Қоршаған ортаның ластануы – жаһандық мәселе. Оны білеміз, алайда экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосатын күнделікті шараларды қажетті деңгейде орындамаймыз. Экологиялық сарапышлар ауа ластанып, жер беті қоқыс полигондарына толып жатқанын дабыл қағып айтуда.
Алып зауыттар мен өндірістік алаңдардың, көшелерде ағылып жатқан көліктердің атмосфераға бөліп жатқан зиян қалдықтары тұрғанда жекелеген адам не істей алады деп айтуға болады. Алайда «Не ексең соны орасың» деген тәмсіл табиғатпен қарым-қатынысымзды суреттейтіндей. Өйткені қазіргі- кезде экологиялық мәселедегі үлесіміз үйден қоқыс жәшігіне дейін маршрутта сұрыпталмаған пакеттерді тастаумен шектеледі. Тұрмыстық қалдықтарды жинау мәдениеті қалыптастпай бұл мәселені шешу қиын. Десек те, бүгінгі тақырып қоқысты сұрыптау емес, экологиялық жобаларға қатысты конкурс жайында. Ал сұрыпталмаған қоқыс мәселесін біз жай ғана тілге тиек ете кетейік деген оймен жаза кетті.
Жалпы елімізде өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеуге бағытталған түрлі республикалық жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын көзіміз көріп жүр. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мәліметіне сүйенсек, экобелсенділер еріктілермен бірлесіп, түрлі экоакциялар, конкурстар мен сенбіліктерді де ұйымдастырып жүрген жайы бар.
Иә, бір жағынан мұндай үрдіс біздің қоғамда экологиялық білімнің жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді. Экобағыттағы жобалар барлық қазақстандықтың болашағына әсер етпей қоймайды.
ХХІ ғасырды ғылымның дәуірі десек, Тәуелсіз Қазақстан алғашқы күннен-ақ, өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алуына, бәсекеге қабілетті болуына айрықша көңіл бөліп келе жатыр. Олардың ғылыми-зерттеу, оқу-танымдық және зияткерлік қабілеттерін арттыруға арналған байқаулар да жыл сайын ұйымдастырылуда. Оған, әрине, сарандық оқушылар да белсенді түрде қатысып жатқан жайы бар.
Осы орайда үстіміздегі жылдың 10 ақпанында «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында «Сақтау және көбейту» тақырыбында экологиялық ғылыми-зерттеу жобаларының қалалық байқауы өткен-тін. Бұл іс-шараны ұйымдастырушылардың діттеген басты мақсаты - қоршаған ортаны сақтау, балалардың экологиялық мәдениетін арттыру, әлеуметтік және экологиялық жауапты азаматтарды тәрбиелеу. Сонымен қатар, шаһардағы білімпаз балалар мен білікті оқытушыларды экологиялық проблемаларды анықтауға, оларды жергілікті және өңірлік деңгейде шешу жолдарын іздеуге байланысты ғылыми-зерттеу және практикалық қызметке тарту, жас ұрпақтың зейінін экология мәселелеріне және табиғат қорларын үнемді пайдалануға аудару, олардың белсенді азаматтық көзқарасы мен бастамашылығын және өзекті экологиялық мәселелерді шешу жолындағы тәжірибелік дағдыларын тәрбиелеу болған екен.
Мектеп оқушылары экологиялық жобалар сайысына тыңғылықты дайындалып келіпті. Шара аясында қаланың кішкентай тұрғындары өздері әзірлеген экологиялық ғылыми-зерттеу жобаларын көпшілік назарына ұсынып, қорғап шықты.
Солардың ішінде бірінші жас санатында № 6 жалпы білім беретін мектептің оқушылары Максим Спирин мен Ян Щаевтың «Біз мектепте қандай ауамен тыныс аламыз?» атты жобасы, ал екінші жас санатында Абай атындағы мектептің оқушысы Гүлназ Серікованың «Саран қаласындағы қоқысты тиімдірек пайдалану технологиясы» атты жобасы қазылар алқасы тарапынан үздік деп танылып, 1 орынды қанжығалады.
Сонымен қатар, екінші жас санатындағы № 1 мектеп-лицейнің оқушылары Максим Иванов пен Олег Карпухиннің «Күл адам денсаулығына және қоршаған ортаға қалай әсер етеді» атты жобасы 2 орынға лайық деп танылды.
Ал үшінші жас санатында 1 орынды № 1 мектеп-лицейінің оқушылары Кристина Рыбинцева мен Дарья Фефелованың «Әлемнің қақпақтары: пластикалық ластану» атты жобасына бұйырса керек-ті. Екінші орынды № 16 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Лунара Құсайынованың «Темекі күлі – катализатор» атты жобасы, үшінші орынды № 1 мектеп-лицейінің оқушылары Ксения Омельчук пен Полина Передриенконың «Қалдықтарды кәдеге жарату-21 ғасыр мәселесі» атты жобасы иеленді.
Жеңімпаздар құрмет грамоталарымен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Балалардың жобаларын бағалаған қазылар алқасы да жылы ілтипаттарымен бөлісті.
Бүгінгі таңда қоғамда экологиялық тәрбие мен мәдениетті ерте жастан дамыту керек деген ұстаным бар. Егер біз балаларға экомәдениетті жастайынан сіңіретін болсақ, болашақта олардың экологиялық сауаты жоғары болады. Мұнымен қоса жастардың экологиялық білім деңгейін арттыру бағытында кешенді іс-шаралар жүргізілуге тиіс.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ