Мемлекет басшысының тапсырмасымен кент әкімдерінің дәстүрлі қорытынды есебі ақпан айының соңғы күндерімен тұспа-тұс келді. Ел алдында есеп беру кезегі Ақтас кентінің әкімін Бауыржан Акановқа да келіп жетті. Әкім болып сайланғалы бұл Бауыржан Заруханұлының екінші рет халық алдын есеп беруі. Жиын барысында кент әкімі 2022 жылы атқарған ілкімді істерін сүзгіден өткізді. Нақты көрсеткіштерге тоқтап, жеткен жетістік пен бір жылда бағындырған белестерді баяндады.
Жиында халықтың әл-ауқатымен қатар, ертеңгі күнге деген сенімі де арта түскені анық аңғарылды. Себебі кент әкімі жалпыға ортақ мақсаттарға ден қойып, ортақ игілік үшін істелетін жұмыстарға назар аудара отырып, қызмет етсе керек-ті.
ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ
Ақтас кентінің әкімі Бауыржан акановтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар қызметінің негізгі қағидаты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қатаң сақтау болып табылады. Сол үшін де мемлекеттік қызметкерлер халықпен сындарлы диалог жүргізуге, адамдардың қажеттіліктеріне жауап беруге әрқашан дайын және сол мақсатта тұрақты кездесулер өткізіп келе жатқан жайы бар дейді әкім.
Мәселен, Бауыржан Заруханұлы кездесу барысында баяндап өткендей, өткен 2022 жылы ол «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын орындау мақсатында кент тұрғындарымен 4 рет тұрақты кездесу өткізген екен. Сол аталған кездесулер барысында әкімге 73 сұрақ келіп түссе, оның 64-не кездесулер барысында түсініктемелер берілсе керек-ті. Бұдан бөлек, кездесулер барысында әкімге берілген 9 тапсырма бақылауға алынып, бүгінгі таңда олардың барылығы дерлік орындалып та қойған.
«Есепті кезеңде әкімдікке 44 өтініш, «Senim109» қызметі арқылы - 40 өтініш келіп түсті. Олардың басым бөлігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағытына қатысты өтініштер.
Осы тұста сіздердің әлеуметтік желілердегі белсенділіктеріңіз де туындаған мәселелерді дер кезінде анықтауға және шұғыл шешуге көмектескендігін ерекше атап өткім келеді. Бұған қоса, жеке өзімнің және аппарат мамандарының тарапынан тұрғындарды ақпараттандыру және кері байланыс жасау мақсатында 2022 жылы 7 тікелей эфир өткізілді», - деді Бауыржан Заруханұлы кент тұрғындары алдындағы есеп беру кездесуінің барысында.
ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ
Есеп беру барысында Ақтас кентінің әкімі тілге тиек еткен тағы бір өзекті мәселе - кент аумағындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту. Кент әкімінің мәлімдеуінше,өткен жылы жергілікті қоғамдастықтың 7 жиналысы өткізілген екен. Онда жергілікті маңызы бар 20 - дан астам мәселе қаралып, Ақтас кентінің 2023-2025 жылдарға арналған жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағдарламасы бекітілсе керек-ті.
Сонымен қатар, Бауыржан Аканов Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті қоғамдастықтың жиындары мен жиналыстарына қатысу үшін жергілікті қоғамдастықтағы кент тұрғындары өкілдерінің сандық құрамы да өзгергендігін айтады:
«Осыған дейін жиынға 492 тұрғын кірген болатын, ал жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті қоғамдастықтағы кент тұрғындарының саны 50 тұрғынды ғана құрап отырған жайы бар. Бұдан бөлек, сайланған жиналыстың сандық құрамы 20 адамнан 10 өкілге дейін төмендеді.
Осы өзгерістерді ескере отырып, жаңа сандық құрамға сәйкес кенттің жергілікті қоғамдастығының өкілдерін сайлау үшін үйлер мен көшелер бойынша ағымдағы жылға арналған бөлек жиындарды өткізу кестесі жасалды. Бұл жұмыс осы жылдың сәуір айынан басталады», - дейді кент әкімі.
САЛЫҚ ТҮСІМДЕРІ
«4 жыл бойы кент бюджеті жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті арқылы толық іске асырылып келеді», - дейді Бауыржан Аканов.
Оның баяндауынша, өткен жылғы бюджетке түскен түсімдер көлемі 575 млн.328 мың теңгені құрап отыр, оның ішінде 31 млн. теңге - салықтық/салықтық емес түсімдер есебінен, ал оның үлес салмағы трансферттерге тиесілі, 90,7% құрайды. Кент әкімінің баяндауынша бюджет қаражатын 100% игеру толықтай қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі бойынша техникалық паспорт дайындау, жер учаскесінің кадастрлық құнын анықтау және кент зираты нысаны бойынша құжаттаманы ресімдеу жұмыстары жүргізілген екен.
Ал Ақтас кенті бойынша 2023 жылға бекітілген бюджет 603 млн. 434,0 мың теңгені құраса керек-ті. Оның ішінде трансферттер мен субсидиялар 578 млн. 374,0 мың теңгені, ал өз кірістері 25 млн. 060,0 мың теңгені құрап отырған көрінеді.
КӘСІПКЕРЛІК ҺӘМ АУЫЛ
ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Бауыржан Заруханұлы баяндап өткендей, әкім қызметіндегі басты басымдық кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту болып қала бермек.
Оған дәлел кенттегі кәсіпкерлер санының артуы. Мәселен, 2021 жылы Ақтас кенті бойынша 313 кәсіпкер тіркелген болса, 2022 жылы тілкелген кәсіпкерлер саны 339ға артқан. Бұдан бөлек, кентте көмір, темірбетон бұйымдары, тауарлық бетон өндіретін 2 қала құраушы кәсіпорын да өз жұмыстарын сәтті жалғастыруда.
Ол аз десеңіз, кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде қызметті кеңейтуге 15,6 млн. теңге сомасында 4 жобаға кепілдік берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына 2 грант берілді. Атап айтқанда, жаңа бизнес - идеяларын іске асыруға 2,45 млн. теңге (жиһаз жасау-Асқар ЖК, ойын бөлмесі-Шұғаев ЖК) сомасындағы гранттар.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 100,7% - ға артқан. Сонымен қатар, «Ауыл-Береке» жәрмеңкесі өткізіліп, онда 13 млн. теңгеден астам сомаға ауыл шаруашылығы өнімдері (оның ішінде өнеркәсіптік тауарлар) сатылған. Онымен қоса, кент тұрғындарының өтініштері бойынша ветеринарлық қызметтер 140 қаңғыбас жануарларды ұстады.
ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ
ШАРУАШЫЛЫҒЫ
«Өздеріңіз де білетіндей, 2022 жыл бойы тұрақты кездесулерде мен сізге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында не істелгені туралы баяндаған болатынмын, ендігі кезекте ағымдағы жылға не жоспарланғаны туралы тілге тиек ете кетсек деп отырмыз.
Мәселен, жылумен жабдықтау бойынша – «Токушев» ЖК №18 қазандығы бойынша апатты учаскелердегі 2 қазандық пен жылу желілерін ауыстыру жоспарланған.
«Сарантелосервис» ЖШС «Нұрлы Жол» қазандығында 3 қазандық, 3 түтін сорғыш және 3 басқару шкафын ауыстыру жоспарланған.
Электрмен жабдықтау бойынша – «Қарағанды Жарық» ЖШС 2022 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Бородина көшесі бойынша жаңа ТТҚС (толық трансформаторлық қосалқы станция) орнатылды және Привольная көшесінің (тақ жағы) үй маңындағы учаскелерінен ЭЖ шығару жұмыстары басталды, олар ағымдағы жылы да жалғасатын болады», - деді кент әкімі Бауыржан Заруханұлы.
Сонымен қатар, әкімнің баяндауынша «Бытовая» қосалқы станциясының 4-ТП-121 фидеріне жаңа тіректерді орнату және электр желілерін тарту, оның ішінде 21 орам бойынша ішінара қайта құру жұмыстары басталды.
Сумен жабдықтау бойынша тілге тиек ететін болсақ, 2022 жылы «Қарағанды Су» Ал ағымдағы жылы қызмет беруші Бородина, 7 көшесіндегі ұзындығы 200 м құрайтын д160 (пластик) су құбырын ауыстыруды, Первомайская, 8 көшесіндегі ұзындығы 200 м құрайтын д160 (пластик) су құбырын ауыстыруды, Ковыльная, 8 көшесіндегі ұзындығы 200 м құрайтын д110 (пластик) су құбырын ауыстыруды, кент бойынша өрт гидранттарын жөндеу және ауыстыруды, су құбыры және кәріз желілерін ағымдағы жөндеуден өткізуді жоспарлап отырған жайы бар.
АБАТТАНДЫРУ
Кентті абаттандыру тұрғысынан да бірқатар ілкім істер атқарылса керек-ті. Ол туралы Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Акановкелесідей баяндады:
«2022 жылы көшедегі жарықшамдардың жұмыс істеуі қамтамасыз етілді: жарықшамдар ортатылған 353 бағаналардың қызметі, оның ішінде 125,1 мың кВт/сағ. электр энергиясы үшін төлем жасау бар. Биылғы жылы көше жарығын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, Первомайская көшесі 16 б, 14 а, б, в үйлерінің ауласындағы, шағын аудандағы 1-ден 8-ге дейінгі үйлердегі, Ковылная, Гастелло, Транспортная көшелеріндегі 126 тірек бағаналарын қалпына келтіру жұмыстары», - деді ол.
Аулалар, көшелер, гүлзарларды абаттандыру бойынша өткен жылы 10 ойын алаңы, 2 аула аумағы, 18 орамдағы футбол алаңы жөнделді, Кржижановский көшесінде тротуар орнатылды.
Бұдан бөлек кент әкімі Бауыржан Заруханұлы жол, тазалық, денсаулық сақтау, білім салаларына қатысты атқарылған жұмыстар мен алға қойылған міндеттер бойынша баяндап өтті.
Мәселен, 2022 жылы 8887 ш.м. автомобиль жолдары асфальтталды, атап айтқанда Бородина көшесі бойымен, сондай-ақ Саратовская көшесінен зиратқа дейінгі жол төселді. Ал кенттің санитарлық жағдайы Бауыржан Заруханұлының айтуына қарағанда айтарлықтай жақсарған. Мәселен, 2022 жылдың тамыз айынан бастап қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды күнделікті негізде Фатхутдинов ЖК жүзеге асырып жатқан жайы бар. Кент әкімінің мәлімдеуінше, есепті кезеңде Бородина көшесі, Первомайская көшесі, 16 6 және 13 орамда кент бойынша барлығы 30 қоқыс жәшігі және 3 қоқыс алаңы орнатылса керек-ті.
Ақтас кенті әкімінің баяндауынша жергілікті атқарушы биліктің жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау және көмек көрсету болып қала бермек.
«2022 жылы Жұмыспен қамту мәселелері бойынша кенттің 148 тұрғыны жұмыспен қамтылды, 91 адам жұмысқа орналастырылды, қоғамдық жұмыстарға - 41 адам, жастар практикасына - 2 адам, кәсіптік оқытуға - 5 адам жіберілді. «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында 8 жас маман жұмысқа орналастырылды», - деді Бауыржан Аканов.
Білім саласына қатысты атқарылған ілкімді істер де ауыз толтырып айтарлықтай.
«Бала туу мен балалар санының артуымен, әдетте, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне қажеттілік туындайды. 2022 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 102 бала баратын жаңа «Әдемі» балабақшасы ашылды. Онда 2 жастан 5 жасқа дейін 6 топ жұмыс істейді», - дейді әкім.
Сонымен қатар, Бауыржан Заруханұлының мәлімдеуінше, оқу процесі штаттық режимде жүргізіледі. Қазіргі таңда, мектептердің қажетті жабдықтармен, оқулықтармен, әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілуі-100 %-ды қамтып отыр.
Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан бастауыш сынып оқушылары үшін мектептерде тегін тамақтану ұйымдастырылған.
«Мәдени-сауық орталығы есепті кезеңде 29,3 мың адамды қамти отырып, 211 іс - шара өткізді, 485 адамды қамтитын 25 клубтық құралым, 180 адамды қамтитын 10 спорт секциясы жұмыс істейді.
Кітапхананың 2,5 мың оқырманы үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Қазақстан кітапханаларын жаңғырту шеңберінде 2022 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттан біздің барлық кітапхана үй-жайларына ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2022 жылы Первомайская көшесінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы басталды, нысан құрылысының аяқталу мерзімі 2024 жылға жоспарланған», - деді әкім.
Есеп беру қарсаңында әкім аппараты жұртшылықтың сұрақ қойып, хабарласа алуына мүмкіндік жасап, арнайы телефон нөмірлерін қойды. Жиналғандарға алдымен соған түскен сұрақтар бойынша түсініктеме берілді. Есеп берудің мұндайлық әдістәсілі, әрине көпшілікке ұнады. Қойылған әрбір сұраққа кент әкімі тұщымды жауап беріп, тұрғындар көтерген мәселе үнемі назарда болатынын жеткізді. Соңында Бауыржан Аканов жиынды қорытындылап, бірлесе атқарылған істердің берекелі де табысты болатындығына мән берді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ