Біреулер заңды білмей, ал біреулері біле тұра әртүрлі себептермен заңға қайшы әрекеттерге бой алдырып жатады. Қоғамдағы қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермей, күнделікті тәртіпті қадағалап отыратын тәртіп сақшыларының назарына мұндай әрекеттер әрине бірден ілінеді.
Тәртіп сақшылары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес хаттама толтырып, заңға сәйкес белгіленген мөлшерде айыппұл салады. Сізге салынған әкімшілік айыппұлды жеті тәулік ішінде төлесеңіз, онда айыппұлдың жарты сомасын, яғни 50 пайызын ғана төлейсіз. Айыппұлдың толық сомасын төлегенге қарағанда, жарты сомасын төлеген әлдеқайда тиімді ғой. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ерікті түрде төлеуге 40 күндік уақыт беріледі. Ал айыппұл көрсетілген мерзімде төленбеген жағдайда әкімшілік материал мәжбүрлеп өндіріп алынатын, орындату өндірісінің шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығуға шектеу қоятын мемлекеттік немесе жеке сот орындаушыларға жіберіледі. Жеке сот орындаушыларға әкімшілік материал жіберілсе, айыппұлды өндіріп алу жұмысы үшін, айыппұлдың 10 - нан 25 % дейінгі сомасын, құқық бұзушы негізгі айыппұлдың сомасына қосып төлейді. Айыппұлды ерікті төлеу мерзімінде төлмеген жағдайда, Сізге мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілмейді.
Қарап отырсаңыз, Заң – заңға бағынбайтындарды аямайды. Сондықтан қалтаңыздан қағылғыңыз келмесе, айыппұлды уақытылы төлеп, айыппұлдың үстіне айыппұл өсірмеуге тырысу қажет. Ал тіпті қалтаңыз бүтін болсын десеңіз, құқықбұзушылыққа жол бермеңіз! Сіздің қолыңызбен жасалған құқықбұзушылық басқаның өміріне зиян келтіреді. Сондықтан өзіміздің де, өзгенің де өміріне сақ болайық!
Ж. Джумашева,
Саран қаласының
Полиция бөлімі