Дербес дерек деген ұғым бар. Оны біріміз білсек, енді біріміз біле де бермейміз. Дербес деректер дегеніміз адамның жеке басына қатысты кез келген ақпарат. Ол бірнеше түрге жіктеледі: жалпы, арнайы және биометриялық. Осының ішінде адамның аты-жөні, паспорт нөмірі, ЖСН, туған жері мен күні, электронды почтасы, отбасылық, әлеуметтік және мүліктік жағдай, оқу және жұмыс орны, сонымен қатар жалақысы адамның жалпы дербес деректеріне жатады.
Міне, осы дербес деректермен байланысты кез келген ақпарат алаяқтардың басты құралына айналуы мүмкін. Кейбірі оның тек адамның жеке басына қатысты дербес дерек екенін аңғармай таратады. Енді бірі білсе де, оның салдарына мән бермейді.
Сондықтан да бізде кез келген азаматтың дербек деректерін қорғайтын арнайы заң бар. Ол заң «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңы деп аталады. Міне, осы заңның талаптарын бұзған кез келген жеке және заңды тұлға қатаң жауапқа тартылмақ.
Жуырда Саран қаласының прокуратурасы қала аумағындағы коммуналдық қызмет көрсететін мекемелерде азаматтардың дербес деректерін және оларды қорғау туралы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді. Нәтижесінде қалалық прокуратура Саран қаласы әкімдігінің Саран қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және түрғын үй инспекциясы бөлімінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Саранкоммунсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны тарапынан жоғарыда аталған Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңының нормаларының өрескел бұзылатындығын анықтаған.
Прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, аталған заңбұзушылық өнім берушінің ұсынған көрсетілетін қызметтеріне төлем жүргізілетін құжат болып табылатын түбіртектен анықталған. Атап айтқанда, «Саранкоммунсервис» ұйымының 2022 жылдың қаңтар айынан желтоқсан айына дейін ұсынған төлем құжатын зерделеу барысында, 12200 жеке меншік иелерінің толық жазылған тегі, аты-жөні, әкесінің аты (бас әріптері) көрсетілетіні белгілі болған.
«Іс жүзінде, «Саранкоммунсервис» қала аумағында үйлерге төлем құжатын жеткізу кезінде, пәтердің болсын не жер үйдің сыртқы темір кіреберіс есігіне, түбіртекті ашық түрде орналастырып кететіні анықталды.
Заңның 20-бабы 1-тармағына сәйкес дербес деректер қорғалуға жатады, оған мемлекет кепілдік береді.», - дейді Саран қаласының прокуроры Жанқозы Нақышев.
Яғни, шаһардың бас прокуроры Жанқозы Олжабайұлының айтуына қарағанда, осы уақытқа дейін «Саранкоммунсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қызметін тұтынатын 12200 қала тұрғынының қорғалуға жататын дербес деректеріне қатысты құқықтары бұзылғаны мәлім.
Демек, «Саранкоммунсервис» алдағы уақытта меншік иелеріне төлем құжаттарын қағаз жүзінде жеткізгенде, меншік иелерінің тегі, аты-жөні, әкесінің аты мүлдем көрсетілмейді», - дейді прокурор Жанқозы Олжабайұлы.
Қала прокурорының айтуынша, бүгінгі таңда аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында Саран қаласы әкімінің атына ұсыну енгізіліп, нәтижесінде түбіртектен 12 200 жеке тұтунышылардың толық жазылған тегі, аты-жөні, әкесінің аты (бас әріптері) алынып,жауапты лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.
«Заң бәрімізге ортақ. Сондықтан, біз өз тарапымыздан, шаһардағы жоғары қадағалауды жүзеге асыратын орган ретінде барлық заңдардың қатаң сақталуын, кез-келген азаматтардың құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз ететін боламыз», - дейді Саран қаласының прокуроры Жанқозы Нақышев.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ