Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Халқымыздың барлық асыл қасиеті, салт-дәстүрі, өнері паш етілетін көнеден жеткен тағылымды мейрам – Наурыз. Бұл – біздің халқымыз үшін ең қастерлі мереке. Сондықтан да, оның мәні зор, мағынасы терең.

Саралап көрер болсақ, тарихи тамырын тереңнен тартқан Наурыз – бар жақсылықтың бастауы, көктем мен еңбектің, жаңару мен рухани тазарудың, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың жарқын да мерейлі мерекесі. Бұл күні аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, Күн мен Түн теңеліп, адамдардың аузы аққа тиіп, жер бетіне шаттық орнайды, дала төсі дүбірге бөленеді. Ағайын-туыс қауышып көрісіп, бір-бірін наурызкөжеге шақырып, өткенге салауат айтып, болашаққа адал көңілмен, жақсы үмітпен қарайды.

Міне, осы жер жаһанды сері самалға өпкізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, жеті қат жер астына дейін балқытып жеткен әз Наурыз мерекесі 17 наурыз  күні шаһарымыздағы Хәкім Абайдың есімін арқалан жалпы білім беретін мектебінің қабырғасында ерекше мерекеленді. Аталмыш білім ошағындағы «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» атты қалалық мерекелік шара шаһардағы білім беру ұйымдарының ұйымдастыруымен өткізілді.

Абай атындағы мектептің 1-қабатында балалар музыка мектебінің оқытушысы Абжатов Ғабиден Хамитұлы жетекшілік ететін домбырашылар оркестерінің әсем күй орындауымен Наурыз мейрамына арналған аталмыш мерекелік шараның шымылдығы түрілді. Сонымен қатар Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің маманы Ринат Тілеубековтың бастамасымен Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері ұйымдастырған қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды.

Абай залында Саран қаласы мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері «Қолөнер – сырлы өнер» көрмелерін ұйымдастырды. Coworking орталығында Абай атындағы мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Д. Шаймұрат пен Саран қаласы балабақшаларының тәрбиешілері «Тұсаукесер» дәстүрі мен бала тәрбиесіне байланысты қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетті.

Ал мектеп ғимаратының 2-қабатында «Қазақтың ұлттық ет тағамдары», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Ұннан дайындалатын ұлттық тағамдары мен ұлттық сүт тағамдары» таныстырылды. № 16 жалпы білім беретін мектептің мұғалімдері қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетсе, № 7 мектеп-интернатының мұғалімдері «Қырқынан шығару» дәстүрінен көпшілік назарына қысқаша қойылым ұсынды. Шара Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің маманы Ринат Тілеубеков пен Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру мұғалімдері ұйымдастырған «Асық ату» ұлттық ойынымен жалғасын тапты.

«Әкеге қарап ұл өсер ...» әкелер мектебі жобасы аясында ұл балаларға зергерлік бұйымдардың жасалуы, қамшы өру және торсық жасау технологиялары көрсетіліп, кештің құрметті қонақтары олардың жасалу ерекшелігімен танысты. Ал «Әже – кейінгі жастардың тәрбиешісі» атты әжелер мектебі жобасын аясындағы  қыз балаларға ұлттық қолөнерді үйрету мақсатында ұйымдастырылған ұршық иіру, жүн түту, құрақ құрау әдістері көпшілік көңілінен шықты десек артық айтпаған боламыз.

Ұлыс күні айшықталған айтулы шара білім ошағының 3-қабатына ауысты. Онда қалалық бастауыш пәні мұғалімдерінің «Наурыз – бірлік пен ізгіліктің бастауы» көрмесінде ұлттық тағамдар қойылып, көпшілікке таныстырылды.

«Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастамасы» концертінде қалалық білім бөлімінің басшысы Бақтыбаев Арман Болатұлы, шара қонақтары Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қарағанды облысының білім басқарамасы жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Смагулова Ғазиза Кабдоллақызы, Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Қарағанды облысының қоғамдық бірлестігінің басшысы Абдрахманова Майра Тулеубековна, мектебіміздің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Құлжанбеков Айдын, Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ерденбай Елубайұлы жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Осылайша, Абай атындағы мектепте тойланған ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі барлық сән-салтанатымен кеш қонақтарының есінде қалды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор