Тіл-қай елде болмасын қастерлі, құдіретті рухани, әрі тарихи құндылық. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл-өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат екені анық. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт- дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі- ана тілі.
Жылдан жылға мемлекеттік тілді үйренемін деген жастар көбейіп келеді. Саран қаласының жастары арасында мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалған. Қала жастары және тұрғындары қазақ тілін тілдерді оқыту орталығынан үйрене алады. Курс тегін өтеді. Курсты аяқтаған тұрғындар үшін курстан өткен материалдарын ұмытып қалмай, ауыз екі сөйлеу дағдыларын дамыту, қолайлы тілдік орта қалыптастыру мақсатында әр сәрсенбі сайын «Мәміле» сөйлесу клубының отырыстары өтеді.
Мемлекеттік тілді оқыту курсынан өткен тыңдаушылармен байланысты сақтап, олардың курста алған білімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында «Til.kz» онлайн клубы жұмыс істейді. Клуб мүшелері WhatsApp қосымшасы арқылы түрлі тапсырмалар орындайды, орындаған тапсырмаларын Tik-tok, Instagram әлеуметтік желілері арқылы жариялап отырады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде қала әкімінің жастар арасында тағайындалатын «Қыран» сыйлығында «Мемлекеттік тіл - болашағым» номинациясы қарастырылған. 2022 жылғы аталған номинацияның иегері Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы – Светлана Марченко болды.
Биылғы жылы дәстүрлі шаралармен қатар тың жобалар да қолға алынуда. Солардың бірі - «Тілі бірдің – тілегі бір» жобасы. Бұл жобаның басты мақсаты: мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру арқылы қала тұрғындарының қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстарын арттыру, олардың мемлекеттік тілді меңгерулеріне ықпал ету.
Мемлекеттік тіл мәртебелі болуы керек, әсіресе жастардың арасында. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесіне айналуда. Бұл ретте қазақ тілін алдымен өскелең ұрпақ жастардың бойына сіңіруден бастау қажеттігін баса айту қажет. Себебі, мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық беріледі. Өзің өмір сүріп отырған мемлекеттің тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің бастауы, тірегі.
А. Жандыбаева,
Саран қаласы тілдерді дамыту
орталығының әдіскері