Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Әлемде әр жылы 7 сәуір күні халықтың денсаулығын жақсарту, салауатты өмір алтын ұстану мақсатында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Денсаулық сақтау күні аталып өтіледі. Аталған мерекелік шараны еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекет көлемінде атап өте бастады. Бұл мерекенің тарихы 1948 жылдың 7 сәуірінен басталады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген дана халқымыз денсаулыққа ерекше мән берген. Себебі, «бірінші байлық – денсаулық». Денсаулық – тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы.

Саран қалалық орталық ауруханасында аталған ұйымның басшысының мұрындық болуымен ауқымды шара өтті. Атаулы күнді мерекелеуде қалалық аурухананың ақ халаттылары ерекше белсенділік танытты.

Таңның атысымен спортқа деген қызығушылығы барлар аурухананың саябағында бас қосты. Жас та, жасамыс та осында. Жиналған қауым дене жаттығуларын жасап, сан түрлі флэшмобтарға қатысты. Сонымен қатар, көңілі қалаған әрбір азамат талдаулар үшін қан тапсырып, қан қысымын өлшеуге мүмкіндік алды. Денсаулық нығайтуға көмектесетін ақпараттық-танымдық материалдармен де танысты.

Бұл күн денсаулықтың маңыздылығы мен ауруды дер кезінде алдын алу қажеттігін еске салады. Әр адам салауатты өмір салты, спорт, дұрыс тамақтану қағидаларын берік ұстанғаны абзал. Сондай-ақ дәрігерге уақытында қаралу, үнемі медициналық тексерістен өту және дәрігер кеңесіне құлақ асқан орынды. «Денсаулық - зор байлық» деген.

Атаулы күн Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күнінде аталып өтіледі. 1948 жылы құрылғаннан бері әлемнің екі жүзге жуық мемлекеті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болып отыр. Бұл күн адамдардың өз өмірлерінде денсаулықтың мәні қаншалықты зор екенін түсініп, бүкіл әлемде адамдар денсаулығын жақсарта түсу мақсатында тиісті шешім қабылдаулары үшін өткізіледі.

ДДҰ сарапшыларының пікірінше, адам денсаулығы денсаулық сақтау жүйесіне небәрі 10% - ға, 20% - қоршаған ортаның жай-күйіне, 20% - генетикалық факторларға, ал өмір салтына-50% - ға тәуелді. Сондықтан қалалық орталық аурухананың мамандары белсенді өмір салтын ұстануды, жаман әдеттерден бас тартуды, еңбек пен тынығудың тепе-теңдігін сақтауды, сондай-ақ стресстік жағдайлардан аулақ болуды ұсынады.

«Бүгін біздің қалалық орталық ауруханада кеңауқымды дене шынықтыру шаралары өтіп жатыр. Аталған іс-шаралардың барлығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне арналып отырған жайы бар. Кеңауқымды көлемде ұйымдастырылып жатқан шаралардың барлығына медицина қызметкерлері, қала тұрғындары студенттер мен қала жастары қатысуда. Ал жалпы Қарағанды облысы бойынша білікті мамандарды, жалпы тәжірибе дәрігерлерін, психолоктар мен әлеуметтік қызметкерлерді тарта отыра ашық есік күндерін өткізу жоспарлануда. Барлық азаматтарды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз», - дейді орталық аурухана директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Аслан Темиров.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр жылды медицинадағы аса көкейкесті мәселелердің біріне арнап отырады.

Жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандарының пікірінше, барлық әлемдегі медицина қоғамының алдына қойылған маңызды проблеманы айқындайтын белгілі тақырыпта өткізіледі.

Сондай-ақ, әр жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық күнінің жыл сайынғы тақырыбы, ұраны таңдалынады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА