Бүгін: 24.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қарағанды облысы әкімінің өкіміне сәйкес, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының келісімімен шаһарымызда РТБ аумағында Саран қаласынан шақырылған әскери міндеттілермен аумақтық қорғаныс бойынша 10 күндік оқу-жаттығу әскери жиындары басталды. Әскери оқу-жаттығулары маусым айының 6-сы мен 15-ші жұлдызы аралығында өтетін болады.

Саран қаласының Мәдениет үйінде өткен аумақтық қорғаныс бойынша 10 күндік оқу-жаттығу әскери жиындарының ашылу шарасына облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Әбілханов Қанат Төлегенұлы, Орталық аймағының әскери прокуроры, әділет полковнигі Жұмәділов Данияр Бекдаирұлы, Саран қаласы әкімінің міндетін атқарушы Сүлейменов Алмас Рымқұлұлы, әскерилер, қалалық қорғаныс бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі мен жедел жәрдем бригадасы қатысты.

Бұл жаттығуға әскери міндетті азаматтар қатысып, әскери кезеңді еске алатын болады. Кәсіби әскери нұсқаушылардың жетекшілігімен олар теориялық және практикалық тұрғыда оқытудан қайта өтеді. Әскери борышын өтеп қойған, қазір түрлі қызметте жүрген әскери міндеттілер жиыны он күнге жалғасатын болады. Негізгі мақсат – аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің әскери бірігуі бойынша іс-шаралар өткізу және ұйымдастыру бойынша лауазымды тұлғалардың білімі мен практикалық қабілетін жетілдіру.

Әскери міндеттілермен атыс сабақтары өткізіліп, жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің жаңа тактикалық әдістері мен тәсілдері зерделенуде.

«6 және 15 маусым аралығында Саран қаласынан онкүндікке келген әскери міндеттілер өздерінің шеберліктерін арттырып, даярлықтарын пысықтайтын болады. Жиын жоспарында жауынгерлік іс-қимылдардың тактикасы мен әдістерін зерделеу, маңызды стратегиялық объектілерді күзету және қорғау, саптық даярлық бойынша сабақтар өткізіледі», – деп түсіндірді облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі Қанат Әбілханов.

Жаһандағы геосаяси жағдай сәт сайын құбылып тұрған қазіргі кезде ел қорғанысының бекем болмағы керек. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі шиеленістер мен қақтығыстар Қазақстанның да етек-жеңін жинақы ұстап, түрлі сын-қатерлерге қарсы тұрар қабілетке ие күштерді жасақтауға мәжбүр еткені рас. Солардың қатарына аумақтық қорғаныс әскерлері де кіреді.

Аумақтық қорғаныс – Қазақстан Республикасының халқын, стратегиялық объектілері мен коммуникацияларын теріс пиғылды сыртқы күштердің әрекеттерінен, диверсиялық немесе терроризм актілерінен қорғау, сондай-ақ төтенше немесе әскери жағдай режимдерін енгізу және қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асыратын іс-шаралар жиынтығы.

Әскери жиын кезінде әскери бөлімге дейін және кері қайту жолындағы жүру уақытымен қоса, әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталатынын, республикалық бюджет есебінен орташа жалақы төленетінін айта кету керек.

Аумақтық әскерлер мен жергілікті атқарушы органдар лауазымды адамдарының оқу-жаттығулары мен біліктілігін арттыру курстарын өткізу де қазіргі таңда бір жүйеге түскен. Аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген бұндай әскери міндеттілердің жиыны жыл сайын өткізліп тұрады. Дәстүрге айналған шара биыл да өз жалғасын тауып, әскери міндетті азаматтар оқу-жаттығулары барысында 10 күн бойы әскери кезеңдерін еске алатын болады.

 

 

 

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Суретті түсірген автор