәртібінде өндірістік өзгешелік. бар. Яғни, адам кәсіпорында әдеттегідей сегіз сағат емес, 12 сағат бойы жұмыс атқарады. Түнгі жұмысқа. шыққан жандарға қосымша ақы төленеді. Барлығы маманның біліктілік. деңгейіне байланысты.
«Жоспар бойынша, зауыт келесі жылы толық қуатта жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін ең алдымен білікті де білімді кадрлар қажет. Бүгінгі күннің өзінде Саран шаһарындағы шина зауытында 600 бос жұмыс орны қолжетімді. Қазіргі таңда зауытқа жұмысшылар тарту бағытында ауқымды шаралар іске асырылуда. Жұмысқа орналасуға ниет білдірген азаматтар Ресейдің Нижнекамск қаласында немесе өзіміздің шаһардағы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде тағылымдамадан өтеді. Білім алу мен тағылымдамадан өту ақысы толығымен жұмыс беруші тарапынан өтелетеін болады», - дейді KamaTyresKz компаниясы директорының көмекшісі Виталий Дедов.
Дайындық цехының шебері болып қызмет істейтін Арман Мейірханов шинаны даярлайтын шикізатты дайындаумен айналысады. Карьерлік қызмет сатысымен жоғарылауды және жалақысы жақсы жұмыс табуды көздеген ол Headhunter сайтынан Сарандағы «KamaTyresKz» шина шығаратын зауыты мамандарды жұмысқа қабылдайтынын біледі. Дереу сонда барып, өтініш жазады. Жұмысқа қабылданбас бұрын. бес ай бойы Татарстанның Нижнекамск қаласында кәсіби даярлықтан тегін өтеді. «Техника саласының шебері» деген құжатты қолына алысымен, Арман қазір аталған компанияда жемісті еңбек етуде.
«Шина шығаратын зауыт енді-енді жанданып келе жатқанын өздеріңіз білесіздер. «Білімімді толықтырамын. Жұмыс істеймін. Карьералық сатымен жоғарылаймын. Отбасымды асыраймын» деген жанға мұнда барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мысалы, мен Майқұдықтан өз көлігіммен келіп-кетіп жүремін. Алайда, көлігі жоқтарға арнайы тасымалдайтын автобус та қарастырылған. Орташа жалақы 230 мыңнан басталады», – дейді Арман Маралұлы.
Компания жұмысқа қабылдап қана қоймай, резеңке бұйымдарын сынаушы, ораушы, инженер-технолог, слесарь-жөндеуші, автоматика құралдары бойынша электромеханик сынды бірнеше жаңа мамандық игеруге мүмкіндік беретін көрінеді.
Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Марина Шегай арнайы өндіріс аймағы дамыған сайын жаңа жұмыс орындарының ашылғандығын тілге тиек етті. Сәйкесінше, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі облыстың әр қала мен аудандарында өткен екен.
«Саран қаласының кәсіпорындарында екі мыңға тарта бос жұмыс орны бар. Осы жыл аяғында бір шина зауыты тағы 1116 адамды жұмыспен қамтымақ. Әлбетте, жұмыс іздеп жүрген кез келген адам құжатын Қарағанды қаласы Бұқар. жырау даңғылы, 51/4 ғимаратындағы «БЦ 51» бизнес-орталығы, 402 кабинетке тапсырса болады. 8 701 429 34 73, 8 701 429 34 61 ұялы телефон номеріне қоңырау да шала алады. Я болмаса, Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіне алады. Жұмысқа қабылдану үшін 11 жылдық біліміңіз болса, жеткілікті», – дейді Марина Владимировна.
Жасыратыны жоқ, зауыт ынта білдіргенге ықылас танытып-ақ отыр. Тек жаңа мамандықты меңгеретін ниет қажет. Зауыт есебінен біліктілігін көтерген мамандар KamaTyresKZ кәсіпорнында әуелі теорияны меңгеріп, содан соң барып зауытта тәжірибе жинақтайтын болады. Осылайша, шина шығарудың қыр-сырын көзбен көріп, қолымен ұстайды.
Аталған зауыт өнеркәсіп өркендеуі үшін қандай маңызды болса, моноқалаларды дамытуда да сондай мәнге ие. Өйткені, өндірістің толық желісі іске қосылғанда Саран қаласының мыңнан астам адамы жұмыспен қамтылатын болады.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор