Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі талай жауапты да маңызды қадамдар жасалып, салт-дәстүріміз, тарихи-мәдени құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алды. Енді міне ел алдында тағы бір жауапты үлкен іс тұр. Ол латын әрпіне көшу.

Латын әліпбиі қазақ халқының әлемдік деңгейге көтеріліп, өз төбесін көрсетуіне үлкен үлес қосары сөзсіз. Бұл тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкінтіп, заманның өзі талап еткен бастама.

Үкімет 2023 жылдан бастап 2031 жылға дейін латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшуді жоспарлаған болатын. Міне, сол айтқан жұмыстар ендігі басталып та кетсе керек.

Үстіміздегі жылғы 30 наурызда Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының мультимедиялық кабинетінде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі студенттерінің қатысуымен «Латын графикасында оқу және жазу дағдысын қалыптастырайық!» тақырыбында тренинг өткізілді.

Тренингті қалалық тілдерді дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Альбина Нурмаханова ашып, тренингтің мақсаты мен маңызын түсіндірді. Одан кейін аталмыш тіл орталығының қазақ тілі оқытушысы Динара Жупенова латын графикасының жетілдірілген нұсқасымен таныстырып, ондағы диакритикалық таңбалар туралы ақпарат берді. Ал орталықтың латын бойынша әдіскері Алина Жандыбаева латын графикасының жетілдірілген нұсқасы негізінде қатысушыларға түрлі тапсырмалар орындатты. Қатысушылардың оқылым мен жазылым дағдысын қалыптастыру мақсатында жаттығу жұмыстары берілді. Тапсырмаларды орындау барысында әліпбиді үйрену қиынға соқпайтыны байқалды.

«Осы тренингті өткізудегі ең басты мақсатымыз - ол халық арасында латын әліпбиін таныстыру жұмыстарын жандандыру. Бізде жылдық жоспардан бөлек, латын графикасына негізделген жылдық іс-шаралар жоспары да бар. Сол негізде біз осы іс-шараны өткізіп жатқан жайымыз бар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Аталған тұжырымдаманың екінші тарауы толықтай латын қарпіне арналған», - дейді Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы Альбина Нурмаханова.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ