Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Адамзат тарихының ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей қоғам мен мемлекет құрылымындағы күрделі құбылыс – тіл мәселесі болып табылады.

«Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені, ана тілі мәселесі – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді. Тілсіз –ұлтты, ұлтсыз–тілді айқындау мүмкін емес. Ал қазақ ұлтының тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап. Тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы «Тіл туралы» Заңдардың қабылдануы, халықаралық «Қазақ тілі» Қоғамы және Тіл басқармаларының құрылуы, Тілді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының қабылданып кезең-кезеңімен іске асырылуы – бәрі жүзеге асып отырған тарихи жағдаяттар.

Әр ұлт өзінің тарихын, салтын және ана тілін мақтан тұтады. Дегенмен де, біздің мемлекетімізде өкінішке орай өз тілін білмейтін және білем деп үйренуге талпынбайтындардың бар екендігі алаңдатумен келеді. Өйткені ана тілін білмейтін адам ана тілін көктете алмайды ғой. Ал біз, қазақ елі, бәсекеге қабілетті елдер санатынан ұлттық ерекшелігіміз қазақ тілі арқылы ғана орын ала аламыз.

Егер әр Қазақстан Республикасының азаматы өзінің ана тілінде деген сүйіспеншілігін оятып, мемлекеттік тілдің одан әрі дамуына аса жауаптылықпен қарап, күш-жігерін салса мемлекеттік тілдің келешегі нұрлана түсер еді. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» – деп ойлансақ, бұл – туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі сөзі!

Қазақ елі аман болса, қазақ тілі де жасай бермек. Бүгінгі күні егемен ел ретінде әлем мойындаған Қазақстанға деген қызығушылық артып, өркениеттің  материалдық  ғана емес, рухани құндылықтарымызды да танып-білуге деген ынта – ықыласы тереңдей түсуде. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, ай – жұлдызымыз оңынан туып тұрған шақта осы рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы – қазақ тілінің қадір – қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз қажет. Қазақ тіліне деген құрмет пен ықыласты ұлттық сана биігіне көтерген жөн. Бұл міндет – сіз бен біздің перзенттік парызымыз!

Ж. Джумашева,

Саран қаласының полиция бөлімі