Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жастарға қарасаңыз қоғамның айнасы іспетті. «Неге?» десеңіз, олардың ынта-жігері мен атқарған қызметі арқылы елдің болашағын болжай аласыз. Әсіресе халыққа пайдасын тигізіп отырған жас кәсіпкерлердің талапты ісіне қарап, Мағжан атамыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі тегін айтылмағандай еріксіз ойға оралады. Себебі елді алға сүйреп, артқа да шегіндіретін осы жастар.

Иә, кейінгі жылдары жас кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Оларға үкімет тарапынан қолдау да жоқ емес. Қала әкімінің конкурсы, облыс әкімінің гранты және жеңілдетілген несие негізіндегі түрлі бағдарламалар бар. Осылайша шағын шаһар, облыс, тіпті жалпы алғанда, ел экономикасының еселене түсуіне жас буынның да тигізіп жүрген үлесі салмақты десек артық айтпаған боламыз.

Жыл сайын Саран қаласында жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамыту мақсатында қала әкімінің конкурсы өткізіледі. Өткен 2022 жылы өз кәсібін ашуға талап қылған 32 жас оған қатысуға бизнес-жоспар жобаларын ұсынып, соның 4-і жеңімпаз болып танылған еді. Нәтижесінде қала әкімінің 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қолдау иеленген жас кәсіпкерлер әр салада жұмыс бастап та кетті.

Мәселен, 2022 жылы 1 миллион теңге сомасындағы Саран қаласы әкімінің конкурсында ұтып алған 4 жастың бірі Нұрайлым Сабырова. Саран шаһарының тұрғыны Нұрайлым декреттегі ана.  Оның конкурста ұтып алған жобасы – «Құрал саймандарды жалға беру». «Қандай құрал-саймандар?», - дейсіз ғой. Кәдімгі құрылыс жұмыстарына арналған құрал саймандар. Олардың ішінше күнделікті тұрмыста қажет «Электро бұрғы», «Перфоратор», «Дәнекерлеу аппараты», «Бензоара», «Компрессор», «Үшсекциялы әмбебап саты» тағысын тағы бар.

«Мен декреттегі анамын. Қаламызда өткен «Идеядан шынайылыққа қарай» атты әкім конкурсына өз жобамды ұсынып, 2022 жылы қыркүйек айында жеңіп алдым. Менің ұсынған жобам «Құрал-саймандарды жалға беру» деп аталады. Менің жобамның мақсаты - халыққа тиімді бағада құрал-саймандарды жалға беру. Иә, мен өз жобамды аштым және кәзіргі таңда жүзеге асырып жатырмын. Тұрақты клиенттеріміз де пайда болды. Осындай конкурс өткізіп, жастарды қолдау үшін әртүрлі жеңілдіктер мен мүмкіндіктер жасағандығы үшін қуаныштымын және алғысымды білдіремін», – дейді Нұрайлым.

Міне, Нұрайлым ұтып алған қаражатқа құрылысқа қажетті құрал-саймандарды сатып алып, қазіргі уақытта сұраныс білдірген жандарға жалға беруде. Аталған құрал-саймандарды жалға беру құны бір күнге – 1000 теңгеден.

Жоба өте пайдалы әрі ұтымды. Жалға берушіге де, жалға алушыға да. «Неге?», - дейсіз ғой.

Мәселен, сіз үйіңізге бір қымбат әрі әдемі картина сатып алдыңыз немесе сізге біреу сыйллыққа берді делік. Оны сіз өз бөлмеңіздің немесе «қонақ үй» болмесінің қабырғасына ілу керексіз. Қабырға бетоннан немесе қатты кірпіштен қаланған. Сізге бұндай қабырғаға әлгі картинаңызды ілу үшін міндетті түрде бұрғы керек. Балға мен шеге пайдаланамын десеңіз, қабырғаңыздағы түс бояуларды бұлдіріп алу ықтималдығы жоғары. Ал тап сол сәтте сізде бұрғы жоқ болып шықты. Мұндай қымбат құрылыс құрал-саймандары әркімнің үйінде бола беруі де мүмкін емес қой. Не істейсіз? Ең арзан бұрғының өзі 9000 мың теңдеден басталады. Ал қымбаты 30000 теңгеге дейін барады. Сатып алған дұрыс па? Немесе көршіңізден иә болмаса танысыңыздан сұрап аласыз ба? Әрине, егер әлгі көршіңіз немесе танысыңыз беріп жатса. Бермеуі де мүмкін ғой. Әлде жалға алған жақсы ма?

Міне осы кезде сізге Нұрайлымның «Құрал саймандарды жалға беру» жобасы көмекке келеді. Өте тиімді жоба. Нұрайлымға да, сізге де. Себебі жалға алу құны қымбат емес. Бар жоғы бір тәулікке «1000»-ақ теңге.

Сонымен, бұл жобаның пайдасы неде?

Біріншіден – қысылтаяң сәтте сізге көмекке келеді. Екіншіден – ақшаңызды үнемдейсіз. Үшіншіден – құрал-саймандарды жалға алу арқылы сіз өзіңізге қандай сайман алу керектігін білесіз. Яғни, кез келген құрал-сайманды іс-жүзінде пайдала отырып, тексеріп көре аласыз. Қайсысы жақсы жұмыс жасайды, қайсысы нашар істейді дегендей. Төртіншіден – құрал-саймандарды сақтайтын арнайы орынның қажеті жоқ. Себебі оларды сатып алғаннан кейін сақтау, күтіп ұстау, сынып қалса – жөндеу деген секілді өзінің біраз ыңғайсыз сәттері тағы бар. Сол секілді тағысын тағы кете береді.

«Тұрақты клиенттеріміз бар негізі. Иә, қазір, тапсырыс берушілер онша көп емес. Себебі құрылыс маусымы емес қой. Клиенттеріміздің ең көп болатын кезеңі осы құрылыс маусымымен тұспа-тұс келеді. Десек те, қазірдің өзінде бірең-сараң жалға алатын тұрғындар бар», – дейді Нұрайлым Сабырова.

Айтпақшы, Нұрайлым іnstagram әлеуметтік желісінде «saran.prokat.instrumentov» деген жеке парақшасын ашып қойыпты. Сонымен қатар, «whatsapp»-пен де тапсырыстар қабылдауда. Егер сізге қандай да бір құрал-сайманды жалға алу қажет болатын болса, жоғарыда келтірілген инстаграм парақшасына немесе +7707 866 53 68 нөмірі арқылы «whatsapp»-тағы жеке парақшасына хабарласуыңызға болады.

Ал екінші кейіпкеріміз Тоты Исатаева. 23 жастағы қала тұрғыны да декреттегі ана.

Кесте тігу өнерін меңгерген қолөнер шебері ұлттық нақыш пен заманауи үлгіде қолөнер бұйымдарын әзірлеп, кесте тігеді және ою-өрнектерімен әшекелейді. Өз арманындағы кәсібін одан әрі дамыту мақсатында ол мемлекеттің қолдауына жүгінген.

Тоты Тәттіғалықызының жобасы ұмыт қала бастаған ұлттық туындыларды жаңғыртуды көздейді. Яғни, жоба қазақи құндылықтарға негізделген. Ондағы мақсат - ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғырта отырып, заман талабына сай һәм сұраныс көзіне айналатын бренд шығару. Қолмен жасалған бұйымдар, кереме тігілген көрпешелер адамды сүйсіндірмей қоймайды. Одан бөлек, заманауи үлгідегі төсек-жабдық, қыз жасауына қажетті бұйымдар қазір көп сұранысқа ие. Еп пенен еңбек болса, бұдан да кәсіп жасауға болады.

Оның үстіне халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары қашан да ұрпаққа мұра және мақтаныш. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігі арқылы көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер емес пе. Осындай өнерді кәсіппен ұштастырып отырған Тоты Исатаеваның осы бағыттағы тігіншілік саласына келгені күні кеше ғана. Десекте қазірдің өзінде Тоты азғантай ғана дүниелерден бастап, кәсібінің нәсібін көріп отырған жайы бар.

«Конкурс жайлы 2022 жылдың сәуір айында Саран қаласының жастар ресурстық орталығының іnstagram парақшасынан көрген болатынмын. Бірден өзімнің көптен бергі ойлап жүрген бизнес идеямды жазып, конкурсқа өтініш бердім. Конкурс барысында жобаға қатысушыларға «Саран қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бизнеске байланысты, кәсіп ашу туралы сабақтар өткізілді. Мен өзіме өте көп мағлұматтар алдым. Нәтижесінде конкурста ақшалай қолдау ұтып алып, «Aliya collections» атты қолөнер студиясын аштым.

Қазіргі таңда бизнес жоба бойынша қолөнер бұйымдары, тұсаукесер жабдықтары, жайнамаздар, қазіргі сәндегі тақиялар тігіліп жатыр. Сонымен қатар, киімге, жайнамаздарға және т.б. қолөнер туындыларына есімдер жазып беремін. Алдағы уақытта қазіргі таңда сәнге айналған этно–ұлттық стильдегі бұйымдар, шоппер сөмкелер,  жастық, көрпе, жамылғылар сынды төсек жабдықтарын тігу жоспарда бар. Тапсырыс береміз дейтін жандар болып жатса, іnstagram желісіндегі A.liya_collections парақшасына жазып жіберсеңіздер болады. Саран қаласының тұрғындарына көптеген жеңілдіктер қарастырылған», – дейді Тоты.

Жалпы жер бетіндегі ұлттардың 3 пайызының ғана жеке мемлекеті бар десек, тәуелсіз ел ретінде мойындалған халықтардың да жаһандану барысында жұтылу қаупі бар. Жапония сынды толықтай жапондықтардан ғана құралатын, ұлттық бұйымдары мен өмір сүру салтын әлі күнге дейін сақтап қалған мемлекет көпке үлгі. Осы орайда уақыт өткен сайын қазақстандықтардың да ұлттық бұйым, киім, әшекейлер мен ыдыстарға деген сұранысы артуда. Соңғы жылдары ұлттық нақышта киіну сәнде болса, қазақылықтың бояуы көрінетін детальдарды пайдалану елден ерекшелену мен эстетикалық талғам үдесінен шығудың көрінісіне айналды. Соның ішінде шаһарда ұлттық өнерді ұлықтап, өзгелерге де насихаттап, алғаш рет ұлттық нақыштағы «Aliya collections» қолөнер студиясын ашқан Тоты Исатаеваның еңбегін елеусіз қалдыра алмаймыз.

«Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі. Негізінен тігіншілік, қолөнермен айналысу бүгінгі заманның ең табысты бизнесі деуге болады. Бастысы ісіңе деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік болса жеткілікті», – дейді жас кәсіпкер.

Осылайша қала бойынша жас кәсіпкерлердің қатары жылдан жылға көбеюде. Тиісінше Саран шаһарында шаруамды бастаймын деп талап қылған жастарды бетінен қақпай, қанатының астына алуда. Оған дәлел – Нұрайлым Сабырова мен Тоты Исатаева.

Ал бізді «Кәсібімді дөңгелетіп, шағын бизнестің дамуына үлес қоссам» деген мақсаткер жастардың құлшынысы қатты қуантты. Жас кәсіпкерлерді қолтығынан демеп, қамқорлыққа алу нағыз игілікті іс. Қамқорлық деп осыны айту керек.

Алдағы уақытта қала әкімінің конкурсына өтінімдер қайта қабылдана бастайды. Сәтін салса, аталған қаражатты сынақтан сүрінбей өткен Нұрайлым мен Тоты сынды жас кәсіпкер иемденетін болады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ