Наурыз айының соңғы күндерінде Қазтұтынуодағы Қарағанды Университетінде баскетболдан ұлдар мен қыздар арасындағы облыстық «Ұлттық студенттік лига» ойыны өткен болатын.
Қарағанды облысының жоғары оқу орындары студенттерінің арасында өткен спартакиаданың ұйымдастырылуы мен өткізілуіне жалпы басшылықты «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы жасады. Ал аталмыш жарысты өткізудегі мақсат – жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануды дәріптеу, елімізде баскетбол ойынын кеңінен тарату және жоғары оқу орындарының топтарына қолдау көрсету болды дейді ұйымдастыруышлар.
Ұлдар арасында өткен ойындарға қарағанды Облысының әр жоғары оқу орындарынан әрқайсысы бойынша 10 ұл + 1 жаттықтырушыдан тұратын 15 команда қатысса, қыздар арасында өткен сайысқа әрқайсысы 10 қыз + 1жаттықтырушыдан тұратын 8 команда қатысып, өз-ара бақ сынасты.
Студенттік лига тартысты өтті. Баптары мен бақтары қатар колледж командалары арасында табанды ойын өтті. Ойын нәтижесі бойынша Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің баскетболшы қыздары топ жарып, 1 орынды иеленді.
– Студенттер арасында осы сынды спорттық сайыстарды өткізудің маңыздылығы зор. Себебі жастардың тек білімді ғана емес, денсаулығы да мықты болуы қажет. Жалпы спорт студенттік жастардың білімге деген құштарлығы мен еңбекке қабілеттілігін арттыру үшін олардың күнделікті өмірінен көрініс тапқаны жөн, – дейді Абай Құнанбаев атындағы СЖГТК қыздар командасының жаттықтырушысы Светлана Якунина.
Ал баскетболдан қыздар командасының мүшесі Ввгения Бенко: – Ойын тартысты өтті. Қарсыластардың барлығы да бір деңгейде мықты болды. Ешқандай осал команда болған жоқ. Десек те біз намысты қолдан бермеуге тырысып, жақсы ойын үлгісін көрсете алдық деп ойлаймын. Ал нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар, – деп ағынан жарылды.
Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің дарынды жастарынан құралған қыздар командасын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Олар спортты өздерінің серігі санайды. Күнделікті оқуларына қарамастан жаттығуларын құр жібермейді. Армандары түрлі деңгейдегі жарыстарда Саран шаһарының намысын абыроймен қорғап шығу. Студенттік лига – ұлттық қозғалыс. Жыл сайын сайысқа қатысушылар қатары көбеюде.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ