Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

29 мамырда Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитралы-техникалық колледжінің базасында Саран қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен шаһардағы білім беру мекемелері арасында «Сарбаз» қалалық әскери-патриоттық ойыны өтті.

Ондағы мақсат - әскер жасына дейінгі балаларды азаматтыққа, патриотизмге тәрбиелеу және жастардың Отанға қызмет етуге деген дайындықтарын қалыптастыру болса, іс-шараның негізгі міндеттері - ҚР Қарулы Күштерінің оң имиджін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, ҚР Қарулы Күштерінде қызмет ету үшін қажетті практикалық дағдыларды дамытуды көздеді.

Саран қаласының қорғаныс бөлімінің, Саран қаласының білім бөлімінің, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің, Саран техникалық колледжінің, «Саран қаласының Ауған соғысындағы әуе-десанттық әскерлер бауырластығы» жекеменшік мекемесінің қолдауымен аталмыш әскери-патриоттық ойынды ұымдастырушылардың өкілдері іс-шараның ұйымдастыру комитеті рөлін атқарды. Ұйымдастыру комитеті іс-шара комиссиясын қалыптастыруды, іс-шараны ақпараттық сүйемелдеуді және өткізуді, қорытындылау рәсімін және сертификаттарды тапсыру рәсімін қамтамасыз етті.

Шараның салтанатты ашылу рәсіміне Саран қаласының жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлзият Ханафина, 44803 әскери бөлімінің С-300 дивизиондар тобы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмысы жөніндегі орынбасары, подполковник Нұртай Майлыбаев, «Саран қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігіндегі ауған соғысының ардагерлері Василий Казимир мен Сабыржан Байғазиев, Саран қаласының полиция бөлімінің өкілі Бауыржан Ержанұлы қатысып, жас ұландарға патиоттық тәрбиенің маңыздылығы жайлы аз - кем тоқталып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы әр сарбазды жігерлендіре отырып, айбынды әскер құрғанын атап өтті. Бүгінде біздің Күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі мобильді күшке айналды. Енді біздің міндетіміз – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын дамыту арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, – деп атап өтті жиынды ашқан қалалық жастар ресрурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Гүлзият Келдібекқызы.

Ойынға 14 жастан 17 жасқа дейінгі білім беру мекемелерінің оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Әр білім мекемесінен қатысқан командалардың құрамы 10 адамнан (6 ұл және 2 қыз + 2 қосалқы қатысушы) тұрды.

Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінде бар күш жігерлерін жинап, сынға түсуге келген қаланың барлық мектептері мен колледждерінің жастары өзара кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері өз ұландарын бәйгеге қосу үшін сақадай сай дайындықпен келгендерін бірден аңғартты. Жетекшілерімен бірге келген жас сарбаздар өңкей «сен тұр, мен атайындар». Оқ атудан, уақытқа автоматты толық және жартылай бұзып-жинаудан, граната лақтыру мен медициналық-санитарлық дайындықтан сайысқа түскен ұландарымыз бірінен-бірі асып түсіп, намысқа тырысып жатты. Тіпті күш жігерлерін бойға жинап, намысты қолдан бермеу үшін тер төккен арулар да жігіттерден қалыс қалмады десек артық айпаған боламыз. Шара соңында сайыстың әр түрі бойынша оқ бойы озық көрінген жас ұландар жеңіс тұғырына көтеріліп, лайықты марапаттарын алды.

Нәтижесінде жалпы командалық есепте № 13 жалпы білім беретін мектептің командасы 1-ші орынды жеңіп алса, екінші орынды № 6 жалпы білім беретін мектептің командасы иеленді. Ал жүлделі үшінші орынға Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінің студенттерінен құралған команда табан тіреді. Барлық жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен мүсіншелер беріліп, естелік сыйлықтар табысталды.

 

 

Шапағат Қосшығұлов

Суретті түсірген автор