Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

2023 жылғы 19 наурызда Қазақстанда Парламент мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау басталды. Сайлауға жеті партия өз кандидаттарын ұсынды. Бұл сайлау – 7 партия мен мажоритарлы жүйе бойынша бір мандатты округтерден үміткер тұлғалардың бәсекесі болды.

Олар «Ақ жол» демократиялық партиясы, Amanat партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан халықтық партиясы, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы, Respublica партиясы.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауда 5 бюллетень берілді. Екі бюллетень Мәжіліс депутаттарын, үшеуі мәслихат депутаттарын таңдауға арналды.

Иә, осылайша «2004 жылдан кейін арманға айналған мажоритарлы сайлау жүйесі қайта енгізілді, азаматтарға партиялық тізіммен ғана емес, жеке өзін ұсынуға мүмкіндік жасалды» деп мақтауын асырған кезекті саяси дода да өз мәресіне жетті. Еxit poll нәтижесін жариялады. Олардың меже есебі бойынша «Amanat» партиясы - 53,46%, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 10,52%, «Respublica» партиясы - 8,90%, Қазақстан Халық партиясы - 6,25%, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы - 3,22%, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 7,87%, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 5,31%.

Осылайша  дауыс беру нәтижесі баршаға мәлім болды. Ал біз аталмыш сайлау процесі Саран шаһарында қалай басталып, қалай жүзеге асырылғы туралы қысқаша тоқталып өтсек.

29987 сайлаушысы бар Саран шаһарындағы дауыс беру процесі қарқынды болды. Саран қаласы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, дауыс беруге 18065 сайлаушы қатысқан, олардың ішінде есептен шығару куәліктері бойынша 3 сайлаушы дауыс берсе, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 423 сайлаушы дауыс берді. Кандидаттардың жалпы саны - 28.

Ал, сайлауды ашық та әділ өткізу үшін  Саран қаласы мен Ақтас кентінде  барлық учаскелер алдын ала талапқа сай жабдықталды. Жасырын дауыс беру кабиналары, бюллетень салатын жәшіктер, байқаушылар, сайлау комиссияларының мүшелері отыратын орындар  бәрі де қарастырылған. Таң атысымен өздері тіркелген сайлау учаскелеріне асыққан сарандықтардың дені түске дейін-ақ дауыстарын беріп үлгеріпті.

Дегенмен, тұрғындардың ұйымшылдығына қарап ақ, саяси доданың қаншалықты қызықты әрі тартысты екенін бағамдауға болады. Осыған қарап-ақ, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депуттарының кезектен тыс сайлауының жаңа форматы Қазақстандағы саяси жүйенің демократиялануының көрсеткіші деп білдік. Мәжіліс һәм мәслихат депуттарының жаңа құрамын жасақтауға атсалысқандардың легі  таңертеңнен бері саябырсыған жоқ.

Саран қаласы мен Ақтас кентіндегі сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де жұмысқа кірісіп, 8:00-ден бастап сайлаушыларға есігін айқара ашты. Саяси додадан үлкен үміт күткен Саран шаһары мен Ақтас кентінің тұрғындары өздерінің белгіленген учаскелеріне ағылып жатты. Елдің кемел келешегі, ертеңі үшін алаңдаған қарияларға дейін дауыс берді.

«Сайлаушылар осында келіп, емін-еркін өз таңдауларын жасап жатыр. Учаскеде барлық заң талаптары сақталған, комиссия үйлесімді жұмыс жасауда. Бақылаушылар дауыс беру процесін бақылап отыр. Барлығы ашық түрде өтуде», - деді 263 сайлау учаскесіндегі комиссия төрағасы Жанат Нұрсалиева.

Басқа сайлау учаскелерінде де осыған ұқсас жағдайларды байқадық. Мәселен, № 264 сайлау учаскесіне дауыс беру үшін келген азаматтардың қарасы көп болды. Учаскедегі сайлау комиссиясы мүшелерінің айтуынша, түске қарай адам көбеймек.

«Нөмірі 264-ші дауыс беру учаскесі де тәртіпке сай жұмыстарын жүргізіп отыр. Барлығы да азаматтық құқықтарын тиісті деңгейде жүзеге асырып жатыр. Адамдар таңғы сағат жетілерден бастап дауыс беруге келіп жатыр. Байқап отырғандарыңыздай халықтың белсенделігі жоғары. Әзірге байқағаным, дауыс беріп жатқандардың ішінде орта жастағы азаматтардың саны көбірек», - деді 264 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Татьяна Ермолаева.

Сонымен қатар, біз аталмыш сайлау учаскелеріндегі бақылаушыларды да сөзге тартқан болатынбыз. Бақылаушылардың айтуынша, алғашқы сағаттардан-ақ азаматтар сайлауға қатысуда жоғары белсенділік танытқан. Сонымен қатар, олар тұрғындарды сайлауға белсенді қатысуға және шет қалмауға шақырды.

«Мен сайлау басталардан бұрын осы № 263 сайлау учаскесіне келдім. Дауыс беру пунктінің жұмыстарымен таныстым. Сайлау алдындағы дайындық өте жоғары екен. Сайлаушылардың дауыс беру кабиналарына кіріп шығуына ешқандай кедергілер мен заң бұзушылықтар жоқ. Тұрғындар да белсенділік танытып жатыр. Мен де, өз тарапымнан қадам жасап, сайлау үдерісіне қатыстым. Кең байтақ жеріміздің саналы, жауапты азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым», – деді сайлауға «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан бақылаушы ретінде қатысып отырған Қуаныш Рымбеков.

Иә, Саран шаһарының тұрғындары үшін де бұл маңызды күн болды. Сондықтан мерекелік көңілмен келіп, болашақтан үміт күтетіндерін айтты.

«Қазақстанның болашағын елім деген ерлер көркейтетініне кәміл сенемін. Сондықтан, сайлауға түскен патриот азаматтарға дауыс беруден қалыс қалмауымыз керек. Ал сайлаудан күтетініміз көп. Үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларда айтылған уәделері орындалса, жаңа реформалар, тың өзгерістер болса, жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімім мол», - деді 268 сайлау учаскесіне келіп өз дауысын берген шаһардың бас имамы Мұхамедқали қажы Саликов.

Сонымен қатар, сайлау күні шаһарда тегін тасымал ұйымдастырылды. Атап айтқанда, шаһардағы Volkswagen T4 автоклубының қатысушылары қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерін сайлау учаскелеріне тегін алып барып, тегін алып қайтты. Акцияға аталмыш автоклубтан бес көлік жұмылдырылды.

«Біз осындай акцияны өзіміз өткізуді шештік. Ардагерлер ең жауапты сайлаушылар, олар бірінші болып сайлауға барады. Біз оларды үйден алып, сайлау учаскесіне апардық. Қажет болған жағдайда қастарында еріп жүрдік. Дауыс беріп болғаннан кейін қарт әжелерімізді үйлеріне жеткізіп тастадық», - деді автоклуб қатысушыларының бірі Алексей Архипов.

Ал ардагер әжелеріміз болса,  автоволонтерлердің игі бастамасына ризашылықтарын білдірді.

«Сайлау Қазақстан Республикасындағы саяси процестің маңызды бөлігі. Сондай-ақ, аталмыш автоклубтың жастары бізді сайлау учаскелеріне апаруды ұсынды. Біз бұл жастардың осындай жанашырлықтары мен қамқорлықтарына дән ризамыз», - деп атап өтті Саран қаласының Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің сауда және тамақтану бастауыш ұйымының төрағасы Айман Хайруллина.

Осылайша күні кеше өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау науқанында Саран қаласының халқы бірліктің, тұтастықтың ерен үлгісін көрсете білді. Қазақстан жаңа кезең мен тарихи өзгерістер алдында тұр. Осы бір саяси додада халықтың нағыз сеніміне ие болған азаматтар саяси жаңғырудың экономикалық өзгерістерге ұласуына бірден-бір ықпал ете алатын тұлғалар. Сайлау кезінде халық таңдау жасаған азаматтар ендігі елдегі барша күрмеуі шешілмей тұрған мәселенің түйінін тарқатып, шешімін табатынына, сансыз сауалдарға оң жауап табатынына сенеміз.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА