Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жайма шуақ көктемнің алғашқы айы Наурызда қазақ халқы бірқатар ырыс пен береке алып келетін атаулы мейрамдарды тойлайды. Сондай мерекенің бірі – қазақ халқының көнеден Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының мерейлі бастауы ретінде тойлап келе жатқан – Көрісу күні.

Бұл күнде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Адамдар өзара бұрынғы өкпе-реніштерін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Осы бір берекелі де мерекелі мейрамды шаһарымыздағы мектептер де ерекше атап өтті. Атап айтқанда көрісу күніне арналған игілікті шаралар қаладағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп пен № 1 мектеп-лицейінің қабырғасында мерекеленді.

Мектеп оқытушылары өз қолдарымен бауырсақ пісіріп, Наурыз көже жасап, таңертеңнен оқушыларды қарсы алып, балалармен көрісіп, шашу шашылды. Оқушыларға алғыстар айтылып, оқушылар тарапынан ұстаздар қауымына шын жүректен алғыстар, тілектер айтылып, мәре-сәре болды.

Сәлем-сауқатын сұрасқан жұрт мұнда жай жүрген жоқ. Әз-Наурыз айының алғашқы мерекесі – көрісу күнін атап өту үшін келген. Алдымен меймандар сәлемдесіп, жағдай сұрасты. Ұстаздар ақ дастархан жайып, тәтті бауырсақтарын ұсынды. Сіз бен біз болып, салт-жоралғыны насихаттау, міне, осылай басталды. Мерекелік ән-күй де осы ғұрыптың аясында орындалды.

– Бұл күні тұрғындар бір-бірін көктемнің басталуымен құттықтап, үлкендерге құрмет көрсетеді, жақындарына ізгі тілектерін жеткізеді. Ертеде бұл күні адамдар сәлем айтып, «Жаңа жасыңызбен!». Бұл күннің мағынасы зор. Біздің ұстаздар қауымы да шетте қалмай, осы іс-шараны біздің мектептің қабырғасында өткізудің бастамашысы болды. Бүгін біз Наурыз мейрамының әсемдігін, маңыздылығын білу үшін ғасырлар тереңдігіне сүңгіп кеттік, – деп бөлісті мектептің оқытушысы Әйгерім Мәуленова.

Көрісу күнінде көпшілік бір-бірімен хал сұрасып, өткен-кеткенді әңгімелеумен шектелмеді. Халқымыздың төл өнерін жаңғыртты. Бірі дәстүрлі, халық әндерін айтты. Ал екіншісі мерекенің маңызын түсіндірді. Оқушылар жағы мерекеден жақсы әсер алдық дейді.

Балалар құрмет-қошеметпен Қыдыр атаны қарсы алды. Ол ұл-қыздарға өзінің ақ батасын беріп, сыйлығын табыс етті. Сондай-ақ, ақжаулықты ана шашу шашты. Оқушылар түрлі ойын ойнап, мәз-мейрам болысты. Балалар өз әсерлерімен бөлісті.

– Бір-бірімізге тілектер айттық. Көрісу күні жайлы біраз ақпарат білдік. Бүгінгі шарада маған әженің шашу шашқаны ұнады. Жерден тәттілерді тез теріп алдым. Салт-дәстүр бойынша сұрақтар қойылды, – дейді Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы.

Көрісу қазақ халқында ежелден келе жатқан, күні бүгінге дейін сақталған дәстүр. Бұл күні адамдар бір-бірімен амандасып, жақсылық тілейді, қауышады, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіреді. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір-біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Сонымен қатар әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы тоқ жүріп, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні ошақ қасында, жақындарымен бірге болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам өз аймағына жолы түскен бойда көпті көрген үлкендердің қолын алып, сәлем беруге тиіс.

Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жыл бастауы – Наурыз мейрамын қарсы алады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ