Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Өткен аптада Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы №22-32-18.454 Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында мамыр мерекелері мен Жеңіс күні қарсаңында жасына қарамастан барлық қазақстандықтардың қатысуымен «Еркін ел ұрпағы» жалпыұлттық диктантын ұйымдастырған болатын.

Жалпыұлттық патриоттық диктанттан Саран шаһары да тыс қалмады. Шараның мақсаты – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін дәріптеу, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білу деңгейлерін анықтау, мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру, диктант мәтіні арқылы ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу.

Диктантқа қатысушылардың жас ерекшеліктері мен тілдік ерекшеліктеріне шектеу қойылған жоқ. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар қауымы мен бақа да еңбек адамдары өз еріктерімен диктантқа атсалысты.

«Жалпы, бүгінгі күнде бұл іс-шара барлық Қазақстан бойынша өткізіліп жатыр. Біздің өңіріміздегі білім саласына қарайтын мекемелерде сағат 11-де басталды. Ал, қазір осы алаңда 91 адам қатысып жатыр», - дейді Саран техникалық колледжінің әдіскері Гүлжазира Жакипова.

Диктанттың көлемі шағын. 141 сөзден тұрады. Мәтін 3 рет оқылды. Бірінші кезекте тыңдаушылар мазмұнымен танысты. Екінші рет оқылғанда жазды, үшіншісінде өз қателерін қарады.

Қатысушылардың арасында оқу орындарын тәмәмдаған, тіпті жауапты саланың жүгін арқалап жүрген жандар да бар. Олар қазақ тілі бойынша өз сауаттылықтарын сынады. Солардың бірі – Гүлнара Шакенова. Диктант жазу әлбетте қиынға соқпапты.

«Аталмыш патриоттық жалпыұлттық диктантқа бөлім басшысымен қатар барлық әріптестеріміз де қатысып, ат салысты. Осындай шараны көп ұйымдастырып отырған дұрыс. Болашағымыз – жастардың тәрбиеленуіне, қазақ тіліміз бен салт-дәстүрдің дәріптелуіне өз септігін тигізеді», - дейді Саран қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы Гүлнара Сағындыққызы.

Жалпыұлттық диктантқа сарандықтардың 30%-ы, яғни 2087 оқушы, 405 студент, 365 ересек адамдар – оның ішінде әкімдіктен 45 адам қатысқан екен.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ