Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Біздің күнделікті күйбең тірліктің таразысын туралап отыратын жүрегі жылуға толы адамдар саны аз емес. Олар күнделікті қызметте ерлік жасап жүрседе қарапайымдылығымен ерекше. Тек сондай қарапайым адамдарды қаһарман ететін өжетке толы өзегі мен қайратқа толы қызметі. Олардың бірі-өрт сөндіруші-құтқарушылар. Тыныш тірліктің тынысын қамтамасыз ететін бүгінгінің қаһармандарының  ерлікке толы еңбегі де әркімнің қолынан келе бермейді.

Құтқарушы — қауiптi, өмiрді тәуекелмен байланыстыратын мамандық. Түрлi табиғи және техногендiк апаттардан адамдарды құтқаруға бағытталған, адамгершiлікке толы, игі мамандық

 Қай уақытта болсын, құтқарушы мамандығының мәртебесі биік. Өйткені олар адам өмірін құтқарумен айналысады. Су тасқыны, өрт, апаттар, тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелерде ең біріншіден біз 112 нөмірін теріп, құтқарушылардың көмегін сұраймыз. Қиындыққа қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді. Лаулаған оттың ортасына кіреді, қансыраған адамды құтқарып, қатыгез қыстың аязында қалғандарға қол ұштарын созады. Бұл олардың жасайтын ерліктері. Алайда құтқарушылардың өздері бұл ауыр да абыройлы жұмыстарымен жар салып, мақтандайды.

Ал сіз құтқарушы болғыңыз келе ме? Онда Қазақстан Республикасы ТЖМ М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы сізді құшақ жая қарсы алуға дайын. Бұл турасында Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Сергей Анищенко шаһардағы және Ақтас кентіндегі жалпы білім беретін мектептердің 11 сынып оқушылары мен колледж студенттерімен өткен ақпараттық үгіт-насихат жұмысы барысында мәлімдеді.

Иә, еліміздегі өрт сөндірушілерді даярлайтын жалғыз жоғарғы оқу орны ол - Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы. Аталған оқу орны 1973 жылдан бері төтенше жағдай мамандарын дайындап келеді.

Кездесу барысында Сергей Сергеевич жас талапкерлерге ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға үшін құжаттар қабылдау басталғанын мәлімдеді. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылдан бастап аталған академияға оқуға қыздар да түсе алады екен.

«М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша жоғары білімді, жоғары моральдық және іскерлік қасиеттері бар, Төтенше жағдайлар органдары мен бөлімшелерінде қызмет ету үшін әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайларда міндеттерді шешуге қабілетті білікті офицерлерді даярлауды жүргізетін жалғыз жоғары оқу орны болып табылады.

Азаматтық қорғау академиясына күндізгі оқу нысанына орта білімі бар, он алты жасқа толған, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды Қазақстан Республикасының азаматтары (ұлдар мен қыздар) қабылданады. Академияға қабылдау медициналық, физикалық және психофизиологиялық көрсеткіштер бойынша іріктеу нәтижелерін ескере отырып, ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес конкурс түрінде жүргізіледі», - деді кездесуде Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Сергей Анищенко.

Сонымен қатар, Урал Мемлекеттік өртке қарсы қызмет және Ресей ТЖМ институтының 2022 жылғы түлегі, бүгінгі таңда Саран қаласының төтенше жағдайлар бөлімінде инженер болып қызмет етіп жатқан лейтенант Әлішер Аманбеков құтқарушы боламын деуге ниеті бар оқушылар мен студенттерге ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу талаптарын, қандай профильдік пәндер бойынша экзамендер тапсырып, қанша баллдар жинау керектігін, оқуға түсер кезде дене шынықтыру дайындығы бойынша ұлдар қандай экзамен тапсыратындығын және қыздар қандай экзамендер тапсыратындығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

               Кездесу соңында Сергей Сергеевич: «Академияда курсанттарды оқыту республикалық бюджет қаражат есебінен жүзеге асырылады. Курсанттар барлық оқу кезеңіне тегін киім-кешекпен, тамақпен және мемлекеттік шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ курсанттарға демалыс кезінде жол жүру ақысы төленеді. Оқу мерзімі - 4 жыл. Оқу уақыты мен мерзімі әскери қызмет өткерумен теңестіріледі.

Биылдан бастап азаматтық қорғау академиясына оқуға қыздар да қабылданатын болды. 1-4 курс аралығында қыздар Көкшетау қаласында жатаханадан тыс жерде өз есебінде тұрады. Академияға түсуге ниет білдірушілер тұрғылықты жері бойынша аумақтық Төтенше жағдайлар бөлімінің  кадр саясаты бөлімшелеріне еркін нысанда өтініш береді», - деп атап өтті.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор