Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Өткен аптада Саран қалалық мәдениет үйінің конференц-залында Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Аталмыш комиссия төрағасының орынбасары Нұрхат Хамитовтың төрағалығымен өткен отырыстың күн тәртібінде Кәмелетке толмағандармен орын алатын жазатайым оқиғалар мен балалардың жол – көлік оқиғаларынан болатын жарақаттарының алдын алу туралы мәселе қаралды.

Комиссия мүшелері алқалы жиын барысында балалардың жол көлігі жарақатының алдын алу жөнінде қабылданған шаралар мен кәмелетке толмағандарды жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауға тәрбиелеу, темір жол аумағындағы балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау және қалалық білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарған жұмыстар бойынша Саран қаласының полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Шоқан Козжанов пен Саран қаласы білім бөлімінің бас маманы Светлана Цаплинаның есебін тыңдады.

«2023 жылдың мамыр айында Саран қаласы Полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлерімен «Жазғы демалыс», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Құқықтық тәртіп», «Мектептегі қауіпсіздік», «Қауіпсіз балалық шақ», «Назар аударыңыз балалар», «Қауіпсіз бала» атты 8 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, аталмыш іс-шаралар барысында білім бөлімі, орталық аурухана, педагогтар және де полиция бөлімінің өзге де қызметтері жұмылдырылған басқа да жергілікті жұмыстар жүргізілді. Аталған іс-шаралар барысында қала әкімдігі мен және білім бөлімі бірлесе отырып, барлығы 99 әкімшілік құқық бұзушылықти анықтады, нәтижесінде құқықтық тақырыпта 109 баяндама жасалып, оның 16-сы БАҚ жарияланды», - деді өз сөзінде Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Шоқан Уалиханұлы.

Ал Саран қаласы білім бөлімінің бас маманы Светлана Цаплинаның мәлімдеуінше білім ошақтарында мектеп оқушыларының жол-көлік жарақатының алдын алу, балалардың жол қозғалысына дұрыс қатысу дағдыларын қалыптастыру және жетілдіру мәселелеріне ерекше бақылауға алынған екен.

«Кабинеттердің сынып бұрыштарында жол жүру ережесін оқытатын орын, мектеп фойесінде жол-көлік жарақатының алдын алу бойынша «Біз жол қауіпсіздігі үшін!» атты тақырыптық стендтер орнатылған.

Жыл бойы полиция бөлімі инспекторларының қатысуымен «Назар аударыңыз, бағдаршам!», «Жол қозғалысы ережелері» сынды тақырыптарда сынып сағаттары циклы өткізіліп келеді, сонымен қатар балалар жарақаты, жол-көлік оқиғаларының алдын алу тақырыптарындағы түрлі бейнероликтер көрсетіледі. Бұдан бөлек, жыл бойы Жас жол инспекторларының мектеп жасақтары «Жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс» рейдтерін өткізеді, оның барысында автокөлік жүргізушілеріне, жаяу жүргіншілерге ақпараттық-білім беру материалдары, жол-көлік жарақаттануының алдын алу бойынша үгіт парақшалары таратылады», - деп мәлімдеді Светлана Цаплина өз баяндамасында.

Комиссия төрағасының орынбасары Нұрхат Ысқақұлы күн тәртібінде қаралған мәселелерді қорытындылай келе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті сала басшыларына жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор