Үстіміздегі жылдың 26 қаңтарында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде «Жігер» жастар ұйымының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Үздіктер слеті» өтті.
Салтанатты шара барысында жыл бойына қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өнер, спорт, шығармашылық салалар бойынша түрлі жарыстар мен байқауларда жүлделі орындардан көрінген студенттер колледж директоры Владимир Закомолкиннің атынан «Құрмет грамоталарымен» және «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Слетте колледждің ең үздік 77 студентіне құрмет көрсетілді. Ең белсенді, ең үздік жастарды колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аққу муфталова, директордың тәрбие ісі-жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев, директордың өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Ернар Махаметчин, директордың IT- жөніндегі орынбасары Амангелді Қозыбағаров, кәсіподақ комитетінің төрағасы Иран Хайруллин құттықтап, колледж директоры Владимир Анатольевичтің атынан «Құрмет грамоталарымен» және «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Бұл салтанатты рәсім болашақ түлектерге қуаныш сезімін ұялатып, болашақтарына үміт сезімін тудырды. Аталмыш шараны шаһарымыздағы 100 жылдық тарихы бар қара шаңырақтың өз білімгерлеріне деген ерекше қолдауы деп қабылдадық. Бұндай құрметтен кейін кез келген білім ізденушінің үздік студент атанып, бәйгеге шабуына қамшы болатындығы сөзсіз. Үздік студенттер өздеріне көрсетілген құрметтен кейін замандастарына үндеу жолдады. Ал салтанатты рәсімнен кейін колледж түлектері һәм Саран жұртына танымал өнерпаз жастар Нұрай Рашид пен Айым Қанапиянова, колледждің өнерпаз студенті Жұмабек Бекарыс ән шырқап, үздік студенттерге құрмет жасады.
Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін білікті маман қажет екендігі айдан анық. Ал білікті маман үздік студенттен құралмақ. Үздік студент тек оқуда ғана озат болып қоймай қоғамдық-мәдени іс-шараларда да белсенді болуымен өз қатарындағы білімгерлерден оқ бойы озық тұрмақ. ХХІ ғасырдың талабы да осындай даралықтармен ерекшеленетін кадрларға басым болатындығы да орынды. Бұл ғасыр жаңашылдық пен белсенділікті, терең білім мен қабілеттілікті талап етеді. Ал аталмыш игі шаралар жоғары оқу орындарындағы жастардан шықпақ. Жас келсе іске, жастар жаңашылдықтың бастауы деген ұғымдар да осындайдан пайда болса керек. Ендеше атаулы игі қасиеттер бойынан табылатын үздік студенттердің еңбегін бағалап отыру студент белсенділігін арттырып, ынталандыра түспек.
Бір сөзбен айтқанда жастарға Мағжанша сене біліп, ғасыр сұранысына қалыптасып келе жатқан студенттерді замандастарына паш ете білген нұр болмақ. Ол дегеніміз Кеңес Одағы кезеңінде көрініс тапқан Үздік студенттер слетінің ғұмырын жалғастыру болып табылады. Сонымен қатар, мұндай игі шара дәстүрге айналып, шаһарымыздың барлық білім ордаларында жүзеге асуын қолға алған пайдалы болары сөзсіз. Себебі қазақ даналығында көрсетілгендей адам адамнан тек білімі, ғылымы арқылы ғана озбақ емес пе.
Бұл орайда жақсы істердің бастамасы, шаһарымыздағы қасиетті қара шаңырақ Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің Үздік студенттер слетін қайта жандандыруы. Қаламыздағы 100 жылдық тарихы бар білім ордасының бұл жаңалығы өзге де білім ошақтарына үлгі болар деген үміт қылаң береді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген автор