Бүгін: 25.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Өткен 100 жылдықты «Атом ғасыры», «Космостық эра» деп мақтанышпен атады, ал қазіргі ғасырды «Интернет дәуірі» деп атап жүрміз. Мүмкін «Интернет және роботтар дәуірі» деген дұрыс шығар? Сіз қалай ойлайсыз? Қазіргі таңда миллиондаған роботтар қолданыста жүр. Адамзат өмірінің барлық саласында роботтар практикада жұмыс жасап жатқан жайы бар.

Олардың бірі сіз күнделікті тұрмыста қолданып жүрген кір жуғыш машинасы, тоңазытқыш, автопилотта жүретін автокөліктер, медицина саласындағы түрлі кардиостимуляторлар және тағысын тағы.

Иә, бүгінде «ақылды» ойыншық көліктер өмірімізге дендеп ене бастады. Сан салада медицинадан бастап космонавтикаға дейін адамдар роботтардың көмегіне жүгінеді. Төбеде қалықтап жүріп, мерекелік шараларды бейнеге түсіретін робот-дрондарға, күрделі механизмдерді көз ілеспес жылдамдықпен және асқан дәлдікпен құрастыратын робот-қолдарға көз үйрене бастады. Зерттеулерге сүйенсек, сарапшылар алдағы 20 жылда адам істейтін жұмыстың тең жарымын роботтар атқаруы мүмкін екен. Сол себепті де, жоғарыда атап өткеніміздей біздің заманымыз – робот техникасы заманы десек артық болмас. Қазіргі таңда бүкіл дүние жүзінде робот техникасы ғылымы кең қолданыс тапты. Яғни, ХХІ ғасыр – интернет һәм робот техникасының заманы. Экономикамызды ілгерілету үшін осы салаға терең ден қоюымыз қажет. Жаңғырудың үшінші белесіне жүктелген робот техника саласы шағын шаһар Сораңдыда да қарқынды дамуда.

Бұған дәлел бұрнағы күні қалалық мәдениет үйі ғимаратында өткен робот техникасы бойынша қалалық жарыс. Саран қаласы білім бөлімінің өткен қалалық «болашақ инженерлер» сайысы робот техникасын насихаттау, оқушылардың техникалық шығармашылығын дамыту, дарынды балаларды анықтау және қолдау мақсатына арналды. Жарысқа қаланың №1 мектеп-лицейі, № 6 ЖББМ, № 7 ЖББМИ, № 13 ЖББМ, Жас техниктер станциясы, «Аленушка», «Балғын», «Березка», «Колокольчик», «Малыш», «Сәуле» бөбекжайлары, «Бақыт» мектеп-балабақша кешені сынды білім беру ұйымдарынан 4 пен 18 жас аралығындағы жалпы саны 40 адамнан тұратын 28 команда қатысты.

Қалалық жарыс – жобалық қызмет, жолақпен жүру, кегельринг-квадро; робот құрастыр, басқарылатын футбол, робомаус (ROBOT MOUSE) сынды 6 категориядан тұрды.

Смарт техникалардың барлығын балалар ұздасдарының жетекшілігімен жасап шыққан. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай шара елімізде осы саланы дамытуға септігін тигізеді.

«Мақсатымыз бір. Оқушылардың осы білімге деген IT технологияға деген қызығушылықтарын арттыру. Және де Қазақстанның болашағында осындай саласы бойынша мамандар дайындау. Ең басты мақсатымыз осы», - деді бізбен тілдескен сәтте Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі Жансая Сартаева.

Осылайша құлтемірдің құрылысын бес саусағындай білетін болашақ өнертапқыштардың басы бір жерге бірікті. Бұл жерде оқушылар өздерінің техникаларын тексереді. Қауқарын қарайды. Егер қандай да бір олқылытар болса, бірден орнын толтырады. Яғни, жаттығу алаңы десек те болады.

«Қазіргі уақытта әр мектептің қабырғасында робототехника үйірмелері бар. Бұл – заман талабы. Осы ретте, аталмыш сала бойынша мектепішілік, қалалық сайыстар жиі ұйымдастырылады. Бүгінгі шара соның айқын көрінісі. Саран қаласының білім беру ұйымдарының басын қосқан қалалық жарысқа 4 пен 18 аралығындағы 40 жас өнертапқыштар қатысуда. Яғни, әр команда өздері әзірлеп әкелген роботтарымен белгілі тапсырмаларды орындауы шарт. Мақсат – оқушылардың инженерлік-шығармашалық және ақпараттық-коммуникативтік белсенділіктерін арттыру. Бағдарламалау және робототехника сабағына деген қызығушылықтарын арттыру», - дейді Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері Дәурен Бейсен.

Барлығы өздері жасаған роботтарының қауқарын арнайы алаңда көрсетпекші. Оқушылардың роботтары жолақ, футбол, эстафета, кегельдерді соғу сияқты тапсырмаларды орындады. Жеткіншектердің робототехникаға деген қызығушылығы мол. Себебі, осы қалалық жарысқа бір мезетте 50-ге жуық бала қатысуға ниет білдірген. Жарыс жеңімпаздары облыстық, ал одан жеңгендер республикалық мәренің келесі кезеңіне жолдама алады.

Мектеп жасындағы балалар жобалық қызмет, жолақпен жүру, кегельринг-квадро; робот құрастыр, басқарылатын футбол аталымдарында, ал балабақша жасындағы балдырғандар робомаус аталымында өзара бақ сынасты.

Нәтижесінде «Басқарылатын футбол» категориясында 1 орынды – №17 мектеп-гимназиясының командасы, 2 орынды - №6 жалпы бідім беретін мектебінің командасы, 3 орынды – Жас техниктер станциясының командасы иеленді.

«Кегельринг» бойынша 1 орынды - №6 жалпы бідім беретін мектебінің командасы, 2 орын – Жас техниктер станциясының командасы иеленді.

«Роботты жина» санатында 1 орын - №1 мектеп-лицейінің командасына бұйырса, 2 орынды - №6 жалпы бідім беретін мектебінің командасы, 3 орынды – Жас техниктер станциясының командасы иеленді..

«Сызықтар бойынша жүру» санаты бойынша 1 орынды - №6 жалпы бідім беретін мектебінің командасы қанжығаласа, 2 орынды - №7 жалпы білім беретін мектеп-интернатының командасы иеленді, ал 3 орын - №1 мектеп-лицейіне бұйырды.

«Жобалық қызмет» санаты бойынша 1 орынды – Жас техниктер станциясы мен №17 мектеп-гимназиясының командалары, ал 2 орынды - №1 мектеп-лицейі мен №17 мектеп-гимназиясының командалары өзара бөлісті, 3 орын - №13 жалпы білім беретін мектептің командасына бұйырды.

«ROBOT MOUSE» санатында 1 орынды – «Бақыт» мектеп-балабақша кешені қанжығаласа, 2 орынды – «Березка» бөбекжайы, 3 орынды – «Малыш» бөбекжайы иеленді.

Болашақ тың дүниелерді меңгерген өрендердің қолында. Сондықтан да оқушылар жаңа технологияларды толыққанды меңгеріп шығады. Ал, оны меңгерген ұрпақ көштен қалмай, еліміздің көркеюіне үлес қосары сөзсіз.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА