Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Осыдан 100 жыл бұрын құрылған Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі бүгінде халқымызға дәйекті білім беріп, жастарды тәрбиелеп, сара жолға салған қара шаңырақ, еліміздегі еңселі де беделді оқу орындарының бірі болып саналады. Бір ғасыр тарихы бар білім ордасы бүгінгі күні биік тұғырдан көрініп жүр.

100 жыл мерзім ішінде мыңдаған жоғары білікті мамандарды даярлап, білім беру саласында орасан зор тәжірибе жинақтады. Өте танымал колледж ретінде қалыптасу жолында күрделі және үлкен белестерден өтті. Түлектері Республикамыздың барлық аймақтарында қызмет атқарып жүргенін және жоғары біліктілік, жауапкершілік, білімдарлық көрсетіп, ерекшеленетіндерін үлкен мақтанышпен атап өту қажет.

Осы орайда колледждің мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатып жүрген талантты да талапты, білімді де білікті һәм көпке үлгі, өнеге етіп көрсете алатын бетке ұстар түлектерін колледж қабырғасында тәлім алып жатқан студент жастармен бетпе-бет жүздестіру, сұхбаттастыру, олардың балалық шағынан бастап күні бүгінге дейінгі өткен өмір жолымен өз өмірлерін салыстырып, жалпы өмірге деген, адамдар арасында болатын түрлі жағдайларға деген қарым-қатынастарына баса назар аудартып, олар игерген мамандықдың қыр-сырымен танысып һәм түсініп, түйсігіп, сол арқылы өз бетінше ой қалыптастырып, өмірге және өздері оқып жатқан мамандықтарына деген жаңаша ой қалыптастырып, жастарды бейімділікке тәрбиелеу мақсатында колледждің «Жігер» студенттер парламентінің мұрындық болуымен «Сыр-сұхбат» бағдарламасы ашылған болатын. Күні бүгінге дейін аталмыш бағдарлама аясында студент жастар осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан бірталай түлектермен, колледж қабырғасында талай жылдар тынымсыз еңбек етіп, бүгінде облысымыздың түпкір-түпкірінде білім саласына қызмет жасап жүрген білікті мамандарды тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаздармен сұхбаттасып үлгерді.

Осындай тағылымы мол игі шара колледж қабырғасында өткен аптада жалғасын тапқан болатын. Бұл жолы колледждің 2021 жылғы түлегі Сәби Сәулетұлы «Сыр-сұхбат» бағдарламасының құрметті қонағы атанды.

Сәби Сәулетұлы 2001 жылы осы Саран қаласында дүниеге келген. 2017 жылы тоғызыншы сыныпты аяқтай салысымен, ол осы колледжге «Қазақ тілі және әдибиеті пәні» мамандығы бойынша оқуға түсуге ниет білдіреді. Алайда, өкінішіне орай бұл мамандық бойынша гранттық орындар бос болмағаннан кейін, ол «электрик» мамандығына тапсырып, грантқа өтеді. Онда бір курс оқығаннан кейін, 2018 жылы өзі армандаған «Қазақ тілі және әдибиеті пәні» мамандығы бойынша грантқа қайта тест тапсырып, ақыры діттеген мақсатына жетеді. Содан Сәби Сәулетұлы қара шаңырақ қабырғасында кураторы Бақытжамал Сағындыққызының жетекшілігімен 4 жыл қатарынан біліп алып, 2021-де оқуын қызыл дипломмен тәмамдап шығады. Оқыған жылдары Сәби жәй ғана қатардағы қарапайым студент болған жоқ. Ол осы колледждің ең белсенді әрі білімді студенттерінің бірі ретінде таныла білді. Колледж қабырғасында оқу оқумен қатар, Сәби Сәулетұлы қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі жарыстар мен конкурстарға қатысып, топ жарып жүрді. Ол өз білімін тек колледж бағдарламасындағы білім процесімен ғана емес, басқа да оқудан тыс бағдарламалар бойынша өз білімін үнемі жетілдіріп отырды.  Осылайша ол өзінің болашақ ұстаздық жолына мол тәжірибе жинақтап, 4 жылдан кейін дап-дайын маман болып түлеп шықты.

Қазіргі таңда Сәби Сәулетұлы шаһардағы № 17 мектеп-гимназиясында орыс тілді балаларға «қазақ тілі және әдебиеті» пәнінен ұстаздық етіп жүрген жайы бар.

Кездесу барысында Сәби Сәулетұлы студент жастармен осы колледж қабырғасындағы өзінің студенттік кезеңі жайлы, өзінің өмірі, отбасы, жұмысы жайлы қызықты деректерді айтып беріп, оқуда үздік студент, еңбекте табысты маман болудың тәжірибесімен, қыр-сырымен бөлісті. Сұхбат барысында колледж жастары өздеріне керек деген көптеген мағлұматтармен қанығып, мазалап жүрген сұрақтарына қызықты әрі тұщымды жауап ала алды.

Жеке тұлғалық қасиетке қол жеткізу тақырыбына баса тоқталып өткен Сәби Сәулетұлы, өзінің алға қойған мақсаттары туралы да қызықты әңгімелер өрбітті.

Басқосу барысында студенттер еркін сұрақтар қойып, пікір алмасып, өздеріне үлкен ерік-жігер беретін әдеби кездесудің куәсі бола алды.

Әдеби кездесудің тізгінін ұстаған жүргізушілері Дәрия Ағзамова мен Ислам Еркебұлан жас жас маманның еңбек жолына қысқаша тоқталып, одан жастардың кітап оқу мәдениеті туралы ойын сұрап өтті. Ал кездесу кешін қортыналаған колледждің студентті Ислам Еркебұлан кеш қонағы Сәби Сәулетұлына колледж ұжымының атынан алғыс айтып, арнайы колледж директоры – Владимир Закомолкиннің «Алғыс хатын» табыстады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор