Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

2023 жылдың 27 ақпанында «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Кернебаеваның ұйымдастыруымен шаһардағы Мәдениет үйінде «Шын жүректен алғыс айтамын» атты тағылымды шара өткен болатын.

1 наурыз – Алғыс айту күні  қарсаңында өткен айшықты шараға Саран қаласы орталық мешітінің бас имамы Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлы, «Галекс плюс» ЖШС директоры Галина Бланкина, Саран шаһары мен Ақтас кенті бойынша еріктілер қозғалысының жетекшісі Евгений Хисметов, Қарағанды облысы мен Ақтас кенті бойынша «Жақсылық сыйла» еріктілер қозғалысының жетекшісі Гүлнұр Кулкаева, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» студенттік парламенті мен еріктілер клубының үйлестірушісі Әлішер Манаш, студент жастар мен мектеп оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Мерекелік шараның шымылдығын түрген «Жас Отау» этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұржамал Алдаңғорқызы алғы сөз сөйлеп, қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен 130-дан аса ұлт пен ұлыстың ынтымағын одан әрі нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын бұл мерекенің маңызы ерекше екенін атап өтті.

Жоғарыда аттары аталған азаматтардың аталмыш шараның құрметті қонағы атануы бекер болмаса керек-ті. Аттары аталған құрметті қонақтардың қай-қайсысы болмаса, бәрі де қайырымдылықпен айналысып жүрген жандар.

Мәселен, Саран қаласының орталық мешітінің бас имамы Мұхамедқали қажы Саликов шаһар жұртын қайырымдылық жасауға үндеп, өзі де осы істің басы-қасынан табылып жүрген азаматтардың қатарында. Сол секілді «Галекс плюс» ЖШС директоры Галина Владимировна да өз отандастарына, жерлестеріне, көрші-қолаң, қарт адамдар мен мүгедектерге қол ұшын созып жүрген ерекше жан. Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өз қолынан «Құрмет грамотасын» алған жерлесіміз, Арыс қаласында болған жарылыс, Екібастұз қаласында орын алған апат, тағысын тағы секілді қысылтаяң сәттерде отандастарымызға көмек қолын ең алғаш болып созған жандардың бірі Евгений Елмановичтің ерікті ретіндегі ерліктерін біз айтпасақ та, көкірегі ояу, көзі ашық жандардың бәрі де біледі. Тағы осындай қайырымды істердің басы-қасынан табылып жүрген жерлестеріміздің қатарында кеш қонақтары Қарағанды облысы мен Ақтас кенті бойынша «Жақсылық сыйла» еріктілер қозғалысының жетекшісі Гүлнұр Хасангқызы мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің «Жігер» студенттік парламенті мен еріктілер клубының үйлестірушісі Әлішер Ерболатұлы да бар.

Шақырумен арнайы келген қонақтар еріктілермен кездесіп, көптеген тақырыптарда әңгіме өрбітті. Келген қонақтар кездесу барысында қайырымдылық жайында әңгіме өрбітті, жастарды еріктілік бағытында белсенді болуға шақырды.

Тағылымды шара одан әрмен Саран қаласының балалар өнер мектебінің шәкірттері мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі студенттерінің мерекелік концертіне ұласты.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА