Естеріңізде болса, Қазақстан шахмат федерациясы Астана қаласында өткен шахматтан әлем чемпионатында мектеп командалары арасында алғашқы әлем чемпионатын өткізу туралы бастаманы көтерген-тін. Игі бастаманы Халықаралық Шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович те қолдап, Халықаралық Шахмат федерациясының президенті мен Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жалпы білім беретін мектептер арасындағы алғашқы әлем чемпионатын өткізу туралы шартқа қол қойған болатын.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше үстіміздегі жылдың тамыз айында турнир Қазақстанда өтеді деп жоспарланып отыр. Оған 50 елдің жас шахматшылары қатысады деп күтілуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай чемпионат әлемде алғаш рет өткізілмек.
Ал оған кәнігі спортшы саналатын шахмат клубтары мен үйірмелердің тәрбиеленушілері емес, қарапайым оқушылар, яғни, әуесқой шахматшылар қатысады. Жарыс екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңдегі іріктеу жарыстары чемпионатқа қатысушы елдердің аумағында ұйымдастырылады.
Сол ұлттық біріншіліктерден іріктелген мықтылар екінші кезеңде бақ сынау үшін тамыз айында Қазақстанға келеді. Қазірдің өзінде бұл турнирге әлемнің 50 елінен әуесқойлар келетіні айтылып жүр.
Қазір бүкіл Қазақстан бойынша осы турнирдің финалына қатысу үшін алғашқы іріктеу кезеңдері басталып та кетті.
Өткен аптада мемлекеттік рәміздер күніне орай «Сарыарқа дарыны» Балаларға қосымша білім беру Аймақтық Ғылыми-Практикалық Орталығының ұйымдастыруымен Қарағанды қаласының оқушылар сарайында өкен Қарағанды облысының мектеп командалары арасындағы шахматтан іріктеу кезеңі соның бір айғағы. Іріктеу сайысы «12 жасқа дейінгі» және «18 жасқа дейінгі» екі бөлек жас санаттары арасында ұйымдастырылды. Әр топта облыстың жалпы білім беретін мектептерінің 12 командасы қатысып, чемпионы атағы үшін өз ара бақ сынасты. Аталмыш іріктеу жас шахматшылар додасында Саран қаласының атынан № 17 мектеп-гимназиясы мен № 1 мектеп-лицейінің оқушыларынан құралған екі команда қатысып, «12 жасқа дейінгі» топта № 17 мектеп-гимназиясының командасы, ал «18 жасқа дейінгілер» тобында №1 мектеп-лицейінің командасы қала намысын абыроймен қорғап шықты.
Атап айтқанда, «18 жасқа дейінгі» жас тобында сайысқан № 1 мектеп-лицейінің командасы қарқынды және тартысты болған сайыста турнир көшбасшысының тұрақты ауысуымен 8 ұпай жинады. Нәтижесінде коэффициенттер бойынша № 1 мектеп-лицейінің командасы 5-ші орынға жайғасты. Жүлделі орындарға ілікпесе де, облыстың түкпір-түкпірінен жиналған ең мықтылардың арасында өткен сайыста бесінші орынға жайғасу жаман көрсеткіш емес дегіміз келеді.
Ал мұндай дәрежедегі жарыстарға алғаш рет қатысып отырған № 17 мектеп-гимназиясының шахматшылары «12 жасқа дейінгі» топта керемет нәтиже көрсете алды Турнир барысында № 17 мектеп-гимназиясының командасы бірде-бір турдан сүрінбей өтіп, әр сайыста жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша № 17 мектеп-гимназиясының командасы 5 рет жеңіске жетіп, 2 матчта тең дәрежедегі ойын үлгісін көрсетті. Жас шахматшыларымызды құттықтаймыз!
Осы орайда «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының «Белая ладья» шахмат клубының жетекшісі Николай Герасимов жеңіске жету жолында көрсеткен ерік-жігерлері мен спорттық бәсекелестік танытып, лайықты ойын үлгісін көрсете алған № 1 мектеп-лицейі командасының ойыншылары Карагуц Владислав, Коржов Андрей, Лукьянов Егор, Дядик Кирилл және № 17 мектеп-гимназиясының командасындағы Рылов Константин, Сергеев Вячеслав, Максименко Богдан, Абдрахманова Маржан есімді жас шахматшыларға зор алғысын білдірді.
«Қарағандыда өткен облыстың мектеп командалары арасындағы шахматтан іріктеу кезеңі жалпы қарағандылықтардың осы спорт түріне қатты қызығатынын көрсетті. Біздің шахматшылардың «18 жасқа дейінгі» тобында бесінші орынды иеленуі, ал «12 жасқа дейінгі» тобында 5 рет жеңіске жетіп, 2 матчта тең дәрежедегі ойын үлгісін көрсете алулары Саран қаласында шахматтың жоғары деңгейде дамып келе жатқандығынын бір дәлелі болды. Ал алғаш рет оқушылар арасында өтеді деп жоспарланған алдағы турнир жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, әлемнің әр түкпірінен келетін мықтылармен сайысуына мүмкіндік береді. Бұл жалпы елімізде шахматтың дамуына серпін беріп, шахмат әлемінде жаңа есімдердің шығуына жол ашады», - дейді «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының «Белая ладья» шахмат клубының жетекшісі Николай Герасимов
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ