Мемлекеттік рәміздер - еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Әрбір нышан Қазақстанның ұлты мен шығу тегіне қарамастан, ел азаматтарының еркін біртұтас ұлт екенін көрсетеді.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Ту, Елтаңба және Әнұран сынды ұлттың айшықты таңбаларының қабылдануы – дүниежүзінде Қазақстан дейтін мемлекет бар екендігінің көрінісі.
ҚР Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
ҚР Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
ҚР Мемлекеттік гимні. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді.
Мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы, тәуелсіздігіміздің маңызды белгісі. Сол себепті оны кеңінен қолдану, қадірлеу, оның мән-мамзұнын білу қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жағынан алғанда да өте өзекті. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Мемлекеттік туды өзге елге саяхат жасаған қазақстандықтар өздерімен бірге алып кетеді, әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге Көк Туымызды биікке көтереді. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, қасиетін білу, оны жүрекке тоқу – отансүйгіштіктің белгісі. Бұл азаматтардың патриоттық сезімін нығайтуға ерекше әсер етеді.
Қазақ елі Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен қуатты, Әнұранымен айбатты! Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет болып табылуы тиісті.
Ф. Несипбаева,
Саран қалалық қазынашылық
басқармасы басшысының орынбасары