Оқуға құштар ел» жобасы: мақсат айқын, жол жарқын. «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», – деп Абай Құнанбаев айтқандай, кітап – өмір ұстазы.
Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес. «Өзіңді өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшінде кітап керек». Шынымен де, кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Кітап – алтын қазына. Кітаппен оқырмандарды қауыштыратын рухани орда – кітапхана. Ол оқырмандар үшін үлкен тәрбие мектебі, білімділік, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы, ақпарат, насихат орталығы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес үстіміздегі жылдың 2 ақпанында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің жатақханасында шағын кітапхананың ашылу салтанаты өткен болатын. Игілікті шараға колледж директоры Владимир Закамолкин, колледждің түлегі һәм кештің құрметті қонағы Серік Мұстафин, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Аққу Муфталова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев, қазақ бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Күнеділова, директордың өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Ернар Махаметчин, директордың IT- жөніндегі орынбасары Амангелді Қозыбағаров, жатақхана меңгерушісі Күләндам Омарова, колледж кітапханасының меңгерушісі Алмагүл Сүлейменова және жатақхана тәрбиешілері қатысты.
Колледждер қаншалықты білімді, толыққанды бәсекеге қабілетті мамандар дайындайтын болса, соған байланысты қоғамымыз дамиды. Осы орайда оқу жылында студенттердің білім алып, ғылыми жұмыстарын жетілдіруге, жатақхана қабырғасындағы уақыттарын тиімді өткізуге аталған шағын кітапхананың білім нәрімен сусындауға келген жастарға тигізер пайдасы өте зор.
Бұл туралы өзінің құттықтау сөзі барысында колледж директоры Владимир Закомолкин тілге тиек ете кетті:
«Қазір «Сoworking» орталықтары және тағы да басқа түрлі заманауи сөздерді пайдалану сәнге айналған. Бірақ сіздер мен біздерге ескіше кітапхана деп атаған көбірек ұнайды емес пе. Бұл ашылып отырған кітапхана болашақта біздің студенттеріміздің білімдерін толықтыру үшін, ойлау қабілеттері мен зейіндерін арттыру үшін, сонымен қатар өзедріне қажетті һәм қызықты кітаптарды колледж қабырғасынан тыс жерде алып, оқи алулары үшін әлі де қызықты көркем әдебиеттермен толықтырылатын болады. Сол себепті де біз, Алмагүл Жастілекқызы екеуіміз осы кітапхана қорын одан әрі кеңейту бағытындағы барлық шараларды атқаратын боламыз. Себебі өскелең ұрпақ біздің мемлекетіміздің тарихи құндылықтарын, өзге де тарихи тұлғалардың өмір баяны мен шығармашылығына қатысты құнды ақрапаттарды тек осындай кітапханалардағы кітаптардан ғана ала алады», - деп атап өтті Владимир Анатольевич.
Сонымен қатар, колледж директоры игілікті шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіре келе, осы жатақхананың шағын кітапханасының ашылуына бірден-бір себепкер болған колледж түлегі Серік Хамзеұлына аталған кітапханаға 100 кітапты сыйға тартқаны үшін шексіз алғысын жеткізді.
«Кітаптың негізгі мақсаты сөреде шаң басып тұру емес, керісінше адамның ғұмыры іспетті оқылып,тозып, жыртылып, адамзатқа пайдасын тигізгеннен кейін, бақилық ғұрырына аттану. Мен бүгін сыйға тартып отырған кітаптарыма осындай ғұмыр тілеймін. Мына біздің өскелең ұрпақ соны түсініп, кітаптарды өз пайдаларына асырса деген ниетім бар. балаларға сәттілік тілеймін. Кітап оқырмандарының алды болсын, үлкен-үлкен елге танымал ғалым атансын осы колледжіміздің студенттері.
Жалпы мен осы біздің жатақханадағы шағын кітапхананың ашылу салтанатына қатысып отырғаныма өте қатты қуаныштымын. Себебі өзім де осы колледждің түлегімін, сонымен қатар осы жатақхана ғимараты сонау 76 жылдары алғаш ашылып, пайдалануға берілгенде бұның ең алғашқы тұрғындарының бірі болып жайғасқан студенттердің қатарында менде бар едім. Сол кезде бұл ғимаратта 600-дей адам тұратын еді. Елу жылда ел жаңа демекші, жарты ғасырдан астам уақыттта бұл жатақханада көптеген өзгерістер орын алып жатыр. Оған өзім де куәмін. Себебі осы колледж тарапынан ұйымдастырылатын іс-шаралардың барлығына болмаса да, жартысына дерлігіне өзім де қатысып, ат салысып жүрген жайым тағы бар. сондықтан колледж басшылығына мыңда бір рахмет айтамын. Алдағы уақытта да осы жерге тағы да қонақ болып келетінімізге еш күмәнім жоқ. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін», - деді өз сөзінде Серік Хамзеұлы.
Бұдан бөлек, салтанатты шара барысында директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Аққу Муфталова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Жаяубаев, қазақ бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Күнеділова, директордың өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Ернар Махаметчин, директордың IT- жөніндегі орынбасары Амангелді Қозыбағаров, жатақхана меңгерушісі Күләндам Омарова, колледж кітапханасының меңгерушісі Алмагүл Сүлейменова сөз сөйлеп, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
Өз кезектерінде іс-шараға қатысқан бірқатар студенттер қауымы жатақханадағы бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік алғандары үшін осы қасиетті қара шаңырақтың ұжымына, жатақхана меңгерушісі мен тәрбиешілерге шексіз ризашылығын ризашылықтарын білдірді.
«Мен өзім кітап оқығанды ұнатамын. Себебі кітап – білім мен рухани байлық бұлағы. Сондықтан да мына шағын кітапхана біз секілді жатақхана қабырғасында тұратын студенттер қауымы үшін үлкен сый - сияпат, рухани байлық.
Ғылым мен техника, жоғары технология дамыған ХХІ ғасырда да бәрінің бастау алар көзі кітап қой. Қазіргі қоғамымыздың қайнар көзі осы кітапханадан бастау алады деп білемін. Сол себепті де осы қасиетті қазынамыз кітаптарды көзіміздің қарашығындай сақтайық дей келе, кітапсүйер оқырман қауымды кітап мұхитына жетелейтін мәдени ошақтың ашылуымен құттықтаймын. Ал колледж директорына, ұстаздарымызға, жатақхана меңгерушісі мен тәрбиешілерімізге осы шағын кітапхана үшін шексіз алғысымызды білдіреміз», - дейді осы жатақханада жатып оқитын колледждің ҚтӘ-9-20 тобының студенті Дәрия Ағзамова.
«Кітап – білім бұлағы,білім – өмір шырағы»деген қазақ даналығы бекер айтылмаса керек. Еліміздің болашағы жарқын болу үшін,ең алдымен жастарымыз білімді, кемел мінезді, ойы, сөзі, ісі бір,бәсекеге қабілетті, рухани деңгейі жоғары, кәсіби маман болуы қажет. Ол үшін кітап оқу керек.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА