Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жыл сайын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында еліміздің даму әлеуетіне жан-жақты талдау жасалып, алдағы мақсат-мұраттар айқындалады. Соның бірі де бірегейі – халықты жұмыспен қамту мәселесі. Бұл тұрғыда жұртшылықты жұмыспен қамтамасыз ету деңгейін өсіру, халықтың әл-ауқатының артуына үлес қосу, жұмыссыздықты болдырмау мақсатында «Жұмыспен қамту жол картасы», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасы» сынды жобалардың орны айрықша. Оған мемлекет тарапынан қомақты қаражат қаралған.

Жалпы жұмыссыздар санын азайту – қазіргі қоғамда күн тәртібінен түспейтін басты мәселенің бірі. Осы орайда жер-жерлерде ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Еліміз бойынша оңтайлы бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қызметкерлер жетіспейтін  кей мекемелерде бос орындар жәрмеңкесін өткізу де дәстүрге айналған.

Мамыр айының 30 жұлдызында Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен Саран қаласының жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырған болатын. Іс шара жылдағындай Ленин даңғылындағы ана мен бала аллеясының алдындағы алаңда өтті.

Дәстүрге айналған жәрмеңке жұмыссыздықты жойып, жұмыс іздеген азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір жеңілдік саналады. Халыққа тиімділігін көрсетіп, осы шара арқылы жұмыс іздегендер мен жұмыс берушілер бір жерде түйісіп, түйткіл мәселе шешімін тауып келеді.

Соңғы жылдары қала экономикасында орасан зор өзгерістер орын алуда, атап айтқанда еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі және жұмыспен қамтылған халықтың тұрақты өсуі байқалады.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бос орындар жәрмеңкесін өткізудегі мақсат – жұмыссыз азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға жұмыс берушілерді кеңінен тарту, жастарды осы шараға белсене қатысуға шақыру.

Жәрмеңкеде 20-дан астам жұмыс беруші өздерінің тұрақты және уақытша бос жұмыс орындарын ұсынса керек-ті. РТБ индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындар мен шаһардағы бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері де бар.

Олар жұмыс ұсынып қана қоймай, қызметкерлерге қойылатын кәсіби біліктілік талаптар мен жұмысшыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар туралы да айтып түсіндірді. Тіпті, кейбір мекемелер мамандығы жоқ жұмысшыларды оқытуға мүмкіндіктері барын да айтып жатты. Жұмыс жәрмеңкесіне үміт артып келген жүзден астам жұмыссыздар өздері қалаған кәсіпорындарға әңгімелесуге тіркеліп, түйіндеме толтырып, еңбек етуге деген ықыластарын танытты.

Атап айтқанда, жәрмеңкеге келген қала тұрғындары мен қонақтары бос жұмыс орындарымен танысып, «Kamatyreskz» ЖШС, «QazTehna» ЖШС, «SilkRoadElectronic» ЖШС, Саран қаласының полиция бөлімі, пробация қызметі, прокуратурасына түйіндеме тапсырды.

Жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәлімдеуінше, атамыш жәрмеңкеге барлығы 300-ден астам адам қатысқан екен. Оны ішінде, 28 адам жұмысқа орналасуға жолдама алса, 26 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жіберілген. Ал «Жазғы драйв» жобасына 50-ге жуық студент пен жоғары сынып оқушылары қатысуға ниет білдірген.

«Саран қаласында еңбек нарығын реттеуге бағытталған шаралардың шапағатын көріп жатқандардың қарасы қалың. Бүгінде қала әкімдігінің ұйытқы болуымен тұрақты ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы «екі қолға бір күрек» тауып кеткендер де көп. Шаһарда тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын ұйымдастыру, лайықты еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес, кадр даярлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның бір айғағы осы бүгінгі өтіп жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі», - дейді Саран қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Татьяна Черкасова.

Бұл күні жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген жандар жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен еркін сұхбат құрды. Өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, түйіндемелерін тапсырды.

«Жәрмеңке жақсы ұйымдастырылған, ұйымдастырушылар бұл іске жауапты қарағаны көрініп тұр, жұмыс берушілер де, жастар да көп. Жәрмеңке барлық санаттағы азаматтарға есептелген, жас бойынша шектеу жоқ. Адамдар осы жерде жұмыс таба алады, өйткені бос орындар көп, таңдауға мүмкіндік бар», - дейді жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген қала тұрғыны.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор