Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Егемендігімізді асқақтайтын, тәуелсіздігімізді күллі әлемге жар етуші мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын білдіретін ерекше құнды белгі болып табылады. Ал, оны құрметтеп, қастерлеу әр қазақстандықтың борышы.Тұғырлы мереке – Рәміздер күніне орай 4 маусымда Саран қаласында арнайы авто-мото шеру өтті.

Мемлекеттігіміздің айшығы саналатын рәміздерге деген құрмет отансүйгіштік пен егеменді елдің ертеңіне деген сенімнен туындайтын ерекше сезім екені анық. Қала әкімдігінің ұйытқы болуымен іске асқан шара сарандықтардың ерекше ықыласына бөленді.

Акцияның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздердің еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі екенін, сондай-ақ халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгі ретінде таныту, жастарға патриоттық тәрбиені қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге құрметтерін арттыру болып табылады.

Автошерудің негізгі атрибуты ҚР мемлекеттік Туы болды. Қалалық ішкі саясат бөлімі мен Саран қаласының жастар ресурстық орталығы бірлесе ұйымдастырған шарада 20 автокөлікке мемлекеттік Ту ілініп, шеруге қатысушылар Саран шаһары мен Ақтас кентінің басты көшелерімен жүріп, тұрғындарға керемет әсерлі көңіл-күй сыйлады.

Бұл күні шаһардың барлық ұйымы мен мекемесінің қызметкерлері, 10 жеңіл автокөлік, 10 мотоцикл, 20 ерікті, 60 ту ұстаған жастар, 20 сарбаз бен кадеттер, 20 бишілер, мектеп оқушылары мен студент жастар, қарапайым тұрғындар «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының алаңының алдына жиналды. Жүргізушілер мерекелік іс-шараның шымылдығын ашып, оқушылар салтанатты түрде Туды ортаға алып шықты. Барлық жиналған қауым бір кісідей мемлекеттік Гимнді орындады. Айта кетерлігі, дәл осы күні мемлекеттік Гимн республика көлемінде сағат 11:00-де бір мезетте орындалды. Осылайша, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты автошерудің шымылдығы түрілсе керек-ті.

Содан кейін «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығының алаңында орналасқан Ту тұғырынан көк байрақпен безендірілген авто-мото шеру бастау алып, керуен Саран қаласы мен Ақтас кентінің басты көшелерімен жүріп өтті.

Достық үйінен аттанған керуен Ақтас кентіндегі мәдени сауық орталығының алаңына барып ат басын тіреді. Ол жерде Ақтас кенті мәдени-сауық орталығы алаңында кішігірім флеш-моб ұйымдастырылып, тұрғындардың қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер туралы не білесіз?» атты айдар өткізілді.

Одан кейін көк туымызды желбіреткен автокөлік легі Саран шаһарына қарай бет алып, «Сұңқар» стадионына барды. Онда олар «Т4» автоклубымен кездесті. Аталмыш автоклуб мүшелерімен бет түйістірген авто-мото шеру керуенінің қатысушылары «KZ» жазуының пішінінде қатар тізбектеді.

Содан кейін олар Жеңіс Стеласына келіп, қатысушылар ұйымдастырған «Мемлекеттік рәміздер туралы не білесіз?» атты айдары осы жерде де жарасымды жалғасын тапты.

Жеңіс Стеласынан әрі қарай аттанған керуен «Мега Мир» дүкені мен «OPTIMA» супермаркетіне барып, ол жерлерде де түрлі викториналар өткізді. Осылайша, мемлекеттік рәміздер күнін ұлықтауға арналған авто-мото шеруі қалалық білім бөлімі орналасқан ғимаратқа ат басын тірегеннен кейін барып, өз мәресіне жетті.

«Бүгін біз айбынымызды асырып, рухымызды аспандатар, қыраны күнді құшқан құдіретті Көк Туымызды, ерлік пен елдіңтің иісі аңқыған қасиетті Елтаңбамызды, қасқайып оң қолымызды жүрек тұсына қойып шырқайтын әуезді Гимнімізді мақтан етеміз. Барша Саран қаласы мен ақтас кенітінің халқын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің Көк байрағы биіктен желбірей берсін», - деді шеруге қатысушы жас сарбаз Лазиз Аласхонов.

Бұл автошерудің құрамында түрлі салада еңбектеніп жүрген ел азаматтары мен қала жастары болды. Автошеру барысында қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, рәміздеріміздің ерекшелігі, құндылығы, тарихы туралы айтылды. Жыл сайын дәстүрлі форматта өткізіліп жүрген автошеруге бірнеше жыл бойы  Саран қаласындағы «Kings of road KZ 09» мотоклубының мүшелері қатысып келе жатқан жайы бар.

«Мемлекеттiк мерекелер мен спорттық жеңiстер секiлдi Отанымыз үшiн маңызды сәттерде рәмiздеріміздің айбыны асқақтайды. Ресми халықаралық шараларда мемлекеттік Гимн шырқалып, көк Туымыз көкке көтерiлгенде әр қазақстандықтың жүрегiн ерекше мақтаныш сезiмi кернейдi. Біз оларды өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, ашықтық, бейбiтсүйгiштiк, еркiндiк пен келiсiм негiзiнде Мемлекет басшысы айқындаған Жаңа Қазақстанды жүзеге асыратын боламыз. Азат елдің символы саналатын рәміздерімізді әрқашанда құрметтеп, қастерлей білу – Отан алдындағы ұрпақтардың борышы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», - деді «Kings of road KZ 09» мотоклубының мүшесі Максим Сахнов.

Сарандықтар акция қатысушыларына барынша қолдау білдірді. Жүздеріне қуаныш пен мақтаныш сезімі ұялаған жерлестеріміз қолдарын былғап, темір тұлпар тізгіндеген азаматтар көліктерін дабылдатып жатса, Рабочая көшесіндегі жаңадан салынған 5 қабатты екі үйдің тұрғындары пәтерлерінің балкондарына көк туымызды іліп, мемлекеттік рәміздерге деген құрметтерін танытып жатты.

Айта кетейік, 1992 жылдың 4 маусым күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойылған болатын. Міне, содан бергі 31 жылда 4 маусым күні – ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн болып есептеліп келеді. Мемлекеттік рәміздер ретінде Ту мен Елтаңба – егемендік және тәуелсіздік идеяларының айнымас белгілеріне, ал, мемлекеттік Гимніміз тұғыры биік мемлекетіміздің жаршысына айналды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ