Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Жаздың жаймашуақ күні де келіп жетті. Мектеп оқушылары асыға күткен жазғы демалысқа шықты. Бірі ауылдағы туыстары мен ата-әжелеріне баруды ойласа,  кейбірі лагерьлерде тынығуды жөн көреді. Маусым айынан бастап жазғы лагерьлер балаларға есігін айқара ашты. Оның ішінде шаһардағы білім ошақтары жанында жұмыс істейтін орындар бар.

1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнінде Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжінде үш бірдей «Қазына», «Lingua land» және «Шуақ» жазғы лагерлері есіктерін айқара ашты. Маусым айының 22-не дейінгі аралықта бұл лагерлерде бастауыш пен орта буын жастағы балалар мен 8-9 сынып оқушыларынан тұратын 232 бала демалатын болады. Алғашқы екеуі балалардың лингвистикалық қабілеттерін дамытуға арналған лагерьлер болса, соңғы «Шуақ» лагері спорттық бағыттағы лагерь.

Яғни, «Lingvo land» лагерінде балаларға ағылшын тілін үйретсе, «Қазына» лагерьлерінде орыс тілді аудитория балары мемлекеттік тілді меңгермек. Ал «Шуақ» лагерінде балалар спортпен шұғылданып, шымырлықтарын шыңдамақ.Лагерьдің ашылуында сөз алған колледж директорының орынбасары Ернар Махаметчин балаларға сәттілік тілеп, лагерьде көтеріңкі-көңіл күймен демалуларына өз тілектестігін білдірді.

«Қымбатты балалар мен құрметті ата-аналар! Мына халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа тұс келіп отырған жазғы сауықтыру лагерьлерімаусымының салтанатты ашылу рәсіміне қош келіпсіздер. Біздің бүгінгі іс-шарамыз балаларды тек қана жазғы демалыстарын көңілді, сәтті өткізулерімен ғана қоймай, сонымен қоса, мағыналы һәм мазмұнды өтуін мақсат тұтады. Яғни, сіздердің балаларыңыз лингвистикалық бағыттағы «Қазына», «Lingua land» лагерлерінде мемлекеттік тіл мен ағылшын тілдерін меңгеретін болса, спорттық бағыттағы «Шуақ» лагерінде балалар өздерінің физикалық қасиеттерін дамытатын болады. Иә, алғашында бұл лагерь колледж қабырғасынан тілдік бағыттағы лагерьлер болып ашылған болатын. Содан кейінгі жылдары оған осы спорттық бағыттағы лагерьді қосқан жайымыз бар. Сөз соңында айтарым, осы екі апта сіздерді балаларыңыз үшін қызықты әрі мағына, пайдалы сәттерге толы болып өтеді деп ойлаймын. Баршаларыңызға сәттілік тілеймін», - деді жазғы сауықтыру лагерьлерінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ернар Дулатұлы.

Тоғыз ай уақытын мектепте өткізген оқушылар үшін жаз мезгілі ерекше. Олар демалып, жаңа оқу жылына шабытпен келіп, білімін одан әрі жетілдіреді. Балаға жазғы демалыстың берері көп. Келер оқу жылына жақсы дайындықпен келу үшін тыңғылықты тынығу қажет.

Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, қызықты ойындар ойнатылды. Лагерьдің ашылу салтанатына арналған концерт барысында тәрбиешілер балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ