Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

2020 жылдан бастап Абай Құнанбаев атындағы саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында Қарағанды облысы мектептерінің оқушылары үшін кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында жыл сайын «Қабілетті және талантты жастар - біздің болашағымыз» атты слетын өткізіліп келеді.

Иә, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі биыл өзінің 100 жылдығын атап өтті. Осы бір ғасыр уақыт ішінде колледж ел ішінде өзінің бай дәстүрімен, маман даярлаудағы жаңашыл бастамаларымен танымал бола алды. Жыл сайын өткізілуі дәстүрге айналған аталмыш жастар слеті осымен төртінші мәрте ұйымдастырылуда.

Ондағы мақсат - қала жастарының шығармашылық әлеуетін анықтау, қолдау және дамыту, оқушылардың негізгі еңбекке – оқуға деген оң көзқарасын қалыптастыру, дарынды және қабілетті оқушыларды анықтау және қолдау үшін жағдай жасау, талантты және дарынды жастардың жетістіктеріне қоғамның назарын аудару, дарынды оқушылардың кәсіби даму траекториясын таңдауға ықпал ету.

Слет қатысушылары Саран қаласы мектептерінің оқушылары болып табылады. Биылғы жылы слет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орайластырылды.

Иә, еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жастардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын стартегиялық мақсаттарды жүзеге асырушысы екені мәлім.

Ендеше ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақтың жан-жақты білімді болып өсуі.

Жастар слетіне шаһарымыздың 6 мектебі қатысты. Ұйымдастырушылары – Саран қаласының білім бөлімі мен Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі. Осымен төртінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан слеттың биылғы жылғы ұраны Хакім Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген қанатты сөздері болды.

Техникалық, шығармашылық-гуманитарлық және спорттық бағыттарды қамтыған слет бағдарламасында қала мектептерінің оқушыларынан құралған командалар «Сәлеметсіз бе! Бұл – біз!», «Қазына іздеу», «Қызығушылықтары бойынша алаңдар» атты үш кезең бойынша сайысты. Әр команда құрамы 12 оқушыдан тұрды.

Бірінші кезеңде «Сәлеметсіз бе! Бұл – біз!» көрсетілім алаңы ұйымдастырылған стендтер көпшілік назарына ұсынылды. Стендтердің негізгі бөлігін әр мектеп туралы қысқаша ақпарат алып жатса, қалған бөліктерінде қатысушылардың фотосуреттері, олар туралы мәліметтер, жеткен жетістіктері, табыстары жөніндегі ақпарат жолдары жайғасты.

Ал екінші кезеңде «Қазына іздеу» атты квест-саяхат ұйымдастырылды. Бұл кезеңде 10-12 адамнан тұратын командаларға бөлінген слеттың барлық қатысушылары волонтердің сүйемелдеуімен маршруттық парақ бойынша қозғала отырып, арнайы тапсырмаларды орындады. Командалаға әр кезең бойынша ұпайлар беріліп, сол ұпайлар олардың жеке жол парағында есептеліп отырды.

Соңғы үшінші кезеңде қатысушылардың қызығушылықтары бойынша спорттық секциялар, ғылыми-практикалық конференция, шеберлік сыныптары, кәсіптік сынамалар, арттерапия сынды шараларды қамтыған алаңдар ұйымдастырылды.

Слет қорытындысы бойынша І орынды Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің командасы жеңіп алса, ІІ орынды № 6 жалпы білім беретін мектептің командасы иеленді, ал ІІІ орын №16 жалпы білім беретін мектептің командасына бұйырды.

Слеттің жабылуында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбол Қарымсақұлы «Құрметті қатысушылар, қонақтар, ұйымдастырушылар шын көңілден сіздерді осындай шараның өтуімен құттықтаймын. Осымен төртінші рет өткізіліп отырған жастар слетінде біздің жастар шынымен де өздерін талантты, креативті, қабілетті екендерін көрсете білді», – деп барлық қатысуға ниет бідірген оқушыларға, мектептерге ризашылығын жеткізді.

Ал жүлделі орындарға іліге алмаған мектептер арнайы номинациялардың иегерлері атанып, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж атынан алғыс хаттармен, сертификаттармен марапатталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген Камила ОСПАНОВА